ҚОБЫЗ ҮНІНДЕ ҚҰДІРЕТ БАР
Қобыз – Қорқыттан қалған мұра. Басқа аспаптарға қарағанда қылқобызда ойнау қиын әрі күрделі. Десе де, осы бір қасиетті өнерді Мирамкүл Нұрланқызы меңгеріп алған. Жас қобызшы қазір оқушыларға дәріс беріп, киелі аспаптың қыр-сырын үйретуде.
Қазақ халқы Қорқыт десе қобызды, қобыз десе Қорқыт бабамызды елестетеді. Оның да өзіндік сыры бар. Қорқыттың аты түркі тектес халықтар арасында әртүрлі аңыздар арқылы жақсы танымал. Қазақ аңызы бойынша Қорқыт – әуен, әннің атасы, аңыз – адам, қобыз киесі. Ол қобызын тартқанда, табиғат тына қалып, жер-жаһан, ұшқан құс, жүгiрген аң – барлық тіршілік иесі үн-түнсiз тыңдағандай сезілді. Иә, қобызда ерекше тылсым сыр бар. Адамды тұңғиыққа тартады, жүректі қозғайды. Оның үстіне Қорқыттың күй сарынын орындаған негізгі аспабы – қара қобызы екенін ескерсек, халқымыз үшін ол шын мәнінде қасиетті. Бүгінде киелі қобызды серік етушілер көбейді. Жас өнерпаз Мирамкүл Амангелді – солардың қатарынан.
Қоңыр үннен шабыт алып, оның тарихи мән-маңызын ішкі жан дүниесімен сезіне білетін ол Далдабай ауылының тумасы. Скрипканың атасы саналатын қастерлі аспапқа деген оның қызығушылығы бала күнінде-ақ байқала бастапты. Өйткені, кие қонған әулетте Мирамкүлдің жақындары да өнер адамдары.
Кейіпкермен тілдесу барысында әкесі Нұрлан Нұрбаевтың да өнерден кенде емес екенін білдік. Көмейінен жыр төгілген жырау әкесі кезінде түрлі байқауларға қатысып, облыстық, аудандық деңгейде өнер көрсеткен белгілі жырау-термеші екен. Атадан балаға дарыған киелі өнер Мирамкүлді де айналып өткен жоқ. Ол мектепте жүргенде қатарластарынан озық шығып, өнер сайыстарында бағын сынады. Есейе келе тарихы бай, көненің көзі саналатын аспапта ойнауға қызығушылық танытады. Сөйтіп, ауылдағы №115 негізгі мектепті бітірген соң, Қазанғап атындағы музыка колледжіне оқуға түсті. Талай жұлдыздың шамшырағын жаққан бұл білім ордасын 2015 жылы аяқтап, "Қыл қобыз" мамандығы бойынша білім алып шықты.
– Қасиетті Қорқыт бабамыздың үнін жеткізген киелі аспапта ойнауға қызығушылығым сонау бала күнімде басталды десем болады. Өйткені, әкем домбырашы, жыршы болатын. Содан ол маған домбырадан бөлек, қобызды меңгеруге кеңес берді. Себебі, қазіргі кезде қобызда ойнайтын өнерпаздар аз. Сондықтан, ауыл жастарына осы аспапты үйретуді армандадым. Өткен жылы ауылдық клуб жанынан қобыз үйірмесі ашылды. Онда келген жас өрендерге осы аспаптың қыр-сырын үйретіп келемін. Нәтижесі жаман емес. Оқушыларымның алды түрлі байқауларға қатысып, жүлделі оралды, – дейді жас өнерпаз.
Ауыл жастарын өнерге баулып жүрген ол талай мәрте өнер бәйгесінде топ жарып, аудан абыройын асқақтатып келеді. "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өткізілген "Үздік үйірме жетекшісі – 2019" облыстық байқауында "Халық аспаптары" жанры бойынша үздік қобызшы атанды. Жуырда "Наурыз шапағаты" фестивалінде үздік өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл оның биылғы жеткен жетістіктерінің бір көрінісі ғана. Бұған дейін облыстық, аймақтық деңгейдегі байқауларға қатысып, түрлі номинацияны иеленді. Алдағы уақытта да жас қобызшы Сыр елінің өнері мен мәдениетін дамытуға, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамызды ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек ете беруді мақсат етіп отыр.
– Оқу бітірген соң ауылға келдім. Себебі, ата-анамның қасында болып, ауыл жастарына қобыз тартуды үйреткім келді. Қазір, екі бірдей жұмыс жасаймын. Оның бірі ауылдық клубта болса, екіншісі өзім оқыған №115 негізгі мектепте. Негізі, ауылда талантты, өнерлі жастар көп. Оларға бағыт-бағдар беріп, әрі қарай жетістікке жетуіне жәрдеміміз тисе ол біз үшін үлкен қуаныш, – дейді жас қобызшы.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.