» » » АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН "АЛТЫН-АРАЙ"

АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН "АЛТЫН-АРАЙ"

Шілденің шіліңгір аптабы қайтып, тас төбеден күн құлағанда ауыл көшелерін үлкен көк автобус аралап жүретін. Жайдан-жай жүрмейді, әйдік автобустың төбесіндегі дыбыс ұлғайтқыштан саңқылдап шыққан дауысқа «бестің шайына» енді отырған ауыл халқы елеңдеп қалатын. «Құрметті ауыл тұрғындары! Бүгін кешкі сағат 19:00-де ауылдық клубта аудандық мәдениет үйі жанындағы «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблінің концерті болады. Келіңіздер! Көріңіздер! Асығыңыздар!» деген хабарландырудан аядай ауыл кешке дейін түгел құлақтанып үлгереді. Күндіз мал бағып кетіп немесе бақша басында болып естімей қалғандарына «адамша сөйлейтін» көк автобусты қызықтап, соңынан топтанып қуалап жүрген ауылдың жалаңаяқтары жеткізетін-ді. Бұл – сексенінші жылдар еді...

Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ мәдениеті мен әдебиеті жаңа белеске көтерілді. Осы жылдары біздің ауданымыздың да рухани өмірінде сілкініс болды. Алпысыншы жылдардың соңында, нақтырақ айтсақ, 1969 жылы аудандық мәдениет үйі жанынан «Алтын-Арай» ән-би ансамблі құрылып, аз уақытта оның атағы республика көлемінде әйгілі болды. Ол кезде ауданымызда үлкен рухани орта бар еді. Елінің аманатын арқалап жүрген небір ақындар мен қаламгерлер, сазгерлер мен мәдениет майталмандарының басы қосылғанда, мұхит бетінен аяқ астынан пайда болатын тау толқындар тәрізді қуатты күшке айналатын. Жә, бұл бөлек әңгіме!.. Сонымен аталған ансамбль сол құрылған жылы-ақ, көркемөнерпаздар ұжымдарының облыстық байқауында І орынды жеңіп алады. Одан соң да араға екі жылдан салып, 1972, 1974, 1976, 1978 жылдары облыстық байқаулардың жүлдесіне ешкімді таластырмады. Сөз жоқ, бұл сол кездегі ансамбль құрамындағы өнерпаздардың біліктілігін, нағыз өз саласының майталмандары екенін көрсетеді. «Алтын-Арай» 1976 жылы Алматы қаласына 2 рет өнер сапарымен барып, астана жұртшылығына 10 рет концерттік бағдарламасын ұсынған. Ансамблдің бағдарламалық қоржынындағы халық әндерімен бірге сол жылдардағы қазақ композиторларының танымал әндері ару қаланың аспанында апта бойы қалықтап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырады. Алматы – қазақ руханиятының алтын ордасы. Демек, кез-келген өнерпаз бұл қаланың жергілікті халқын өнерімен тамсандыра алмайды. Ал, осы сапарында «Алтын-Арайға» қазақ өнерінің белгілі тұлғалары оң баға береді. Тіпті атақты композитор Әбілахат Еспаев ансамблдың жеке орындауындағы музыкалық сүйемелдеушісі Темір Жүсіповтың талантына тәнті болады. Сонымен бірге, «Алтын-Арай» Қазақ телевизиясына 3 рет, «Қазақ радиосына» 2 рет арнайы музыкалық бағдарлама әзірлеп, эфирге шығып, танымалдығы артады. 1981 жылы Мәскеуде өткен «Отанымды жырлаймын» атты Бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауына қатысқанда ансамблдің әбден кемеліне келіп, толысқан шағы болатын. Осы сапарда Жұмабек Аққұлов, Рәш Отызбаева, Сәуімбай Шегебаев, Кегай Галина сынды ансамблдің белді мүшелері Бүкілодақтық халық шығармашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалімен марапатталса, 22 өнерпаз ескерткіш медальді кеуделеріне тағып қайтты. Сонымен бірге аталған өнер ұжымы еліміздің бірнеше облыстарын аралап, концерт берді. «Алтын-Арайдың» шығармашылық тұрғыдан қалыптасып, аяғынан тұрып кетуіне елімізге белгілі өнер өкілдерінің де көп үлесі болды. Атап айтсақ, Қазақстанның халық әртісі, композитор Әсет Бейсеуов, ақын-сатирик Оспанхан Әубәкіров, Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, балетмейстер Равил Сүлейменов, Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаев, «Дос-Мұқасан» ансамблінің жетекшісі Досым Сүлеев, әнші Мұрат Құсайынов, балетмейстрлер Камил Ериншин мен Фариза Жолымбетовлар өнер ұжымымен ұдайы шығармашылық байланыс жасап, көп еңбектенді.
Ансамблде әр жылдары өнер көрсеткен Елена Әбдіхалықова Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, режиссер-сценарист Тынымбай Мәдиев, әнші-термеші Жұмабек Аққұлов, балетмейстр Төребек Бақтыбаев, биші Роза Боранбаевалар бүгінде Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанды. Осы жерден сәл шегініс жасап, ансамблдің атауының тарихына тоқтала кетуді жөн көрдік. Өнер ұжымының жетпісінші жылдардағы жетекшісі Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Тынымбай Мәдиев ол жылдарды былай деп еске алады:
– «Алтын-Арай» ансамблінің құрылуы ауданымыздың рухани өміріне елеулі өзгеріс әкелді. Мен ол кезде мектеп жасындағы жоғары сынып оқушысымын. Белгілі жыршы-термеші Сәрсенов Бәйділда ағамыз аудандық мәдениет бөлімін басқарады. Аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы – Сермаханова Нәзтай апамыз. Сол жылдары аудандық әуез балалар мектебінде Қадиша Әлмаханова деген мұғалім болды. Міне, «Алтын-Арай» осы кісінің бастамасымен құрылды. Көптеген шәкірттің сана саңылауына сиқырлы саздың сәулесін түсірген тәжірибелі ұстаз ауданда өнерпаз жастардың көп екенін, сол жастардың басын құрап, іргелі өнер ұжымын ұйымдастырса, ауданның мәдени өмірінде үлкен өзгеріс болатынын және ол өз кезегінде қоғамдық сананың, халықтың моральдық-эстетикалық талғамының қалыптасуына да оң әсерін тигізетінін Нәзтай Сермахановаға жеткізеді. Расында, кеңестік дәуірдегі идеологияны қалыптастыру міндеті ол кезде мәдениет пен өнер саласының өкілдеріне жүктелетін еді. Сонымен не керек, сол жылы ауданымызда «Алтын-Арай» ән-би ансамблі құрылады. Ол кезде басқа аудандарда мұндай үлкен өнер ұжымы жоқ еді. Облыс көлемінде «Сыр Сұлуы» ән-би ансамблінен кейін құрылған осы – «Алтын-Арай». Ансамблдің алғашқы құрамында Ақназар Бектасов, Садық Оспанов, Цой Иосиф, Әбутәліп, Раушанбек Салмановтар, Қазақбай Мәжитов, Бақыт Айлауова, Тынымкүл, Шырынкүл Қанзадаевалар, Төлеш Жүсіпов, Әлиакпар Өткелбаев, Халық Сабытов, Төлеген Тасбергенов, Темір Жүсіпов, Бектас Жапақов, Кеңес Серәлиев, Төлеш Жүсіпов, Төлепберген Тасқараев, Мария Монтина, Оразкүл Тасбергенова, Зайцева, Чернова сондай-ақ, ансамблдің екінші буыны Жұма Данилов, Жұмабек Аққұлов, Қали Ыбыраев, Әбдімәлік Сыздықов, Рәш Отызбаева, Құдайберген Бекіш, Анатолий Дойнов, Сәуімбай Шегебаев, Фарида Глазова, Кегай Галина, Цой Николай, Евгений Ким, Анатолий Крутов, Тойған Қалжекенова және тағы да басқа талантты өнерпаздар өнер көрсетті. Сондай-ақ, Зордан Салықбаев, Жақсыбай Сарбалаев, Мәлік Аяпов секілді ақындар да ансамблдің шығармашылық құрамында болды. Сонымен бірге сол тұста әрі жылдары аудандық мәдениет бөліміне басшылық жасаған Бәйділда Сәрсенов, Комбуз Бердәулетов, Мұхамедияр Әбжановтардың еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз. Сонау Алматыдан композитор Әсет Бейсеуов, сатирик, сценарист Оспанхан Әубәкіров және балетмейстр Равил Сүлейменов келіп, ансамблдің алғашқы құрамын жасақтады. Жаңа әндер мен сценарилер жазылды. Ауданда бір аптадай болып, ансамблдің шығармашылық жұмысын бір жүйеге түсірген соң жаңадан құрылған өнер ұжымы Мәдениет ауылына алғашқы концерттерін береді. Көптен бері өнерге шөлдеп қалған ауыл халқының ыстық ықыласы мен қол қошеметіне бөленген өнерпаздар дуылдап түн ауа аудан орталығына қайтады. Көңілді топ жолай Сырдария өзенінің көпіріне аялдайды. Ондағы мақсат: ақбас Алатаудан келген меймандардың көздерін Сыр ананың баяу ағысына бір суарып, шығармашылық шабытын оятып алмақшы болады. Кілең аузы дуалы, сөзі уәлі өнер өкілдерінің ортасында уақыт дегеніңнің қалай өткені білінбейді емес пе, жаздың қысқа таңы да қылаң береді. Өзен жағасында тұрған топ бұл кезде тәй-тәй басқан өнер ұжымының қадамына тілектерін айтып тұрады. Кенет, Әсет Бейсеуов қолымен шығыс жақты нұсқап:
– Оу, жігіттер, қыздар, мен ансамблдің атын таптым! Ансамблдің аты «Алтын-Арай» болады, - дейді. Шынында, дәл осы кезде шығыс жақ алтын түстес шұғылаға боялып, таң рауандап келе жатады. Көңілді топ композиторды қоштап, ду ете қалады...
Міне, ансамблдің «Алтын-Арай» аталуының тарихы осындай! - дейді Тынымбай Мәдиев. Осы орайда Тынымбай ағамыз ансамблдің байырғы мүшелерінің есімдері ел есінен шыға бастағанына қынжылады.
Үш жылдан соң «Алтын-Арай» ән-би ансамблін заман талабына, көрерменнің талғамына қарай эстрадалық бағытта да жетілдіру қажеттілігі туындап, сол кездегі аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің жетекшісі Досым Сүлеев пен әнші Мұрат Құсайынов арнайы Жалағашқа келді. Осыдан соң «Алтын-Арайдың» құрамы тағы да бірнеше талантты өнерпаздармен толығады. Осы сапарында Досым Сүлеев жергілікті ақын Мәлік Аяповтың «Жалағашым» деген өлеңіне ән жазып, бұл кейін ансамблдің әнұранына айналады. Айта кетуіміз керек, ансамблдің барлық шығармашылық жұмыстарының басы-қасында ұзақ жылдар аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болған Ағыбаев Тоқшылық ағамыз жүрді. Өнер ұжымы Ұлы Жеңістің 40 жылдығы мерекесіне орай Алматы қаласында өткен «Отты жылдар әуендері» атты телефестивалда жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Айтпақшы, осы өнер сапарында оқыс оқиға болады. Ансамблдің мүшелері отырған вагон жолда өртеніп, аспаптар мен сахналық киімдер түгелдей жанып кетеді. Осылай бола тұрса да, ансамблдегі қыз-жігіттер еш қобалжымай жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленеді. 1976 жылы «Алтын-Арай» ән-би ансамблінің құрамына тағы бір талант қосылды. Ол – Тынымбай Мәдиев еді. Бұл кезде Тынымбай Мәдиев Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры студиясын бітіріп, актерлік мамандық алып шығады. КСРО Халық әртісі, халық қаһарманы Әзербайжан Мәмбетов, Латвия ССР-нің еңбек сіңірген қайраткері Алексей Иванович Лакшынның актерлік шеберханасында дәріс алып, режиссерлік қабілетін де шыңдайды. Алған кәсіби білімімен, бойдағы таланты, жиған тәжірибесімен аудандық мәдениет үйіне көркемдік жетекші болып орналасады. 1976 жылы «Алтын-Арай» ән-би ансамблі «Халықтық» атағын қорғауы керек болып, Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаев пен Камил Ериншин Жалағашқа келеді. Бірнеше аптаға созылған дайындық жұмыстарынан соң ансамбль алпыс адамымен Алматыға аттанады. Бұл жақта Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің (ВДНХ) және Горький атындағы саябақтың сахнасында өнер көрсетіп, «Халық ансамблі» атағын қорғайды. Айтпақшы, осы өнер сапарында оқыс оқиға орын алады. Осы жылы «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблінің жетекшісі болып Тынымбай Мәдиев, музыкалық жетекшісі болып Жұма Данилов, ал, балетмейстр болып Төребек Бақтыбаев бекітіледі. Бұл жігіттер де өнердің өз өкілдері, мәдениет саласының нағыз жанкешті жауынгерлері болды. Осы құраммен ансамбль көптеген шығармашылық жетістіктерге жетті...


«Алтын-Арайдың» бүгінгі құрамының дені жастар. Екі мыңыншы жыл – «Мәдениетті қолдау жылы» болып жарияланды. Міне, осы жылы «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблі облыс орталығында есепті концертін берді. Осы сапарда ансамбль мүшесі Тынымбай Мәдиев Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. 2000-2001 жылдары ансамбль «Ән-жырымыз – туған жер» атты әдеби-музыкалық композиция дайындап, көршілес Сырдария, Қармақшы аудандарын аралады. Сондай-ақ, Жамбыл облысының Құлан ауылында болып, «Сыр елі Сіздермен бірге» атты концертін қойды. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында классикалық және ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін ансамблдің балетмейстері Роза Боранбаева облыс әкімі орынбасарының «Алғыс хатына» ие болды.
– «Алтын-Арай» халық ән-би ансамбліне келер жылы тура елу жыл толады. Осы жарты ғасыр уақыт ішінде өнер ұжымы көптеген жетістіктерге қол жеткізді және осы уақыттар ішінде ансамбль құрамы үш буын өкілдерін ауыстырды. Олар әр кезеңде аудан тіпті облыс руханиятының қалыптасуына көп еңбек сіңірді. «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблінің қазіргі құрамы біршама өнерлі жастармен толықты. Талантты жас өнерпаз Руслан Бурабай жетекшілік ететін «Жігер» этно ансамблі және «Атамұра» ұлт-аспаптар ансамблі жұмыс жасайды. «Алтын-Арайдың» бүгінгі құрамын сөз еткенде бишілердің жетістігін айналып өтуге болмайды. Ансамблдің балетмейстері Үміт Айтқұлова жетекшілік ететін бишілер тобы жыл сайын өткізілетін халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығына және басқа да облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жоғары дәрежелі орындарға ие болып жүр. Жарты ғасырлық тарихы бар бұл өнер ұжымында қаншама аға-апаларымыздың қолтаңбасы бар. Ендеше, біз елу жыл бойы өнер сүйер жұртшылыққа руханият шұғыласын шашып келген «Алтын-Арайдың» абыройына жұмыс жасай береміз, – дейді ансамблдің қазіргі жетекшісі Айгерім Садықова.
...Төбесіндегі дыбыс ұлғайтқышынан кешке концерт болатынын хабарлап жүретін сол көк автобусты бүгінде ауыл халқы сағынды. Ауылдағы аға буын ұрпақтың өкілдері көкжиектен әйдік көлік шаң берсе, күн салып қарап, асыға күтіп отырады...

Қуат АДИС.

06 ақпан 2018 ж. 1 667 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930