» » » ТҰЛА БОЙЫ ТҰНЫП ТҰРҒАН ТЕКТІЛІК

ТҰЛА БОЙЫ ТҰНЫП ТҰРҒАН ТЕКТІЛІК


Елге белгілі қаламгер Ахат Жанаевтың есімі айтыла қалса қатпар-қатпар тарихи кітаптар көз алдыма келеді. Өйтпегенде ше?! Ол аңыз бен ақиқатқа негізделген талай тарихи туындыларды қағазға түсіріп, ауданның шежіресін жасақтауға зор үлес қосты. Жақында Ахат ағамызбен әңгімелесудің сәті түсті.

Алаштың анасы – Сыр елінде от тілді, орақ ауызды қаламгерлер қатары баршылық. Әсіресе радионың дәуірлеп тұрған шағында жағымды үні, дара дауысымен тыңдарманын баурап, естіген жұртты елең еткізбей қоймайтын аға буын өкілдерінің орны дараланып тұрады. Олар жасаған әр хабар, олардың аузынан шыққан әр жаңалық жағымды үн мен дара дауыстың арқасында тыңдарманның жүрегіне жол тартқан. Сондай ерекше дауыс иесі, өзінің жағымды үнімен талай қазақтың жүрегінен орын алған талантты тұлға, Қазақстанның «Құрметті журалисті», ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сырдария және Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы», облыс әкімінің 2008 жылғы стипендианты, тыл және еңбек ардагері, дербес зейнеткер Ахат Жанаевтың есімі қазақ журналистикасында, оның ішінде қазақ радиосының тарихында алтын әріптермен жазулы.
“Қазақ радиосының үздігі”, шежіресі, қаламгер, төртінші биліктің тарланы Ахат ақсақал биыл 85 жасқа толды. Ол 1934 жылы 24 маусымда дүниеге келген. Әкесі Әбжаппар Жанаев 1937 жылы ірі өндіріс орнын басқарып тұрған кезінде “Халық жауы” деген жаламен тұтқындалып, “Волголаг” лагеріндегі адам айтқысыз азабынан небары 39 жасында қайтыс болса, анасы Айткүл Кәрібайқызы да қуғын-сүргін салдарынан 40 жасқа жетпей өмірден өтеді. Әкесі қамауға алынған кезде Ахат ақсақал 3 жаста екен. Оның балдәурен балалық шағы 1941-1945 жылдардағы соғыс өртіне тұстас келіп, өмірдің тауқыметін тартып өсті. Ата-анасынан ерте айырылған ол нағашы әжесінің тәрбиесінде болып, 1942 жылы Жалағашқа қарасты «Тобыр» қыстағындағы 7 жылдық мектепте 1 сыныпқа қабылданды. Кейін аудан орталығындағы мектепке ауысып, бар күшін, ынта-ықыласын оқуға салды, өзге оқушыларға үлгі болды. Осылайша әке атына сөз келтірмеуді басты мақсат тұтты.
Әдеби шығармаларға жастайынан әуес болған. Бесінші сыныпта оқып жүрген кезінде республикалық «Қазақстан пионері» газетіне алғашқы шағын мақаласын жолдады. Мектептің, кейіннен Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының қабырға газеттерінің белсенді авторларының бірі атанды.

Ауыл баласының өмірін студенттік кезең, шадыман шақ күрт өзгертіп жіберді. Студенттер арасында әдебиетке қызығушылық белең алды. Жиі-жиі басқосулар өткізіп, ондай кештерде белгілі ақындардың өлеңдерін оқу дәстүрге айналды.
Сол жылдары осы педагогикалық институтта Сағи Жиенбаев, Қанапия Дәрібаев, Ахаттың ағасы – Нұрхан Жанаев, тағы да басқа өлеңге, әдебиетке жаны құмар жастар оқыпты. Олардың көбі кейін елімізге, тіпті бұрынғы Кеңес Одағына белгілі ақын, жазушы болды. Айталық, Сағи Жиенбаев 30-дан астам жыр жинақтарын шығарды. «Жазушы» баспасында өмір бойы поэзия редакциясын басқарды. Қанапия Дәрібаев та өлеңдері мен дастандары елге белгілі ақын, артына ондаған құнды жыр жинақтарын қалдырды. Нұрхан Жанаев болса, жасөспірімге оншақты кітап жазып, балалар ақыны атанды.
Бірінші курстың студенттері танымал ақын-жазушылар Қуаныш Баймағамбетов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбдікәрім Оңалбаев, Саит Баязитов, тағы басқалармен жиі кездесіп жүрді. Институтты бітіргеннен соң Ахат Жанаев Тереңөзек кентіндегі Калинин атындағы орта мектепке мұғалім болып орналасты. Ұстаздық мамандығымен қатар жазу-сызуын да тастамады. Оның очерктері, суреттеме-әңгімелері облыстық, аудандық газеттердің беттерін бермей жатты.
Бірде облыстық партия комитетінің хатшысы Дәуірхан Айдаров обкомға Ахатты шақырып алып, облыстық радиоға қызметке қабылдайтынын айтты. Жас жігіттің жүрексінгеніне қарамастан, «Сенің қолыңнан бұл жұмыс келеді. Керек болса, журналистік мамандыққа оқытып аламыз» деді. Бұл 1961 жыл болатын-ды. Облыстық партия комитеті араға бір жарым жыл уақыт салып Ахатты Алматыға Жоғары партия мектебінің радио және телевизия бөліміне оқуға жіберді.
Міне, Ахат ақсақалдың журналистік жолы осылай жалғастын тапты. Жоғары партия мектебінің тыңдаушылары әдетте тек қана сабақпен, яғни теориямен шектелмейді. Олар үздіксіз Қазақ радиосы мен теледидарында тәжірибеден өтіп жүреді. Әр жаңалыққа арнап сюжет түсіріп, бағдарлама жасауға қатысып, көлемді хабарлар дайындайды. Мұндай жұмыстар олар үшін үлкен мектеп еді.
Бұдан кейін А.Жанаев бірнеше жыл Қызылорда облыстық радиосында редакторлық қызмет атқарды. Сосын Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметіне бекітілді. Қалыптасқан тәртіп бойынша бұл қызметке әдетте жарты жыл немесе үш ай тәжірибеден өткен қызметкер ғана қабылданатын-ды. Ал Ахаттың партия мектебінде оқып жүргенде өткен тәжірибесі есепке алынды.
– 1961 жылы облыстық радиоға редактор болып орналастым. Радио тілшісі болу деген оңай қызмет емес. Салмағы пәлен келі репортерді иығымызға іліп алып, жаяу-жалпы кетеміз. Жалпы журналистика қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық қой. Бұл мамандыққа кез келген адам шыдас бермейді. Ал мен осы мамандықты шын жүрегіммен қаладым, сондықтан оның қиындығына төтеп бердім. Радио журналист деген газет тілшісінен қарағанда әлдеқайда күрделі. Өйткені сен музыкамен, техникамен жұмыс істейсің. Әрі тілші, әрі операторсың және режиссер де өзің. Радиода осының бәрін білу керексің. Радио цифрды жақтырмайды. Газетті оқып отырсаң толған цифр. Радиода салыстырмалы жағдайда, яғни былтырғыны осы уақытпен салыстырғанда екі есе, немесе үш есе, немесе пәлен пайызға өсті немесе кеміді деген сияқты жазасың. Хабар сезімге құрылып, жылы жазылу керек. Журналистік сала уақытпен санаспайтын жұмыс. Сосын адамның жүрегіне жол таба білу керек. Кез келген адамға микрафон апарсаң ол сасып қалады да сөз шықпайды одан. Әуелі кейіпкердің жүрегінен орын тауып, жылы сөйлесу керек. Дала академигі атанған ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев сөздің емес, істің адамы еді. Ол кісі маған «Айтатын сөзімді білесің ғой, жаза бер» дейтін. Сол Ыбырай Жақаевты кәдімгі шешен еттік қой. Сол сияқты адамның жүрегінен кілт таба білу керек, аша білу керек. Жоғарғы партия мектебін «Радио» бөлімінен бітірдім. Практиканы Мәскеуден өттік. Бір көруге зар болатын аты аңызға айналған кісілерден бата алдық, дәріс алдық, лекциясын тыңдадық, – дейді қаламгер.
Мәскеудің Пятницская көшесіндегі 12 қабатты еңселі ғимарат, сыртынан қараған адамға алып кемені елестетеді. Осында оларға кеңес радиосының корифеилері, өз істерінің шеберлері И.Андронников, К.Ретинский, Ю.Арди, М.Трегубов дәріс оқыды. Жас радиожурналистер бір ай бойы диктор шеберлігі жөнінде сабақ алды. Сабақты бүкіл кеңес халқының сүйіктісі Юрий Левитанның өзі жүргізді. Ол әрбір тағылым алушымен сабақты жеке өткізді. Бағдарламаны тартымды жүргізуге, дауыс ырғағын, сөз екпінін қалай пайдалану керектігіне жан-тәнін салып баулыды, үйретті.
Осындай тәжірибеден өтіп жүрген қым-қуыт сәттің бірінде Юрий Борисович Левитан Ахат әкеміздің арқасынан қағып: «Сенің даусың нағыз радионың даусы. Құлаққа жағымды қазақы қоңыр үн. Енді оны әрлеу керек, дамыту керек. Мен қоңыр үнді, қоңыр бейнені жақсы көремін. Бұлар тек қазаққа ғана тән дауыс пен дидар» дейді. Мамандығын енді бастаған радиожурналист үшін бұдан үлкен баға да, мәртебе де болмас, сірә. Ахат әкеміз әлі күнге Левитанның берген осы бағасын мақтанышпен есіне алып жүреді.

***
1971 жылы Мәскеуде КПСС ХХІІІ съезі өтеді. Шетелден келген қонақтардың арасында Монғолияның жетекшісі Юмжагийн Цеденбал да болды. Қазақ радиосының жас журналисі А.Жанаевқа одан сұхбат алуға тура келеді. Бірақ Съездер сарайын қоршап алған Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жасағынан өту оңайға түспейді. Республикалық радионың арнаулы тілшісі деген куәлігіне пысқырмады да. Тек бірнеше қайтара жүргізілген әңгімелерден кейін ғана ішке ену мүмкіндігі туды.
Ю.Цеденбалмен сұхбат ұзаққа бармапты. Ахаттың бүкіл журналистік тәжірибесіндегі ең қысқа сұхбат сол болыпты. «Қазақстан туралы қандай ойдасыз?» деген сұрағына ол сұқ саусағын жоғары көтеріп: «Өте керемет!» деп жауап беріпті.
Сұхбат демекші, Герман Титовтан Арал мәселесіне байланысты ғылы­ми-тәжірибелік конференцияға кел­ген монғолдың тұңғыш ғарышкері Ж.Гуррагчиден сұхбат алудың сәті түскен. Сұхбаттасқандарының арасында Р.Бағланова, С.Қожамқұлов, С.Майқанова, Ш.Айтматов және тағы басқалары да бар.
Ахат Жанаев сұхбаттасқан есімдерді, елге танымал азаматтарды айтып тауысу әсте мүмкін емес. Десе де, жазбалары алтын қорда сақтаулы тұрған бірлі-жарым азаматтар есімін атап, ұрпақтарға ұлағат еткеніміз жөн болар. Сыр сүлейлері, көне мұраның көмбелері Рахмет Мәзқожаев, Нұғыман Молыбаев, Қуаныш Баймағанбетов, Сүйінбай Ақбаев, Мырзағали Ақжолов, Ақмырза Тұяқбаев, Әбілда Жөргенбаев, Көшеней Рүстембеков, Шәмшат Төлепова, Қуандық Бүркітбаев, Алмас Алматов, Әбілаш Әбуов, Әлмырза Ноғайбаев, Манап Көкенов, Бексұлтан Байкенжеев тағы басқалар. Бұлардың жазбалары Қазақстан және облыстық радионың алтын қорында ғана емес, көнекөз тыңдармандардың жүрегінде мәңгілікке жазылып қалған. Айтқандай, Ахат ақсақал кезінде космонавт Г.Титов, монғол космонавты Туррагча мен басшысы Цеденбал, қазақтың біртуар тұлғалары Шахмардан Есенов, Сәбира Майқанова, Ыбырай Жақаевтармен дидарласып, емен-жарқын әңгімелескенін біреулер білсе, біреулер білмес.
Сыр еліндегі Социалистік Еңбек Ерлері Ы.Жақаев, Ц.Хак, Ш.Қазанбаева, Ұ.Алтайбаева, С.Жұмабекова, А.Халықов, Ұ.Еспанов, Ж.Таспамбетова, Кеңес одағы­ның батырлары Ж.Қизатов, Т.Көмекбаев, еңбек ардагерлері С.Ұсабаев, М.Шәменов, Г.Қуандықова, Ж.Балбыров жайлы дайын­даған хабарларын бүкіл елге таратты.

***
Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін елімізге жан-жақтан, атап айтар болсақ, Ираннан, Ауғанстаннан, Түркиядан қандастар келе бастады. Сол шетелдерден келген қазақтар А.Жанаевты көргенде даусынан бірден таныған екен. Ахат ақсақал үшін бұл күтпеген тосын да қуанышты жағдай еді. Шетелдердегі қазақ диаспорасының өкілдері радиодан берілген хабарлармен қатар, күй-термелерді, ән-жырларды жібермей тыңдайтын көрінеді. Оларды көбіне Ахат Жанаев жүргізетін.
Ахат әкеміздің радиодағы айтпай кетпеуге болмайтын бір маңызды жұмысы бар. Ол талай тағдырды табыстырды. Түрлі себеппен бір-бірінен ажырап қалған адамдар туралы берілетін хабары ерекше есте сақталады. Осындай хабарлардың нәтижесінде, хабарсыз кеткен жандар араға бірнеше жыл салып бірін-бірі тауып жатты. Мысалы, А.Жанаев дайындаған хабардан кейін Шаған ауылынан майданға аттанып Брест қамалын қорғаған Ұлы Отан соғысына қатысушы Ж.Бекбановтың хабары табылды. Ол туралы алғашқы деректі Ахат аға «Правда» газетінде жарияланған мерт болған солдаттар бойтұмарындағы (медальонындағы) мәліметтерден оқыған.
Жалағаштағы Мәдениет аулының тумасы Е.Сатовтың да дерегі шықты. Ол Германия аймағында соғысып, Одерге дейін барған. Үйіне үзбей хат жазып тұрған. Одерден кейін хат келуін тоқтатқан. Белгілі болғандай, ауыр шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Мерт боларының алдында оны «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынған екен. Бірақ марапатты алып үлгермеген.
1991 жылы «Ветеран» газетінде басылған марапаттарын алып үлгермей қайтыс болған жауынгерлердің тізімінен А.Жанаев жауынгер Е.Сатовтың аты-жөнін көреді. Сол күні облыстық радионың кешкі хабарында бұл дерек тыңдарманға жария болады. Келесі күні Жалағаштан батырдың балалары келеді. Бір айдың ішінде орден Ернияздың ұлы Кеңестің қолына табыс етіледі.
Әңгіме барысында Ахат Жанаев: «Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Аққыр совхозы жерінен Тазнұра, Бекейден байқоңырлық әскерилер тұщы су (жерасты) құбырын тартып, Қызылқұм малшыларын қиындыққа соқтырған-ды. Осы ауылдан репортаждар сериясын эфирге шығарып, Мәскеудің Қорғаныс Министрлігіне дейін жеткіздім. Ақыры экологиялық апат тоқтады. Бұл сол кезең үшін көзсіз ерлік еді. Репортажда ардагер дәрігер, ол кезде Аққырда учаскелік аурухананың меңгерушісі болған Ханзулла Каметовпен бірге, осы хабарларда совхоз директоры Тынарбай Төлегенов, көптеген шопандар ашына сөйледі. Ақыры бәрі сәтті аяқталды. Жалпы Жалағаш ауданы күріш өндірудің алып фабрикасы болғандықтан мен бұл ауданды өте көп насихаттадым», – деп Ахат ақсақал одан әрі Қорқыт күйін зерттеудегі еңбегін айтты.
Иә, радиожурналист Ахат Жанаев – Қорқыт күйлерін қайта жаңғыртуда халыққа жақсы танымал адам. 1975 жылы қарт қобызшы Смайыл Шәменұлынан (соқыр Нышан) жазып алған Қорқыт атаның 12 күйін үнтаспаға түсіріп, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына табыс еткен. Осылайша А.Жанаев арадан 10 ғасыр уақыт өткенде ұлы сазгер Қорқыт бабаны қайта «тірілтіп», күллі түркі әлеміне қайта қауыштырды. Бұл зерттеу жұмыстарына ол 15 жылдай уақытын жұмсап, әлемдік деңгейдегі зор еңбекті аяғына дейін жеткізді. Соның нәтижесінде Қорқыт күйлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес тізіміне еніп, қазақтың бай мұрасы күллі әлемге танылды.
А.Жанаевтың «Қайталанбас дауыс­тар», «Мирас» деген атаулармен осы күні шығарылып жатқан музыкалық анталогияларға 40-50 жыл бойы жинастырған үнтаспалары, дауыстары енгізіліпті. Көп дүниесі Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Сонымен бірге ардагер журналист Қызылорда қалалық мұражайына біраз жәдігер табыстапты. Олардың ішінде өзі пайдаланған жазу машинкасы да бар. Бұл машинканы кезінде Ахат Жанаевқа қазақтың классик ақыны Әбділда Тәжібаев сыйлаған екен. Сонымен қатар мұражайға өзі ұзақ жыл қолынан тастамай, талай адамның дауысын жазып алған репортерді өткізген. Бұл да Ахат әкеміздің ұқыптылығын, әр нәрсені терең ойлайтынын білдірсе керек.

***
Ахат Жанаев – Қазақ радиосы мен телевизиясының үздігі, бірнеше рет Қызылорда қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. Оның Қазақ радиосының эфирінен таратылған хабарларынан басқа «Арысы едің Алаштың», «Өтелген парыз», «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат», «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер», «Бұқарбай батыр», «Арманда өткен арысым», «Қазақ қайдан тараған?» атты кітаптарын оқырман жылы қабылдады.
– Жанай деген үлкен бабам би болған. Сәрке батырдың замандасы Жүзжасар бидің алтыншы ұрпағымын. Мен үлкен кісілермен әңгімелескенді жақсы көремін. Беркінбай кәлпе мені Ахат демейтін. Әзілдеп: «Құлһұллаһату Ахат Аллаху» деп айтатын. Бізді Жанұлы Қазбеков бастаған топ дейтін. Бұрын Жалағашта Жакеңнен басқа үлкен кісі жоқ еді. Батагөй, аузы дуалы текті жандар ғой. Ақсақал мені жақсы көретін, онымен сырлас дос болдым. Ол кісі кәлпе жайында көп әңгіме айтты. Соның желісінде «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат» жайында кітап жаздым. Ақсудағы Тұршабек Елеусінов екеуміз бір мектепте оқыдық. Талай аңыз адамдардың көзін көрдік, алғысы мен батасын алдық, – деді ақсақал бізбен әңгімесінде.
Қарт қаламгер журналистика, оның ішінде радио саласында жүргенде өзі ғана біліп қойған жоқ, білгенін ізінен ерген жастарға үйретумен болды. Тәжірибелі журналистің тәлімін алған солардың көбі мықты маман болып шықты. Мәселен, Оразбек Мақсұтов, Қази Данабаев радиомен қатар баспасөз саласында да өзіндік қолтаңбасын қалдырса, белгілі радиожурналист, “Сыр бойы” газетінің аға тілшісі болған Бақтыбай Бердібаев Ахат әкеміздің ізін жалғап, көп жылдар бойы, тіпті облыстық радио жабылғанша радио редакторы болып қызмет атқарды.
Сексен бесті толтырып, сексен алтыға аяқ басқан Ахат ақсақалдың жағымды үнін, дара дауысын іздеушілер легі арамызда әлі де бар. Елге белгілі қаламгердің бай тәжірибесі, тағылымға толы еңбек жолы кейінгі буынға, жас ұрпаққа қашан да үлгі-өнеге екені рас. Олай болса Сыр жұртының қадірлісі Ахат Жанаевты мерейлі мерекесімен біз де құттықтап, зор денсаулық тілейміз. Еңбекте үздік танылып, алғыс арқалаған қаламгер жайлы жазылатын да, айтылатын да дүниелер көп. Алдағы уақытта да ардагер журналистің тағылымды жолынан сыр шертетін мақалаларды оқырманға ұсынатын боламыз.


Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ
17 тамыз 2019 ж. 1 208 0