Шерағаң қайда жүр екен?..
Әбекең, Әбіш Кекілбайұлы көкем көксандық экранынан күлімсіреп көрінген күннің ертеңіне кенеттен қайтқан. Бақиға. Күтпеген жерден. Есеңгіреп қалғам. Егіліп, ебіл-дебіл жылағам. Перзенттерім алаңдап: «Абайлаңызшы», – дескен.
«Көркемдіктің көкесі, көкем. Кемеңгерліктің кемелі, көкем. Әлемнің Әбіші ғой, көкем. Бүкіл байтағыңызды, оның ішінде Оңтүстігіңізді жаныңыздан артық жақсы көруші едіңіз-ау, көкем. Оңтүстігіңіз ойсыраған күй кешті, көкем. Шырайлы Шымкентіңіз шер кешті, көкем... Түркістаныңыз тұманытып, Әзірет Сұлтаныңыздың кесенесі күреңітті, көкем...» Дегем. Тоқтата алмағам. Өзімді өзім.
Былтырғы тоғызыншы қазанда Шерағаң, Шерхан Мұртаза қазасы құлаққа жетті. Ымырттың жым-жырт қараңғылығында. Құмығып. Үнсіз-тілсіз, түсінікті-түсініксіз күйінішке буылып, жылай алмадым. Көзден жас шықпай, түйірдей де тамшы тамбай, тобарсыған бетіме таңырқадым. Сипалап. «Егеменнен» қайғыру сөз жазбақ керектігі ескертілді. Жаза бастадым. Жанымды қиқалап.
«Көке!» – деп бастадым. Жылай алмадым. Паузаны ұзарттым. Көздерім тіпті жасаурамайды да. «Көке! – деп жалғадым тағы да. – Өзіңіз өзгешелеп жазғандай, Парижде болдыңыз. – Париж түсіңізге кірмеді. Мысырда болдыңыз. – Мысыр түсіңізге кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иранда... Бес жыл Мәскеуде оқыдыңыз. Олар да түсіңізге кірмеді. Түсіңізге күн сайын Мыңбұлақ кірді. Түсіңізде ылғи Ақсу-Жабағылыны көретінсіз...».
Туған жерді, әсіресе Ақсу-Жабағылыны айтқанда, жазғанда жанар шіркін ысып жөнелетін. Жасаурайтын. Бұл жолы құп-құрғақ. Дымқылданбайды да.
Жазуымды жалғастырдым. «Мен Сізді жақында, туған күніңізде түсімде көріп ем... Таупістелі ауылындағы мәрмәр тасқа қарап тұр екенсіз. Онда: «Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл бастаған жазушылар баудың негізін 1995 жылы қалаған» деп жазылған ғой. Сол қызылкүрең мәрмәр тасқа қараған күйіңізде: «Мені Шолпан Жұлдыз, таңғажайып Таңшолпан шақырып жатыр ғой...» дедіңіз күбірлеп. «Асықпасаңызшы, аға...» дегендеймін. Алайда өз даусымды өзім естімеймін. Сіз де естімедіңіз. Ал, бүгін...».
Осы сөздерді жазғанда қайран қаламымның сиясы еріп, елжіреп, ақ парақтың бетін айғыздағандай еді. Бірақ сонда да жыламадым. Жылай алмадым.
Міне, газеттегілер асықтырып, қазанамалық қайғыру сөзімді де тауыс-тәмам еттім. «Шерағаң Шолпан Жұлдызға жол тартты. Теңбіл Торғайы шырылдай ұшып, шығандай бастап барады. Ұлы Пайғамбарымыздың Ухуд тауындай көретін Тәңіртауыңыздың... баурайында тәніңіз тыншу табар. Ал асыл жаныңыз Таңшолпанның нұрына ұласар, Көке!» деп, аяқтағам.
Жылап қоя берермін деп ойлағам. Олай болмады. Көздерім құп-құрғақ. Бедірейіп, қатып қалғаныма қайранмын. Ол кейінгі үш жылдай уақытта үн-түнсіз қиналған. Инсульттің ауыр түріне ұшырап. Сондай күйінде көбірек көргендіктен де жылай алмадым ба, қайдам.
Мәселе менің жылағанымда немесе жылай алмағанымда емес, әрине. Халық жазушысы, ұлтының сүйікті суреткері Шерхан Мұртазаның қазасына қалың қазақ қатты қайғырды. Қабырғалар қайысты. Омыртқалар майысты. «Шіркін, Шерағаң-ай!» десіп, аһ ұрғандар аз болмады.
Сексен жасқа толған торқалы тойы 2012 жылғы қыркүйекте Жамбыл облысында, Тараз бен Жуалыда дүркіреп те күркіреп, керемет өткен. Тараздағы конференцияда Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаңыз: «Шерхан Мұртаза – шын мәнінде қазақ көркемсөзінің көшбасшысы, қазақ көркемсөзінің қолбасшысы», – деген. Әділ бағаға жұртшылық ұзақ қошемет көрсеткен.
Алпыс жылдығының алдында Әбіш Кекілбайұлы ғажайып пікірлер жазған. Қараңыздаршы. Әбекең бүй деген ғой: «Қазақ қауымын, қазақ қоғамын жаппай оятқан, жаппай сергіткен, жаппай сілкінткен, жаппай серпілткен Шерхан Мұртаза», «Қауымдық түлеуімізге тап Мұртаза туындыларындай әсер еткен, ықпал жасаған шығармалардың түсін түстемек қиын», «Мұртазаның мергендігі – әлеуметтік мергендік», «Шерхан Мұртаза тек қаламгер ретінде ғана емес, мәдениет қайраткері, баспасөз жетекшісі, редактор ретінде де қазақтың осы заманғы қоғамдық ойын қалыптастыруға орасан зор үлес қосты», «Бұл – тек бір қаламгердің өнер жолы емес, күллі ұлттық санамыздың сергу-серпілу жолы».
Міне, әлемнің Әбіші аяулы ағасы, ұлтыңыздың ұлы тәлімгері Шерхан Мұртаза хақында осылай деген!
Ал Шерағаң, Шерхан Мұртаза шаңқылдап айтқан сөздер қандай еді?! «Елбасы – біреу, қалғандары тіреу болсын!», «Әкім бол, халқыңа жақын бол», «Тәуелсіздіктің жолы қатты, дәмі тәтті», «Рух пен намыс – егіз», «Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал тұтас ұлттың рухынан айырылуы – қасірет!», «Жау жаманы – жарамсақ», «Мәдениеттің мәйегі – кітап», «Шын жазушының көзі көкірегінде болады», «Шындық – ащы һәм ажарсыз»...
Міне, Шерағаңның жылдық асы болатын күнде кеп қапты. Бүгін тағы да «Ай мен Айшасын» қолыма алып, оқуға кірістім. Оқып отырмын. Жылап отырмын. Сексен жасқа толарының алдында Шерағаң туралы «Егемен Қазақстанның» бір бетін толтырып, толғаныс-эссе жазғаным есіме түседі. Ақсу-Жабағылыға жетпісінші жылдардың аяғында және сексенінші жылдардың соңында арнайы келіп, аралағаны. Түлкібас ауданының әкімдігі залындағы кездесуде: «Түркі қағанаты да алауыздықтан, қу дүниеге таластан тоз-тозы шыққан. Сыртқы жауларға сыр алдырғандықтан, сөйткен. Түркі қағанаты тарамағанда, мынау айдаһар да, анау аю да басынбас еді. Көкбөрі бәрінен биік тұрар еді. Түлкібас – Түлкібас емес, Түркібасы күйінде қалар еді», – дегені. Ақсу-Жабағылының Жасылжазық алқабында аппақ киіз үй тігілгені. Аршаларға тәу етіп, жаяу, содан соң соқпақтармен ат үстінде әндетіп, биікке көтерілгені. Шерағаң шырқаған қазақша, қырғызша, татарша, башқұртша әндерді шың-құздардың, қыземшек төбелердің, ақ ұлпа бұлттардың таңырқай тыңдағаны.
Таупістелі ауылында үш мәрте болғаны. Таупістеліден Жуалының Көлтоған, Қызтоған ауылдарына қарай асатын жолда Бозторғай асуына қайран қалғаны. Насыр Фазыл, Мекемтас Мырзахметұлы, Қалдарбек Найманбаев, Ахат Жақсыбаев, тағы басқалар бастаған, жиырма шақты жазушы қостаған қонақтардың бау негізін салғаны. 1995 жыл ғой баяғы. Ал 2005 жылы тағы да Насыр Фазыл, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы және басқа да қаламгерлермен бірге Құлбайшоқының тепсеңіндегі жайқалған жасыл шалғынында тебіренгені...
Өзінің сексен жылдығындағы, Тараздағы қорытынды сөзінде: «Шолпан Жұлдыз, таңғажайып Таңшолпаным түсіме жиі кіреді... Шақыратындай ма, қалай... А, бәлкім...» деген сөздерінен кейін-ақ ол таңғажайып Таңшолпанына бет алғандай екен дә. Бес жылдай қанат қаққан екен ғой. Теңбіл Торғайы шырқырап...
«Интернатқа Айша келді. Турникте шыр айналып тұрғанда-ақ таныдым. Қолында бұл жолы бұрынғыдай түйіншегі жоқ. Бұрындары ылғи да түйіншегі болатын. Жүгері нан. Жүгері талқан.
Бұл жолы түйіншегі жоқ.
Көктем ғой. Жүгері таусылған шығар.
Айшаның көк көйлегі тозыңқыраған ба, оңып кетіпті.
– Барсхан, – деді мені басымнан сипап тұрып. – Мен саған бұл жолы ештеңе әкелмедім...».
Көз жасымды тоқтата алмадым.
Ойлап қоям. Былтыр «Шерағаң Шолпан Жұлдызға жол тартты» деп жазып ем. Шынымен Шолпанда ма екен?.. Әлде анасы Айшамен бірге Айда ма екен?.. Қайда екен?! А, бәлкім, Қалтай, Камалдарымен, Әбіш, Ақселеу, Фариза, Оралхан, Сайлаубектерімен сағыныса, шұрқыраса жүздескен шығар... Бірте-бірте Баукең, Мұхаң, Ғабеңдермен... Тұрарлармен табысқан болар-ау...
Әбекең, Әбіш Кекілбайұлы көкем: «Әлеуметтік мерген» деген еді ғой. Әлде әлеуметтік мергеніңіз – Шерхан Мұртазаңыз Қызыл Жебесін кезенген күйі Тарпаң дейтұғын тұлпарымен Тәңіртаудың бір бүйірінен шыға келер ме екен?!
Ақиқатын Алла біледі.
Қалай болғанда да, қайда жүргенде де қазағымен бірге жасай береді. Шерағаң.
Мархабат БАЙҒҰТ