"ЖАНСЕБІЛ" ФИЛЬМІНДЕГІ МҮГЕДЕК ШАЛДЫҢ ПРОТОТИПІ - ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ
Елбасы өз мақаласында: Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынанда «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деп ұлттық кодқа айрықша назар аударады. Ендеше қазақ халқын тәрбиелеп келе жатқан, елдікке ұйытып отырған озық дәстүрін дамытуды жалғастыра беруіміз керек. Бойдағы асыл қасиетіміздің бірі – өзгенің ала жібін аттамау!«Абралыға баратын кім бар, Абралыға баратын кім бар?» деп жанұшыра теміржол вокзалында айқайлайтын, қос аяқтан бірдей айрылған қарияның бейнесі фильмді көргеннің көз алдынан оңай кетпейді. Аманатқа қиянат, әжетханаға кеткен хат, туған жерге деген сағыныш, шалын арбамен жетектеген орыс кемпір…
Жүсіпбек Қорғасбектің «Жансебіл» шығармасының желісі бойынша түсірілген кино кімнің болса да жанарын жасауратады. Әңгіме фильм жайлы емес, осы фильмге арқау болған, бас кейіпкер Мұқатайдың прототипі жайлы. Ол — Бейімбет Мәмбетұлы. Бейімбет Мәмбетұлы Ұлы Отан соғысында екі аяғынан бірдей айырылып, туған жеріне денесінің жартысын сүйретіп жетіп, құр кеудесімен жүріп, тағдыр тауқыметіне тойтарыс беріп, тырмысып еңбек еткен.Бейімбет 1906 жылы қарт Қаратаудың етегінде палуандығымен атағы шыққан Мәмбеттің шаңырағында дүниеге келген. ІІ Дүниежүзілік соғыс басталғанда орда бұзар отыздан асқан жігіт ағасы отбасын қиып, майданға аттанады. Әскерге алынбай тұрып мал фермасында жұмыс істейді. Алғашқы ұрысы Ленинградты қорғаудан басталады. 1943 жылы жарылғыш снарядтың жарықшағы тиіп, қос аяқтың қара санын бірдей жұлып алып кетеді. Госпитальда емделіп, мүгедек күйінде елге оралуды намыс көріп, әрі бала-шағаға масыл болмауды ойлап, елге қайтпайды.
«1943 жылдың қыркүйегінен соң әкемізден хат үзілді. Майданда қаза болды ма, не жау тұтқынына түсті ме, хабарсызбыз. Сөйтсек, көкем жағдайы жөнінде Тайыр Пірімбетов деген ауылдас досына хат жазыпты. Орынбасар әкем көкемді іздемек болғанда сол кісі: «Әкеңді іздеп әуре болма, ол тірі» деп мекен жайын берді. Тайыр берген мекен жайға хат жазып, әкеміздің оралуын өтіндік…Әлі есімде, 1944 жылдың қазан айының соңында үйге көкем бұрын жұмыс істеп кеткен ферма бастығы келіп, көкемді бұрынғы қызметіне қайта қойды. Көкеме жеке машина берді. Ол кезде бастықтардың өзі де салт ат мінетін», - деп еске алады Бейімбеттің немересі Маржан. Бейімбет Мәмбетовтың баласы Орынбасар Бәйімбетов (оң жақта) Бейімбет Мәмбетов жер жарып атағы шықпаса да, өмірінің соңына дейін туған жерінің көркеюіне үлесін қосып өткен.Ол 1965 жылы жүрек талмасынан көз жұмған. Ал, баласы Орынбасар Бәйімбетов (Бейімбетов болуы тиіс, құжат толтыру кезінде өзгеріске ұшырап кеткен) Сыр өңіріне атағы шыққан, Социолистік Еңбек Ері атағын алған құрметті азамат. Міне, талайдың жүрегін қайыстырған Мұқатай шын өмірде туған жеріне оралады.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетов елге танымал тұлға, жұрт жадында жүрген қадірлі қария еді. Ол кісі өзінің бар ғұмырын адал еңбекке арнады. Өнегелі ісімен, дуалы сөзімен, жақсылық жасауға біртабан жақындығымен ерекшеленді. Орынбасар Бәйімбетов 1930 жылы 15 шілдеде Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Горняк совхозында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Адал еңбекпен ауылға танылған шаңырақта туылып, тынымсыз тірлік жасауға бейімделген бала 1947 жылы Қазалы зоотехникалық малдәрігерлік техникумына түседі. Оны бітірген соң Жаңақорған ауданында малдәрігері болып қызмет істейді. Бұл білімнің жетімсіздігіне көз жеткізген жас жігіт1951-1956 жылдары Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтында оқыған. Одан соң 1961 жылға дейін Жаңақорған ауданында малдәрігері болады. Сол жылы Орынбасар Бәйімбетов Жаңақорған аудандық Совет атқару комитетінің бірінші орынбасары болып тағайындалса, арада бір жыл өткенде Сырдария ауданындағы 1 Май совхозына директор болып барып, сол жерде ұзақ жыл қызмет істеді. Ал 1967-1970 жылдары Қызылорда облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі бола жүріп, аймақтағы алуан түрлі мәселелерді түбегейлі шешуге атсалысады.
1970-1983 жылдар аралығында Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал 1991 жылға дейін облыстық ауылшаруашылық басқармасының бірінші орынбасары, асыл тұымды мал дайындау мекемесінің директоры қызметін атқарады. Зоотехникалық ғылымды қой шаруашылығына дұрыс және ойдағыдай қолдана білгені Оранбасар Бәйімбетұлы Бәйімбетовке 1964 жылы «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген мал дәрігері» құрметті атағы берілді.
Осы еңбектегі жетістіктері үшін оған СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1966 жылғы 22 наурыздағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 1967-1975 жылдар аралығында екі рет 7-8 шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1975 жылы Қазақстан Компартиясы ХV cъезінде Орталық Комитетінің мүшелігіне сайланған. Тынымсыз еңбегі үшін Ленин, Даңқ, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальдармен наградталған. Қызылорда облысының Құрметті қайраткері, Жаңақорған ауданының ХХ ғасыр адамы, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Орынбасар Бәйімбетовтің өмірі бүгінгі жас ұрпаққа өнеге.
Massaget.kz