ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ ЕТКЕН ТҮЛЕКТЕР
Мектеп – ержеткендер үшін де, егде жасқа келген қариялар үшін де қасиетті мекен. Бұл ыстық ұяға деген әрбір азаматтың сағынышын сөзбен жеткізу қиынның қиыны. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген қарапайым қанатты сөзді қаперде ұстаған қазақ 42 таңбамен талабын шыңдаған білім ошағына қашанда құрметпен қарайды. Бұлай болуы да заңдылық. Соңғы қоңыраудың уақытында әр жылдары мектеп бітірген түлектердің білім ошағында сағынышпен бас қосатыны да сондықтан. Өзім ауылдық жерде оқығандықтан мен үшін зәулім ғимараты көп шаһарда өткен соңғы қоңырау кеші мен ауылдық жерде өткен салтанатты кештің айырмашылығы айтарлықтай ауқымды. Мереке қарсаңында Қаракеткен ауылына арнайы атбасын бұрып, баяғы сағынышты шақты еске алудың сәті түсті.
– Балалық шақтың осындай қымбат екенін қазіргі жастар біле ме екен өзі?
– Әй, Қуандық мынау сенбісің?
– Марқұм Арман қандай азамат еді, қасындағы Балғабай құрдасымыздың да өмірден озғанына біраз болыпты. Қайран балалық шақ...
Елді мекеннің есігінен енгеніміз сол еді, ойын алаңының маңында көне суретке үңілген көпке көзіміз түсті. Кейін жанына жақындап, әңгімелерінен осыдан 50 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер екенін аңғардым. Қанша жыл өтсе де туған жерге тағзым етуді жадынан шығармаған құрдастардың бұл сағынышы біздің буынға үлкен ой салады екен. Негізгі нысанамыз мектептегі түлектердің салтанатты шарасы еді. Егде жастағы ағалардың ішінде бір кісінің жүзі маған таныс. Әрі ойландым, бері ойландым, еске түспегесін турасына көшіп, «Аға, сізді бұрын бір жерде көргендеймін» деп қалғанын өзіне қалдырдым. «Әй, бала жап-жас болып алып, сендердің ұмытшақ болуларыңа не жорық? Кеше емес пе еді, ауылға келіп қуанышымызбен бөліскендерің. Мен әлгі балаларға ойын-сауық орталығын салып берген ағаңмын ғой» дегенде әлгінде ғана қолын алған көкемді «Ассаллаумағалейкум, Қуандық аға!» деп құшақтап алдым. Бұл кісінің бұған дейін ауылға жасаған қолғабысы жайында облыстың ата басылымында қалам тербеген едік. Биылғы мектеп бітіру кешіне де Қуандық көкем құр алақан келмепті. Мұнда қарасы қалың қариялардың басқосуының негізгі себебі де осы екен. Қуандық Меңбаев ауылдағы шағын футбол алаңының алдына тағы да жастарға ойын алаңын салып беріпті. Ашылу салтанатына дейін келетінімді айтып, мектепке бет алдым.
Мұнда түлектердің жүзіне күлкі үйірілгенімен көңілінде бір қимастық сезім бардай көрінеді. Қанша дегенмен он бір жыл білім алып, тәжірибе шыңдаған ыстық ұяға деген қимастық қой. Әрқайсысы артқан сенімді ақтап, үлкен азамат болуды мақсат етіп отырғандарын айтады. Дегеніне жетсін. Кешке жиылған қауымның да тілегі осы. Мектеп директоры Мира Жүсіпова түлектерге ақжолтай тілегін жеткізіп, ел артқан сенімді ақтауларына сәттілік тіледі. Олар да ұлағатты ұстаздарына дән риза.
Осыдан 3 жыл бұрын келгенімде ауыл тұрғыны Қуандық Меңбаевтың демеушілігімен білім ошағы жанынан балалар ойын алаңы пайдалануға беріліп еді. Бүгін сол алаңда бүлдіршіндердің күліп-ойнап жүргенін көріп қуанып қалдым. Ойлаңызшы, өзі кәсіпкер де емес, жай ғана зейнет жасындағы медицина саласының ардагері. Зейнетақысынан жырып, осындай игі бастамаларды қолға алған ағамның бұл қолдауына өз басым ризамын. «Аға не жеке ашқан кәсібіңіз жоқ, не қалталы да азамат емессіз. Мұны қалай түсінеміз» десем, «Мен романтикпін» деп тағы да күлкіге қарық қылды. Расында болмысы бөлек азамат. Осыдан 2-3 жыл бұрын құны 3,5 млн теңге тұратын ойын алаңын ашып берсе, биыл тағы да 1 млн теңгені құрайтын ойын-сауық орталығының ауыл балары қызығын көруіне себепші болып отыр.
Жалпы Қаракеткен ауылында туған жерге тағзым ету ертеден дәстүрге айналған көрінеді. Ағам осында туып-өскен азаматтардың қолдауымен салынған әлеуметтік нысандар жайлы айтқанда бұл сөздің растығына толық көзім жетті. Имандылық үйінен бастап түрлі орталықтарға дейін ауыл жанашырларының қолдауымен бой көтерген. Ағам да солардың қатарында.
Кейіпкеріміз бұл жұмысын өзінің перзенттік парызы санайды. Осылайша, өскелең ұрпаққа да үлгі болғысы келеді.
– Бұрын әкелеріміз арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда барса, артқы дөңгелегі де сол ізді басады балам» деп жиі айтушы еді. Осы бір ауыз сөз маған үлкен сабақ болды. Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен демей ме Абай аталарың. Сол сияқты кейінгі буынның бойынан біз не көрсек те ол өзімізден екенін түсінуіміз керек. Бастысы ол үшін бірінші қадамды өзіміз бастауымыз керек. Менің бұл жасап жатқан көмегім үлкен де емес. Мұнан да ауқымды қаражат жұмсап, туған жеріне толағай табыс әкелгендер бар. Бастысы ниетте. Мүмкін менің тамшыдай болса ауыл үшін жасаған үлесіме қарап, кейін осы өңірден шыққан бір азамат сабақ алар. Ал, осыған көз жеткізу мен үшін үлкен бақыт. Қазір Қаракенде туған жерге қолғабыс ету қарқынды жүріп жатыр. Осының өзі бір-біріміздің ісімізге қарап үлгі алғанның жемісі. Ал, оны уақыт өте кейінгі буын жалғастырса, біздің мақсатымыз да орындалады, – дейді Қуандық Меңбаев.
Ағамыз медицина саласында қажырлы еңбек еткенмен, бір саламен шектеліп қалмады. Жастайынан спортқа қызығушылығы басым Қуандық Меңбаев бірнеше спорт түрінен ҚР спорт шебері атанды. Мұндай мүмкіндіктер ол кезде аз болғандықтан кейін жастарға қолдау көрсетемін деп бала күнінде мақсат еткен көрінеді. Енді нысанның сыртына тек қоршау жетіспей тұр екен. Мұны көрген құрдасы Күлпаш апамыз тез арада қолға алатынын айтып жатыр. Жақсы істің қасынан табылатын осындай жанашырлары бар қаракеткендіктер де бақытты шығар. Ләйім, жастар да ағам айтқандай осы ізбен жүреді деген сеніммен біз де ауданға қайта бет алдық.
Кенжетай Қайрақбаев.