Ханшайым ба, ханша ма?
«Хан тұқымынан шыққан әйел адам, ханның қызы, қарындасы» деген мағынада қатар қолданылып жүрген осы екі сөз сырт тұлғасы жағынан егіздей болғанымен ол ойлағандай ешбір туыспайды. Бір-біріне көлеңкесін түсіріп, кедергі келтіреді. Өйткені біреуінің ғана тілімізде заңды орны бар. Оны анықтау да қиынға соқпайды.
Басқа істейтін шаруасы болмай, кенеттен қолға алған ісіне құлшына кіріскен адамның әдетінше көтерген тақырыбымызға өз қадірімізше бойлап көрмекпіз. Ол үшін әуелі екі нәрсені анықтап алу қажет. Сонда шын-жалғанын ажыратуға жеңіл. Бірінші, бұлардың коммуникативтік тұлғаларына қарау керек. Қазіргі қолданылу аясына келсек, «Ханшайым» сөзі баспасөзде, ән мәтіндерінде, кино-фильмдер мен аудармаларда жиі тіпті жаппай ұшырасды, «ханша» сөзі керісінше қолданыс аясы тарайған, көп ешкім жазбайтын да, айтпайтын да болған. Ал, ең көне ертегілеріміз бен ерте дәуірлерден жырланып жүрген батырлар жыры, қисса-дастандарда, кейінгі жазба әдебиетімізде «ханшайым» жоқ та, «ханша» бар.
Ақтамберді жырау:
Түйедегі наршасын
Әлпештеген ханшасын
Ат артына мінгізіп
Тегін бір олжа қылар ма екеміз?!
Осындағы «нарша» мен «ханша» жай ұйқас үшін ғана тұрған сөздер емес, салыстырмалы түрде жас жағынан да шендесіп тұр. Бірі малдың жас төлі, екіншісі ханның жас қызы.
Махабмет Өтемісұлы:
Лауазымын көкке шақыртып,
Сұлтанын суға сұлатып,
Ханшасын қақпа алдында
жылатып...
Сөздердің ескіріп қолданыстан шығуы тіл даму тарихында бұрыннан бар заңды құбылыс деуге келісейік, бірақ та бұл жерде тіл заңының әлдеқандай бұзылуының белгілері жоқ та емес. Мәселен, егер ежелден ханша сөзін пайдаланып келсек, онда ханшайым сөзінің кейін шыққаны анық. Оған дәлел, «Қазақ тілінің сөздігінде» ханша сөзіне анықтама берілген де, ханшайым сөзі сөздікке енбеген. Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде де «ханша» сөзінің ғана анықтамасы бар. Ендеше тілдік қолданысымызда бұрыннан бар «ханша» сөзін ханшайым сөзімен алмастырудың қажеттілігі қайдан туғаны түсініксіз.
Екінші, дискреттік талдау. Хан+ша. Ша- жұрнағы тұлғаның хан дәрежесіндегі әйе адам екенін анықтап тұр. Ал «ханшайымға» келсек. Хан-ша-айым. Қазіргі түсінігімізде бұл да хан дәргейіндегі әйел адамды білдіреді. Бірақ ханшаның өзі әйел ұғымын үстей алса оған әйел жынысына айтылатын «айым» сөзін қосақтау қаншалықты қажет. Оның үстіне «айым» сөзі ханым деген ұғымды білдірмей ме?! Ал ханым сөзі тұрмыстағы әйелге қаратылған. Мысалы, «айым» сөзін патша сөзіне қосарлап әйел патшаны немесе патшаның әйелі деген ұғымды білдіретін біріккен сөз «патшайымды» (патшаханым) жасадық. Сөйтіп, бұрындары қолданып жүрген «қатынпатшаны» сәтті алмастыра алдық. Оның өзінде орыс тіліндегі женский родты қазақ тіліне әкеп тірілте берудің тіл заңдылығына қаншалықты сай келетіні туралы да талас бар. Төраға – төрайым, азамат - азаматша дегендей. Осыларды салыстыра келгенде «ханшайым» сөзіндегі «айым» негізгі сөзге кейіндеп қосылған және сөз тұлғасын бұзып тұрған артық қоспа. Демек «ханшайым» тілдік жағынан ғана емес, ұғымдық жағынан да дұрыс қызмет атқарып тұрған жоқ.
Нағыз Қабшықбайұлы
abai.kz