Редактор Зордан Салықбаев
I
Өзі жоқ, сөзі бар жетпіс бес жас.
Осы санды зерделей отырып ой елегінен өткізіп, ой толғаныстарына ерік беретін болсақ, еңбегімен елге танылған, қатар жүріп қызмет атқарған азаматтардың бірсыпырасының бүгінде арамызда жоқтығы еске оралады. Олардың әрқайсысының қоғамдық өмірде қалдырған қолтаңбалары бар-ды. Солардың ішінде Зорданның орны ерекше еді. Өйткені ол ақын еді, жазушы еді, сазгер еді, үлкен жүректі нағыз азамат еді, оның халқына берері көп еді.
Оны өз сөзімен айтсақ:
Бұл өмірге келгенім жоқ текке мен,
Одан алар сыбағам бар ептеген.
Алдымда әлі асулар бар өтпеген,
Оған берер борышым көп көптеген.
Алдымда әлі асулар көп өтпеген,
Алдымда әлі биіктер бар жетпеген.
Солай қарап жүрек тулап, бұлқынып,
Қиындықтан бір сүрініп, бір тұрып,
Жүріп келем тек ілгері ұмтылып,
Қарсы алдымнан қарағандай күн күліп,
Жайнап келем жазғы күндей құлпырып.
Өмір жолы қилы-қилы шатқалаң,
Әр шатқалдан өткен сайын шаттанам.
Аялдамай тағы да алға аттанам,
Осы жолда жолаушы бар әртүрлі!...
Адалыңа жан сырымды ақтарам.
Алдымда биіктер бар жетпеген.
Озбыр жанға мейірімсіз кектенем,
Өмір – ұстаз, сабақ алам көптеген.
Туған елге алып, зәулім сарайға,
Бір кірпіш боп қалансам-ау деп келем,
Бұл өмірге келгенім жоқ текке мен.
Иә, ол кезде біз көп едік және де бір-бірімізбен көрші едік. Әрқайсысымыз бір-бір биліктің тұтқасын ұстап жүрген кезіміз еді. Енді осы айтып отырған әңгіменің арқауын тарқатайыншы. Біздер деп отырғаным: Амангелді Құдайбергенов және Нәсірадин Байқуатов екеуі де аудандық кеңес атқару комитеті председателінің орынбасарлары, үйлері де бір-бірімен жалғасып тұратын, сосын Зордан Салықбаев – «Жаңадария» газетінің редакторы оның үйімен сол жағында Төлеш Есқазиев – аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, оң жағымызда Төлеш Әлиев – аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, қарама-қарсы бетте Кеңесбай Сұлтанов – аудандық соттың төрағасы тұратын. Осы біз орналасқан шағын ауданда аудандық партия комитетінің бірінші секретары Қонысбек Қазантаев, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Мақсұт Әбразақов және аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов тұратын-ды. Осындай құрамдағы көршілер, біздер кезінде бірімізбен біріміз табақтас болып қатыса да, сыйласа да білдік, қызметте де талап деңгейінен көріне білдік. Бірақ уақыт өз дегенін істейді екен, бірге қызметтес болу мен бірге жүру мәңгілік емес екен. Бүгінде олардың көбі арамызда жоқ. Солардың бірі – Зордан Салықбаев, мен онымен 1971 жылдан бастап қызметтес болғанмын. Ол кезде мен Арал аудандық партия комитетінде саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметін атқаратынмын. Ол Жалағаш аудандық партия комитетінде саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі еді.
Содан кейін қызметтес болуым менің Жалағаш аудандық партия комитетіне жұмысқа келуіммен одан әрі жалғасты. 1974 жылы ол саяси ағарту кабинетінің меңгерушілігінен аудандық «Жаңадария» газетіне редактор болып жоғарылатылды. Бұл қызметке жоғарылауына сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сұлтан Шаханұлы Амановтың тікелей қолдауымен қолы жеткен болатын. Себебі облыстық партия комитеті бастапқыда ұсынып отырған кандидатыңыздың журналистік мамандығы жоқ деп көнбей қойған-ды. Бірақ бірінші хатшы өзінің ұсынған кандидатынан қайтпай табандылық көрсетті. Соның арқасында дегеніне жеткеніне өз басым куәгермін. Зордан бұл қызметте Сұлтекеңнің сенімін ақтады деуге болады. Зордан өзінің журналистік қарымдылығын «Жаңадария» газетінде редактор болып істеп жүрген кезінде ерекше түрде таныта білді. Ол қоғамдық, әлеуметтік мәселелер төңірегінде көсемсөз үлгісінде көптеген мақалалар жазды. Сонымен қатар ол редакцияға мықты қолынан жазу келетін жас жігіттерді қызметке алып, тәрбиеледі. Олардың қатарында Бейбітбек Бүркітбаев, Бексейіт Шайланов, Жұмабек Әбжәмилов, Серік Бертаев сынды журналистер бар болатын.
«Жаңадария» газетінде 14 жыл редактор болып қызмет атқарған кезінде үлкенге іні, кішіге аға бола білген ол өзінің азаматтық бар болмыс-бітімімен, Құдай жаратқан қарапайым мінез ерекшелігімен редакция ұжымында олардың көкейінде мәңгі ұялап қалған тұлға деуге болады. Ол жайлы осы ұжымда әлі кезге дейін жылы лебіздердің айтылуы соның дәлелі.
II
Ол тумысынан талантты ақын еді. Өзімен ұзақ жыл қызметтес болған белгілі журналист Тұрсынбай Тәшенов өзінің «Жалағаш жаршысы» атты кітабында «Зорданның журналистігінен гөрі ақындығы басым еді» дей келіп, 1978 жылдың ақпан айында екеуміз терезе әйнегінен жапалақтап жауып тұрған қарды тамашалап тұрған едік, сол сәтте қолына қалам алды да:
– Көгілдір көбелектен мүлде бөлек,
Ұшып жүр ақ қанатты мың көбелек.
Төменге топырлап кеп қонып жатыр,
Жер бетін сүттей аппақ күйге бөлеп.
Жер беті ақ қанатты көбелек гүл,
Аспаннан күміс ұнтақ себелеп тұр.
Көркем сурет көрмесі табиғаттан,
Осындай сурет көрдім керемет бір, – деп поэзия тілімен жыр жолдарын өмірге әкелген еді, – деп жазды. Ол өзінің қамшының сабындай қысқа өмірінде бар күш-қуатын халқына жұмсаған ақын болды. Оның жырларының басты арқауы елді, туған жерді, Отанын құрметтеуге арнады. Оны:
Өзіңде жүрсем бір күнде қала тұрғызам,
Өзіңде жүрсем өзенді кері бұрғызам.
Өзіңде жүрсем төсіңе алқа тағамын,
Көшіріп әкеп көктегі қалың жұлдыздан.
Кең байтақ осынау Отаным менің – отбасым,
Айқара ашты ғылым-білімнің қақпасын.
Арнаймын бәрін туған жер, туған Отанға,
Сақтаса тағдыр отансыздардан сақтасын, –деген өлең жолдарын көреміз.
III
Менің қолымда Зорданның «Армандап өткен ғұмыр» деген 2006 жылы өзі дүние салғаннан кейін жұбайы Дина Нұржанқызының жетекшілігімен шыққан кітабы тұр. Ондағы жазбалардың барлығы да тұла бойы тұнған сезіммен, орынды ойлардан, парасатты пікірлерден тұратындығы ешкімді де бей-жай қалдыра алмайды.
Мәселен, рет нөмірі он жетінші жазбасын оқып көрейік. «Осы күнде кім көп, ақын көп. Лақтырған таяқ ақынға тиеді. Бірақ соның бәрі, сөздің шын мағынасындағы ақын ба? Міне, гәп осында. Әдетте, біз ақын атанған әдебиеттегі стажына қарай бере салатын сияқтымыз.
Мәселеге осы тұрғыда келгенде мен өзімнің кім екенімді әлі білмей жүрмін. Мен де талант барма өзі? Жоқ, әлде ә дегенде ұша жөнеліп, анау қырдан аспай-ақ алқынып қалатын көп аттың бірімін бе?
Қалай болғанда да барлығын уақыт көрсетеді. 23 мартта облыстық газетте «Өмір» атты өлеңім жарияланды.
Бұл осы газетте жарияланған сегізінші өлеңім, ойланып-ойланып, не де болса тәуекел деп қалған өмірімді творчествоға бағыттадым. Март 1966 жыл».
Мұны жазғанда Зордан жиырма екі жастағы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетінің студенті болатын.
Мұндай өзіне де, өзгеге де талап қоя және баға бере терең ой тастау жеңіл-желпі дүние емес.
Әдебиет табалдырығын өткен ғасырдың алпысыншы жылдары аттаған Зордан өзгелерге ұқсамайтын ақындық дарындылығымен ерте есейген еді. Ол поэзияда жаңа бояулар, жаңа теңеулер табуды армандайтын, соның жолында көп ізденетін, көп оқитын, осы ізденістерінің барлығын қағазға түсіріп жүретін. Соның негізінде өмірге «Армандап өткен ғұмыр» атты кітаптың келгендігін көріп отырмыз. Оның «Жазылып қалған жан сырым» атты өлеңдер жинағы 1987 жылы «Шартарап» баспасынан басылып шықты. Осы жинақтағы:
– Мен отырдым әл кетіп буынымнан,
Сен биледің жел есіп бұрымыңнан.
Көп табыла бермес-ау осындай сәт,
Менің тұсау бойындай ғұмырымнан.
Соңғы жолды тек қазақ ақыны ғана айтады, – деп жазған еді.
Сол кезде ақын Ғафу Қайырбеков «Лениншіл жас» газетінде жазған «Жас ақындар дауысы» деген мақаласында. Ол аз жазды, бірақ саз жазды. Ол өмірді сүйе де білді, оны жырлай да білді. Оны «Жиырмасыншы ғасырдың перзентімін» деген өлеңінде:
– Жиырмасыншы ғасырдың перзентімін
Міндет – менің ертерек ер жетуім.
Ата-баба жетпеген нысанаға,
Тандандырмас ешкімді мен жетуім.
Заманның ұлан-ғайыр ұлы істерін,
Ұрпаққа жеткізсем деп күрестемін.
Отыз, қырық, алпыс жас – аз ол үшін,
Мен кемі жүз жасауға тиістімін, – деп жырға қосқан еді.
Ол проза саласында да өз қолтаңбасын қалдырған қаламгер. Мәселен, 1988 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Үміт толқыны» атты жас жазушылардың жинағына оның жеті әңгімесі енген еді. Ал 2009 жылы «Сырдария баспаханасы» атты сериямен шыққан кітаптар тізбесінде Зордан Салықбаевтың өлеңдері, әңгімелері, очерктері және ой орамдары жеке кітап болып басылып шықты. Тіл байлығы – теңіз тереңінен сүзілетін қолға түспес лағыл-маржан тәрізді ғой. Бұл жағынан алып қарағанда оның осы кітаптағы прозалық шығармалары төрт аяғын тең басып тұрған көркем туындылар деуге әбден болады.
Жалпы біз қатар жүргендегі байқағанымыз – тек кеудесін ой кернегенде ғана, сөз кернегенде ғана жазуға отыратын сияқты көрінетін.
IV
Оның өмірдегі ашықтығы мен ақпейілділігі, ойын бүкпей айтатындығы мен сенгіштігі, сабырлылығы мен бойындағы барлық қасиеттерді сарқа пайдалануға арналған еңбекқорлығы, замандастары мен еңбектестерінен оқ бойы озып кетуіне қол жеткізді.
Жылт еткен жақсыны газетке жариялайтын. Газеттің әр нөмерінде оқырманды елең еткізетін материалдар болса екен дейтін.
Осы тұста 1979 жылдың мамыр айында аудандық партия комитетінің кезекті бюро мәжілісінде «аудандық «Жаңадария» газетінің жұмысы жайлы» мәселе қаралғандығы еске түседі. Бюро мәжілісін басқарып отырған аупартком бірінші хатшысы Қонысбек Төрешұлы Қазантаев газетке редакторда мақала жазып көрініп отыруға тиісті деген еді. Әрине ол жазбайын деген ойда еместігін біздер білетінбіз. Ол кезде де ауданда жиналыстар, әртүрлі шаралар көп болатын. Оған редактордың қатысуы уақытының қанша мөлшерін жұтатындығы айтпаса да белгілі. Мұның барлығы дәлел ғой. Дегенде бірінші хатшының айтқан сын-ескертпелері оның намыс отын осып-осып жіберсе керек. Артынша газет бетіне көркем очерктерді тоғытсын келіп. Даңғайыр дихандар, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ұлмекен Төлегенова, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұрлыбай Әбдіқалықов, Социалистік Еңбек Ері Тұршабек Елеусінов жайлы жазылған көркем очерктері мен өзінің қаламы төселген журналист екендігін іс жүзінде дәлелдеп берді.
V
Зордан қатарларының арасында өзінің қарапайымдылығымен, жоғары мәдениеттілігімен, сыпайылығымен, жібектей жұмсақ мінезімен дараланып тұратын.
Ол көпшіл еді, үйінен қонақ арылмайтын. Әсіресе «Аққыр» ауылынан келген үлкені бар, кішісі бар жыл он екі ай бойы келіп-кетіп жатқан адамдарды көретінбіз. Осының барлығына жұмысы бар, басқасы бар Дина келін де уақыт тауып жататын. Арасында өзіміз де көршілер болып, Дина келіннің қолынан көптен бері шай ішкеніміз жоқ еді, – деп үйіне емін-еркін баратынбыз. Мұндайда Зордан «біздің Диночка (ол осылай келінді еркелетіп айтатын) үйге қонақ келгеніне қуанады-ау, қуанады-ау» деп тісін ақсита күліп, әзілін айтып жататын. Оған «Зордан дұрыс айтады» деп ұртын томпайта сөйлеп, көршісі Кенесбай Сұлтанов қосылатын. «Зордан сөзді зор айтады ғой» деп құрдасы Амангелді Құдайбергенов кірісіп кететін. “Бұл өзі еңіреп жүрген ер ғой” деп Нәсірадин Байқуатов та қалыспайтын. Несін айтасыз, бәріміздің басымыз қосылғанда осындай кішігірім той жасайтынбыз. Осындай думанды күндердің алыста қалғанына да ойлап отырсам отыз жылдан асып барады екен. Уақыт шіркін, ешкімнің де бет-жүзіне қарамай дегенін жасайтыны өкінішті-ақ. Бірақ айтпасқа да болмайды. Ол өмірден ерте озды. Оның халқына берері әлі де мол еді. Мәңгі жасайтын пенде жоқ. Бәріне де шүкіршілік. Артында Диночкасы мен балалары: Асан мен Үсен және Жанар мен Гүлнәр қалды. Бұған да қанағат жасамасқа болмайды. Әйтсе де оның жоқтығы өз ортасында сезіліп-ақ тұрады. Егер арамызда болғанда 75 жылдығын тойлаған болар едік. Әрине өмірде бәрі де болады. Десек те артында ұрпағы бар, қайталанбас жыры бар, жазылған мәңгілік жазбалары бар.
Ақын Зордан жөніндегі естелігімді өзінің «Сырларым бар ашпаған, жан ұқпаған» деген өлеңіндегі мына жыр жолдарымен аяқтамақпын:
– Мен әлемге қараймын өзім болып,
Өзім болып, шапшыған сезім болып.
Жиырмадағы жалаңтөс кезім болып,
Қиындыққа қиылмас төзім болып.
Менсіз жерде найзағай күркіремес,
Менсіз күлген күлкілер күлкіде емес,
Ешбір ақын өмірге ғашықтығын
Менен артық жырлауы мүмкін емес.
Шыңғыс Айбосынов,
Қазақстан Журналистер одағы мен
Халықаралық жазушылар
одағының мүшесі,
ауданның Құрметті азаматы