ТӘБӘРІК
Бала күнімізде той-томалаққа кеткен әжелеріміздің қалтасы бос қайтпайтын. Жаңғақ, өрік-мейіз, ащы кәмпит, бор кәмпит сияқты тойдан тиген тобықтай сыбағамызды таласа-тармаса іздеген қолымыз қамзолдың түпсіз қалталарын тінтіп, тіпті тесіктерінен ары қарай астарына өтіп, шалғайын жағалап кететін.
Бүгінгі той дастарқанындағы қазақ баласына таңсық болып келген экзотикалық жеміс-жидектерді салып алатын әжелеріміздің қазіргі сәнді көйлектерінде қалта да жоқ. Оның үстіне күніне дүкенге бірнеше мәрте барып, өздері сауда жасап келе беретін қазіргі балалар тойға кеткен ата-әжесінің жолын біз секілді зарыға күтпейді. Тіпті күндіз-түні теледидарға телміріп, одан қалса смартфонға шұқшиып отыратын сол жүгермектер ата-әжесі мен әке-шешелерінің тойға кеткендерін де білмейтін шығар...
Сол бала күнімізде үйдегі үлкен кісілер тек тойдан ғана емес, қазалы жерлерден де бізге деп қалталарына бірдеңе сала келетін. Бірақ ол тәттілер емес. Ол кезде ауылда болсын, көрші ауылдарда да болсын, шақырушы жеткізетін қайғылы хабарлардың бүгінгідей көз жасыңды төгіп, қабырғаңды сөгетін салмағы жоқ еді, фәнидегі дәм-тұзы түгесілгендердің дені өз кезегімен келместің кемесіне отырып, жөнімен жөней беретін қарт кісілер-тұғын. Кейде үлкендер жағы жасарын жасап, бақилық болған бейбақтардың топырақты өлімін де тойға балап жататын. Алла Тағаланың пешенесіне қиған ұзақ ғұмырындағы қызық-шыжығына әбден тойып барып, «ана жаққа» армансыз аттанған сол үлкен кісілердің тәні тиген киімдерін не болмаса басқа бір жаңа матаны «жыртысқа» салып, жаназаға жиылған жамағатқа тәбәрік деп таратып беретін-ді. Қазақтың сол баяғы жақсылыққа деген ырымы, әлгі жүз жастың жүзін көріп кеткен кісінің жасына біз де жетейік деген жақсы ниеті. Біз секілді ойын балаларына әжелеріміз той-томалаққа кетті ме, жаназаға кетті ме бәрібір, үйге оралғанда алдынан жамырап жүгіріп шығамыз. Кейде қыжым қамзолдың қалтасына сүңгіткен қолымызға ештеңе ілікпейді. Ондайда әжеміз «Әй, қойыңдар түге, жапырламай, мені тойдан келді дейсіңдер ме?!», – деп қолындағы шыт шүберекті бөліп-бөліп шымшықтың сирағындай жіңішке білегімізге байлап береді. «Өй, құлындарым, бұл – тәбәрік, сендерге де осы аталарыңның жасын берсін!», – дейді сосын. Сол шүберектер сумен, кірмен әбден өңіп, тозып өзі түсіп қалғанша қолымызда жүретін-ді.
Қазіргі қазалы жерден тәбәрік алып қайтпайсың, жүрегіңді ауыртып қайтасың. Бақилық болғандардың көбі қыршын жастар. Жан түршігерлік жол апаты, оқыс оқиғалар сондай-ақ обыр, жүрек талмасы мен қан қысымы секілді аранды аурулар жас талғамай жалмап жатыр. Бүгін дидарласқан адамыңды ертең көрмейтін зауалды заман болды. Темір тұлпарын тізгіндей алмай орта жолда атынан ауып, ажал құшатындардың көбеюін қоғамдық тәртіптің босаңсып кеткенінен көреміз, ажал болып келіп ақыры алып тынатын айықпас кеселдерді қоршаған ортаның бүлініп, жұтқан ауаның ластануынан көреміз. Әйтеуір, ажалға себепші жайттарды жан-жақтан іздейміз. Бірақ біз бар болғаны шыр айналған уақыттың шеңберінен бір адым шеткері шыға алмайтын, тағдырымыз Көктегі Иеміздің құзыретіне байланған қауқарсыз құл екенімізді ескермейміз...
Жуырда ғана жүзге жете жығылып, жан тәсілім еткен үлкен кісінің жаназасына қатыстық. Ақсақалды ақтық сапарға арулап аттандырған соң көпшілікке тәбәрік деп қолорамал таратты. Таласа-тармаса ырым етіп алдық. Үйге келген соң ұл-қызымның білегіне байлап бердім. Бұрын ондайды көрмеген олар қолдарындағы шүберекке таңырқап та, тосырқап та қарайды. «Бұл – тәбәрік», – дедім мен. «Тәбәлік» деп қайталады былдырап енді тілі шығып келе жатқан кенжем...
Иә, «Құдайсыз қурай да сынбайды». Әр адамның пешенесіне жазылған тағдыры болады, өзегіне салған өлшеулі өмірі бар. Десе де, біз пенделік пиғылмен табиғаттағы дүйім тіршіліктің түлеуі өз мезгілімен болса дейміз ғой. Өлімнің тым «жасарып» келе жатқаны, жақсы нәрсеге имандай иланып ырым еткен, Жаратушының берген ең үлкен сыйы – тәтті өмірдің құнын бәрінен жоғары бағалаған бұрынғы бүтін болмысымыздың бүлініп бара жатқанынан болар, бәлкім.
Қуат АХЕТОВ