ОТБАСЫН САҚТАП ҚАЛУДЫҢ КІЛТІ
Сот жүйесін одан әрі жаңғырту бағытында Жалағаш аудандық сот жүйесінде ауқымды жұмыстар қолға алынды. Түрлі пилоттық жобалар табысты жүзеге асуда. Солардың бірі «Отбасылық сот» жобасы. Бүгінгі таңда отбасылық сот кеңесі араздасқан ағайынды ауызбіршілік пен ынтымақ-бірлікке шақырып, отбасы құндылығын арттыруға ықпал етуде.
Қазақ Елi тәуелсіздiкке қол жеткiзген соң, жастарға ұлттық тәрбие беру уақыт талабымен бiрге келген игiлiктi мақсат екенi даусыз. Соған байланысты жастарды жарасымды әдеттiлiкке, ұнамды iзеттiлiкке тәрбиелеу халқымыздың қасиеттi қағидасы деп бiлемiз. Шынында да әр азамат үшін Отан деген ұғымнан кейін отбасы тұрады. Отбасы Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, ортаға қосатын маңызды орта. Дананың да, ғалымның да ең алғаш тәлім-тәрбие алып, өмірге көзқарасы қалыптасатын орын, ол отбасы. Қазақ қоғамында отбасы берекесі оның толыққандығында. Осы бағытта халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың барлығының мақсат-мүддесі қазақ халқын тек бірлікке, ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпау, оқу білімге зер салу, адамгершілік, адал шыншыл, өз Отанының патриоты болуға үндегенін байқаймыз. Бүгінгі таңда сот саласы да араздасқан ағайындарды сабырға шақырып, отбасын сақтап қалуға жұмыс жасап келеді. Себебі қазіргі кезде, ел ішінен «сотқа беремін», «соттасып жүрмін» деген сөзді жиі естиміз. Бұрын «Бас жарылса бөрік ішінде» дейтін халқымыз өз арасындағы дауын басқаға естірткісі келмеген. Өйткені, ондай дау-дамайды бір ауыз сөзімен жөнге салып отырған ақсақалдарымыз әр үй сайын болған. Жанжалдасып қалған адамдардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей, оны ушықтырмай бітіммен, ымырамен шешу жолдарын көрсетуіміз керек. Міне, осыған қатысты ҚР Жоғарғы соты тарапынан «Отбасылық сот» жобасы қолға алынып отыр. Отбасылық дауларды оңтайлы жолмен шешуді және отбасы құқығын сақтауды көздейтін бұл жоба осындай мәселелерді онтайлы шешуге көмектеседі.
Отбасылық сот жобасының мақсаты түрлі отбасылық дауларды оңтайлы жолмен шешу және отбасы құқығын сақтау. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар пікірін ескере отырып, екі тарапқа да оңтайлы шешім қабылдау. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды міндетті тәрбиелеу бойынша бірлескен бағдарламалар енгізіп, отбасын сақтап қалу мақсатында бастапқы психологиялық көмек көрсетіп, отбасылық құндылықтарды насихаттап, қажетті іс-шаралар өткізіп, кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын түзеу мәселелері бойынша бірлескен әлеуметтік бағдарламалар әзірленуде.
Статистикалық мәліметтер бойынша өршіп тұрған даулардың көпшілігі неке бұзу, алимент өндіру, сондай-ақ, тұрғын үй, жер, мүлік дауларын құрайды. Қазіргі күні Қазақстандағы түйткілді мәселелердің бірі де осы. Қоғамда «кеше үйленіп еді ғой, бір жылға жетпей ажырасып кетіпті», «біреудің қызы ажырасып, үйіне баласымен қайтып келіп отыр» немесе «біреудің келіні кетіп қалыпты» деген сөздерді жиі естиміз. Рас, қазіргі кезде сотқа түскен арыздың 3 тен 1-і осы мәселе төңірегінде болып отыр. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда ерлі-зайыптылардың ажырасуына мінезінің жараспауы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, бір-бірінің туысын сыйламауы себеп болады екен. Соның ішінде, екі жақтың туыстарының себебінен де ажырасып жатқан жұбайлар да аз емес. Ал, біз көбіне сотқа арызын арқалап келген жастар жұбайлардың райынан қайтаруға тырысамыз. Мақсат – отбасын сақтап қалу. Егер, алған бетінен қайтпаса, әрине арызы тіркеледі, заң аясында некесі бұзылады. Мұнан бөлек, басқа да отбасылық даулар бойынша талап арыз саны көбейді. Қызылорда облысының өзінде адам басына шаққанда әрбір бесінші азаматтың дауға тартылып, соттасып жүргені көрінеді. Ол неліктен? Қазақ халқы ежелден сөзге тоқтап, сөз қадірін білген халық, «Балалығың он бестегі шешеңнен, даналығың алпыстағы әкеңнен» деп Қадыр ақын айтқандай, аңғалдығы мен адалдығын жоғалтпаған, дана халық. Осындай сақталған қасиеттеріміз бола тұра ұлттық санамыздың улануы ма, әлде жаҺандану толқынының әсері ме, жылдан жылға даукес болып барамыз. Мұны тоқтату, болмаса қалыптасқан ахуалды мұнан жақсарта түсу өз қолымызда.
Осы бағытта өткен жылдан бастап бірнеше мәрте дөңгелек үстелдер, кездерулер, семинарлар өткізіп, газет беріне ауқымды мақалалар жарияланды. Мұнан бөлек «Отбасын сақтап қалу үшін не істеу керек?» тақырыбында «Ашық есік күні» өтті. Шараға келген азаматтарды аудандық соттың судьялары мен медиаторлар, адвокаттар, психологтар қабылдап, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. «Ашық есік күніне» келген жеке тұлғалардың сауалдары сан-қилы болды. Бірі отбасындағы жанжалдар, ерлі-зайыптылардың арасындағы түсініспеушілік мәселелері бойынша сөз қозғаса, ал енді бірі күйеуінің отбасына қарамайтынын, арақ ішіп қол көтеретінін айтты. Көпшіліктің сауалдарына жауап берген сот қызметкерлері аталған мәселеге қатысты заң тұрғысында кеңес берді. Тағы бір айта кететін жайт «Ашық есік күніне» келген жеке тұлғаларға отбасын сақтап қалуға шақырып, заң талаптарына сәйкес, түсіндірме беріп, қойылған сұрақтарға толық әрі жан-жақты жауап берілді. Ал шараға қатысқан медиатор, адвокат, психологтар да жеке тұлғалардың мәселелері бойынша өздерінің ақыл-кеңестерін айтты.
Мұнан бөлек, «Отбасылық сот» жұмысын жетілдіру» тақырыбында, «Мен және отбасылық қатынастар» жөніңде тренинг өткізіліп, оған мектеп психологы, медиаторлар, неке бұзу туралы арыз берген отбасылар қатысты. Тренинг мақсаты – әрбір отбасында түрлі келеңсіз жайғдайдың кесірінен болатын ажырасудың алдын алу болып табылады. Іс-шара барысында ажырасуға арыз берген отбасыларына отбасын сақтап қалу өте маңызды екенін, арадағы балалардың болашағы, тағдыры қиын болатыны айтылды. Тренингте бұрынғы ата-бабаларымыздың дау шешу әдістері айтылып, «Бас жарылса бөрік ішінде» дейтін халқымыз өз арасындағы дауын басқаға естірткісі келмегенін, өйткені, ондай дау-дамайды бір ауыз сөзімен жөнге салып отырған ақсақалдарымыз әр үй сайын болғанын, сондықтан жанжалдасып қалған адамдардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей оны ушықтырмай бітіммен, ымырамен шешу жолдарын көрсету керек екенін жеткіздік. Сонымен бірге, «Отбасылық тәрбие» тақырыбында Жалағаш аграрлық колледж студенттерімен кездесу өтті. Кездесуге сот төрағасы мен колледж директоры, БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараның өткізілу мақсаты отбасылық өмірде ата-ана мен ондағы балалардың қарым-қатынасының жақсы болуы болып табылады. Осындай мәні бар кездесулерде отбасындағы ауызбіршілікті сақтау үшін алдымен ата-аналар балаларға үлгі болуы тиіс екендігі айтылып, әрбір азамат отбасылық өмірдегі өз орнын білу үшін осындай жауапкершіліктерді жадынан шығармағаны жөн екенің түсіндірдік. Кездесуіміздің негізгі мақсаты жастарға, оның ішінде студенттер мен оқушыларға кішкентай да болса ағалық ақылымызды айту болатын. Егер отбасыларыңызда кикілжің орын алып, соны заң аясында қарау жайы мазалап жүрсе, жеке қалып кеңесуге де дайын екенімізді білдірдік.
Ал өткен жылдың қыркүйегінде «Сот төрелігі жүйесіндегі отбасылық сот» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Оған аудандық сот, прокуратура өкілдері, аудандық білім бөлімінің мамандары, билер кеңесінің мүшелері, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен медиаторлар қатысып, отбасылық, әлеуметтік және діни жанжалдарға қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салды. Қатысушылар өз ойларын айтып, сауалдарына тұшымды жауаптар алды. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде қоғаммен тығыз байланыс орнап, құқықбұзушылық және отбасы мәселелеріне қатысты қаралатын істердің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірнеше пайызға азайып отыр.
Қорыта айтқанда «Отан отбасынан басталады» деген ата-бабалардан қалған қасиетті сөздің мән-мағынасы өте тереңде жатыр. Тереңірек үңіліп, ақылмен ойланып қарайтын болсақ, әрбір отбасы өз алдына жеке бір Отан. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Отбасында орнаған береке-бірлік, татулық, сыйластықтың Отанымыздың кемелденіп өсу жолында алар орны ерекше. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе? Міне, осы бағытта аудандық сот тарапынан отбасы құндылығын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын таба бермек.
Асылхан МИЗАНБАЕВ,
Жалағаш аудандық сот төрағасы.