Жалағаш аудандық сотында отбасы тақырыбында 2019 жылдың ІІ-ші жартыжылдығында жоспар бойынша атқарылған іс- шаралары
Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида бар. Мұның мағынасы билік айтушы ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болуы керек дегенді білдіреді. Сондықтан, сот судъялары мыңдаған адамның тағдыры мен дауын шешiп, олардың құқығы мен бостандығын қорғайды. Қазір сот саласы уақыт талабына сай жаңа деңгейге көтерілді.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында «Сот жүйесін одан әрі жаңғырту» қажеттігін баса айтты. Осы мақсатта облыста сот жүйесінде ауқымды жұмыстар қолға алынды. Биыл аудандық сот саласында қолға алынған жобалардың бірі – «Отбасылық сот» жұмысын жетілдіру болды.
Осы бағытта жыл басынан бері бірнеше мәрте дөңгелек үстелдер, кездерулер, семинарлар өтіп, газет беріне ауқымды мақалалар жарияланды. Бұған дейін аудандық сотта «Отбасын сақтап қалу үшін не істеу керек?» тақырыбында «Ашық есік күні» өтті. Шараға келген азаматтарды аудандық соттың судьясы Т.Темірбаев пен медиатор, адвокат, психологтар қабылдап, азаматтардың сауалдарына жауап берді.«Ашық есік күніне» келген жеке тұлғалардың сауалдары сан-қилы болды. Бірі отбасындағы жанжалдар, ерлі-зайыптылардың арасындағы түсініспеушілік мәселелері бойынша сөз қозғаса, ал енді бірі күйеуінің отбасына қарамайтынын, арақ ішіп қол көтеретінін айтты. Көпшіліктің сауалдарына жауап берген сот судьясы Т.Темірбаев аталған мәселеге қатысты өз ойын жеткізіп, заң тұрғысында кеңес берді.
Сондай-ақ ол «Ашық есік күніне» келген жеке тұлғаларға отбасын сақтап қалуға шақырып, заң талаптарына сәйкес, түсіндірме беріп, қойылған сұрақтарға толық әрі жан-жақты жауап берді. Ал шараға қатысқан медиатор, адвокат, психологтар да жеке тұлғалардың мәселелері бойынша өздерінің ақыл-кеңестерін айтты.
Мұнан бөлек, аудандық сот судьялары мен сот қызметкерлері, адвокаттардің, психологтың, медиаторларды қатысуымен өткен дөгелек үстел ұйымдастырылып, «Отбасылық сот» жұмысын жетілдіру» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Басқосуға аудандық сот төраға А.Мизанбаев дөгелек үстелдің тақырыбына сай баяндама жасады. Төраға А.Мизанбаев өз баяндамасында Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында «Сот жүйесін одан әрі жаңғырту» қажеттігін баса айтты. Осы мақсатта облыста сот жүйесінде ауқымды жұмыстар қолға алынды. Биыл аудандық сот саласында қолға алынған жобалардың бірі – отбасылық сот жобасын жетілдіріп, билер кеңесін құру болды.
Отбасылық сот жобасының мақсаты – түрлі отбасылық дауларды оңтайлы жолмен шешу және отбасы құқығын сақтау. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар пікірін ескерусіз қалдырмау. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды міндетті тәрбиелеу бойынша бірлескен бағдар-ламалар енгізіп, отбасын сақтап қалу мақсатында бастапқы психологиялық көмек көрсетіп, отбасылық құндылықтарды насихаттап, қажетті іс-шаралар өткізіп, кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын түзеу мәселелері бойынша бірлескен әлеуметтік бағдарламалар әзірленуде.
Негізі Қазақстанда Жоғарғы сот бастамасымен тұңғыш рет «Отбасылық сот» пилоттық жобасы жұмыс жасай бастады. Отбасылық соттың аясында қаралып жатқан істердің сапасы жоғарылап, саны азаятыны анық.
Бұрын араздасқан ағайындар арасындағы жанжалға ауылдың үлкендері араласып, туындаған дауды шешіп отырған. Қазіргі кезде дау да, кикілжің де жиілегенін аудандық сот деректерінен аңғаруға болады. Ресми дерек бойынша өршіп тұрған даулардың көпшілігі неке бұзу, алимент өндіру, сондай-ақ тұрғын үй, жер, мүлік дауларын құрайды.
Семинар соңында қатысушылардың өздерінің пікірлерін айтты. Қойған сұрақтарына баяндамашы А.Мизанбаев жауап берді.
Тамыз айында аудандық сотта «Мен және отбасылық қатынастар» жөніңде тренинг өткізіліп, оған мектеп психологы, медиаторлар, неке бұзу туралы арыз берген отбасылар қатысты. Тренинг мақсаты – әрбір отбасында түрлі келеңсіз жайғдайдың кесірінен болатын ажырасудың алдын алу болып табылады. Іс-шара барысында ажырасуға арыз берген отбасыларына отбасын сақтап қалу өте маңызды екенін, арадағы балалардың болашағы, тағдыры қиын болатыны айтылды.
Тренинг соңында судья Т.Темірбаев бұрын «Бас жарылса бөрік ішінде» дейтін халқымыз өз арасындағы дауын басқаға естірткісі келмегенін, өйткені, ондай дау-дамайды бір ауыз сөзімен жөнге салып отырған ақсақалдарымыз әр үй сайын болғанын, сондықтан жанжалдасып қалған адамдардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей, оны ушықтырмай бітіммен, ымырамен шешу жолдарын көрсету керек екенін атап өтті. Тренинг тренері судья Т.Темірбаев сондай-ақ шараға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен бірге, «Отбасылық тәрбие» тақырыбында Жалағаш аграрлық колледж студенттерімен кездесу өтті. Кездесуге сот төрағасы мен колледж директоры, БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараның өткізілу мақсаты отбасылық өмірде ата-ана мен ондағы балалардың қарым-қатынасының жақсы болуы болып табылады.
Кездесу барысында сот төрағасы А.Мизанбаев сөз алып «отбасындағы ауызбіршілікті сақтау үшін алдымен ата-аналар балаларға үлгі болуы тиіс. Балалар да алған тәлімді кейін өскелең ұрпақтың бойында жаңғыртуға міндетті. Әрбір азамат отбасылық өмірдегі өз орнын білу үшін осындай жауапкершіліктерді жадынан шығармағаны абзал. Кездесуіміздің негізгі мақсаты сіздерге кішкентай да болса ағалық ақылымызды айту болатын. Егер отбасыларыңызда кикілжің орын алып, соны заң аясында қарау жайы мазалап жүрсе, жеке қалып кеңесуге де дайынбыз. Бізге неқұрлым әрбір көрген жақсылығымыздан да, жаман әрекеттерімізден де оң нәтиже шығаруға болады. Мәселен, бір кісінің бойынан теріс қылық байқасаңыз оны қайткен күнде де өз өміріңізде қайталамауға тырысыңыз. Міне, сіздің ол кісіден алған тәліміңіз осы болмақ. Мен мұнымен не айтпақпын? Әрбір адам бойындағы кейбір жаман жақтарын басқа ортадан көріп жатады. Бұл қате пікір. Осындай адам бойындағы жаман әрекеттердің өзі отбасындағы орын алатын дау-дамайға алып келуі мүмкін» – деп айтты.
Кездесу соңында білім ошағы жанынан жүзеге асып жатқан мұндай игі жұмысты аудандық сот төрағасы да жоғары бағалады. Жиын соңында А.Мизанбаев жастарға тағы да отбасылық өмір, мерейлі отбасы жайында кеңес беріп, мелекеттің оларға үлкен сенім артатынын жеткізді.
Ал қыркүйек айында аудандық сотта «Сот төрелігі жүйесіндегі отбасылық сот» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Шараға аудандық сот төрағасы А.Мизанбаев, аудан прокурорының көмекшісі Ж.Кудебаев, аудандық білім бөлімінің маманы Е.Қайнарбаев, билер кеңес мүшесі А.Тоғысова, аудандық полиция бөлімінің кәмелеттік жасқа толмағандар инспекторы Ұ.Ахметова, медиаторлар М.Хайдаров пен Ж.Ибраев қатысып, отбасылық, әлеуметтік және діни жанжалдарға қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салды. Басқосуға қатысушылар өз ойларын айтып, сауалдарына тұшымды жауаптар алды.
Қорыта айтқанда «Отан отбасынан басталады» деген ата-бабалардан қалған қасиетті сөздің мән-мағынасы өте тереңде жатыр. Тереңірек үңіліп, ақылмен ойланып қарайтын болсақ, әрбір отбасы өз алдына жеке бір Отан. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Отбасында орнаған береке-бірлік, татулық, сыйластықтың Отанымыздың кемелденіп өсу жолында алар орны ерекше. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе? Міне, осы бағытта аудандық сот қызметкерлері газет беттеріне «Жанұя», «Отбасы құндылығы» тақырыпта бірнеше рет мақалалар жариялап, көпшілік оқырманға ұсынып келеді.
Қазақ Елi тәуелсіздiкке қол жеткiзген соң, жастарға ұлттық тәрбие беру уақыт талабымен бiрге келген игiлiктi мақсат екенi даусыз. Соған байланысты жастарды жарасымды әдеттiлiкке, ұнамды iзеттiлiкке тәрбиелеу халқымыздың қасиеттi қағидасы деп бiлемiз. Шынында да әр азамат үшін Отан деген ұғымнан кейін отбасы тұрады. Отбасы Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, ортаға қосатын маңызды орта. Дананың да, ғалымның да ең алғаш тәлім-тәрбие алып, өмірге көзқарасы қалыптасатын орын, ол отбасы. Қазақ қоғамында отбасы берекесі оның толыққандығында. Осыған орай, бүгінгі таңда қоғамның ұлттық мәдени тұрғыдан кемелденуі жастарды өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстыру, соның негізінде жеке тұлғаны қалыптастырып, оның шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамыту көзделеді. Өйткені, еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы жастардың білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты. Қай халықтың тәлімгерлік тәжірибесі болмасын, ол адамзат атаулыға ортақ рухани қазынаның құрамдас бөлігі. Қазақ халқының да мәдени жетістіктерін, қанына біткен адамгершілік, имандылық, балажандық, еңбексүйгіштік, қонақжайлылық, отаншылдық, т.б. қасиеттерін танытатын тәлімгерлік тәжірибесі бар. Онда кешегі өткен данагөй қариялар, ғұлама ойшылдар, шешен-билер, батырлар мен ақын-жыраулардың философиялық болжамдарының, психологиялық пайымдауларының, педагогикалық тұжырымдарының өшпес ізі жатыр.
Қай кезде болмасын халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың барлығының мақсат-мүддесі қазақ халқын тек бірлікке, ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпау, оқу білімге зер салу, адамгершілік, адал шыншыл, өз Отанының патриоты болуға үндегенін байқаймыз. Осы бағытта сот қызметкерлері де араздасқан ағайындарды сабырға шақырып, отбасын сақтап қалуға жұмыс жасап келеді.
Аян АЛТЫНБАЕВ,
Жалағаш аудандық сотының кеңсе меңгерушісі.
Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі