СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР
Кешегi би – бүгiнгi судья. Мыңдаған жанның тағдыры мен дауын шешiп, олардың құқығы мен бостандығын қорғайтынын ескерсек, ол шығаратын шешiмдердiң әдiлеттiлiгiне қарап, соттың бағасын халық береді. Қазір сот жүйесі уақыт талабына сай іргелі өзгерістерді бастан кешіріп, өз дамуында сапалық жаңа деңгейге көтерілді.
Аудандық сот залында сот жүйесіндегі жаңашылдықтардың негізгі баптарын түсіндіру бағытында семинар өтті. Оған аудандық сот төрағасы Асылхан Мизанбаев, аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, облыс бойынша соттар әкімшісі басшысының орынбасары Мөлдір Асанова, облыс бойынша соттар әкімшісінің ақпараттық технологиялар және ақпараттық ресустарды қорғау бөлімінің меңгерушісі Шыңғыс Аманқұлов, «Бітім» медиация орталығының директоры Ләззат Бақтыбаева, аудандық билер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов және мекеме, бөлім қызметкерлері қатысты.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Бұл заң 2019 жылдың 3 ақпанында заңды күшіне енген болатын.
– Бұл Заңмен 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 кодекске меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелікті дамытуға, сот жүктемесін оңтайландыруға және экономикалық қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған түзетулер енгізілді. Заңнама негізінде жалпы түзетулердің бес тобын қарастырады. Жалпы айтқанда мұндағы өзгерістердің барлығы меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіруге серпін беріп қана қоймай, халықтың сотқа деген сенімін арттыруға және сот төрелігін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді, – дейді сала мамандары.
Судьяларға елдің сенімі мен артып отырған үміті үлкен мәртебе, сонымен бірге асқан зор жауапкершілік жүктейді. Сол сенім мен жауапкершілік биігінен көріну жолында үнемі ізденісте болып, білімін жетілдіріп келеді. Қазіргі кезде сот саласында да заманауи үлгідегі ақпараттық технологиялар қолданылады. Ондағы қызметтің барлығы ашық әрі жария түрде жүзеге асырылады. Мұны жиынға қатысқан сот өкілдері жеткізді.
Н.ЖАНҰЛЫ.