» » » ДІН ДАМЫСА, ҒЫЛЫМ ДАМИДЫ

ДІН ДАМЫСА, ҒЫЛЫМ ДАМИДЫ

Мен әсіре діншіл де, құдайсыз да емеспін. Шүкір, қызыл империяның қан шеңгелінде жүрсе де әжем де, әке-шешем де бес уақыт намызын оқып, мұсылманның бес парызын өтеп өмірден өтті. Кішкентайымыздан осындай ортада, осындай отбасында өстік. Бес уақыт намазын оқып, оразада ауыз бектіп, басқа да шариғат шарттарын орындап жүрсе де, үйдегі сол үлкен кісілердің ауыздарынан дін жайында әңгіме шықпайтын. Айтайын дегенім, әкем де, шешем де бізді дінмен тәрбиелеген жоқ. Алайда, бұл әке-шешемізден тәрбие көрмей өстік деген сөз емес. Есесіне, сол кісілер өздерінің Аллаға деген сенімінің негізінде шариғатта рұқсат етілген және рұқсат етілмеген істерді, яғни обал мен сауапты, адал пен арамды, жақсылық пен жамандықты бізге сонау Меккеден, пайғамбарлар мен олардың сахабаларының хадистерінен тарқатпай-ақ, өз ата-бабаларымыздың бойындағы жақсы қасиеттері арқылы жеткізетін. Бабаларымыздың өзгенің ала жібін аттамаған адалдығын, қара қылды қақ жарған әділдігін, жау қарасынан жасқанбаған батырлығын, қалжыңға салса қара көрсетпейтін тапқырлығын, сөз бастайтын шешендігін, топ бастайтын көсемдігін, сегіз қырын толтырған өнерін, әдеп-ибасын, ар-ұятын жиып бір безбенге тартса әлемнің асыл тастары мен дүние-мүлкінің баса алмайтын салмақ-маңызын біз ең алғаш әке-шешемізден естіп, біліп өстік. Шежірені түп тамырынан тарқататын әкеміз бізге кішкентайымыздан жеті атамызды жаттатып, ағайын-туыстың, ауылдастың қадірі жайында көп айтатын. Одан қалса, үйімізде Яссауи, Фараби, Абай, Шәкәрім, Тұрмағамбет шайыр, Бұқар жырау, Базар жырау тағы да басқа данышпандардың, ақындардың текшелеп жиналған кітаптары да әкеміздің тәрбиесіне көмекші болды. Біз кішкентайымыздан солар­мен сусындадық. Енді сол кітаптардың ішінде және әке-шешеміздің әңгімелерінде көкейімізге түйіп алсақ, келешегімізге сәуле түсіретін тәлім мен тағылым, мұсылмандықтың өзегі тұрған жоқ па?! Ендеше, неге қазіргі дін фанаттары баласына кітап оқытпай, ғылым-білімге деген құштарлығына тиым салып, өнерге деген бейімділігін әдейі елемей, ескермей, құмарлығын шектеп, төрт-бес жасар баласына зорлықпен құран оқытып, аяттар жаттатып жүр? Бес жасар бала араб тіліндегі құран аяттары мен ұзыннан-шұбақ дұға-тілектердің мән-мағынасын қалай ұғады? Баланың санасы бос, сия түспеген ақ парақтай таза. Сондықтан олардың есте сақтау қабілеті жоғары. Нені айтсаң, соны қайталайды және қауашағына қиындықсыз құйып алады. Бірақ сол сіз айтқан сөздердің мағынасын түсінбей, санасына жазылып жатқан беймәлім ақпараттарды қо­рытып, сіңіре алмаған соң ойы шатасады. Тіпті келе-келе дүбәра күйге түсуі әбден мүмкін. Оның орнына сол бүлдіршінге адамгершілік, адалдық, әділет, достық ұғымдарын дәріптеп, ата-ананы қадірлеп, айналасын құрметтеп, тәртіпті бала, саналы адам болып қалыптасуға шақыратын тіліне, қабылдауына жеңіл, санасына сіңімді өз ана тілінде екі-үш шумақ тақпақ жаттаса бұл әдіс тәрбие беру тұрғысында әлдеқайда тиімді емес пе?!
Әкем газет-журналға көп жазылатын және алдымыздағы аға-апаларымыз барған қала­ларынан кітап сатып әкелетін. Әкем айлығы мен зейнетақысының жартысын сол басы­лымдарға жұмсады десем, өтірік айт­паймын. Үйдегі бар байлығымыз да сол кітаптар мен газет-журналдар еді. Солардың ішінде «Вокруг света», «Білім және еңбек» деген ғылыми-танымдық басылымдар болды. Олар сылдыр саясат сапырмайды, ғылымдағы жаңалықты жазады. Яғни адамзат игілігіне қызмет ететін әлемдегі ғылыми прогрессті сүйіншілейді. Сек­сенінші жылдардың ортасы. Бірде әкеміз дас­тархан басында отыз-қырық жылдан соң адамдар телефонды қалтасына салып жүре­тінін, байланыстың жеңілдейтінін айтты. Әлгі журналдардың бірі солай жазыпты. Мен кішкентаймын. Әкем айтқан байланыс құралын көз алдыма ойша елестетемін. Бала қиялым лезде үйдегі тұтқасы бар, шнуры шұбатылған, қажет нөмірді зырылдатып айналдыра теретін тоқпақтай телефонның қалтаға сиятын кішкентай моделін жасап шығарды. Бірақ оның шнуры ұзын болуы керек қой деп ойлаймын. Не керек, әкем айтқан қалта телефонды көз алдыма елестете алмадым. Кейін ұялы телефон шығып, ең алғаш қолыма ұстағанда сол бала кезімдегі қиялым ойыма түсіп, күліп алдым.
Сонымен қазір әсіре діншілдер көбейіп тұр. Әлеуметтік желіде дін жайындағы жазбаларға пікір білдірсең немесе діни ұстанымдарға қатысты бірдеңе деп аузыңды ашсаң, бітті, басың бәлеге қалады. Аяқ астынан әлгіге жау болып шыға келесің. Тіпті алдында тұрсаң жеп қоюға бар. Олар Ислам дінін тек арабтармен байланыстырады. Исламды сол халықтың өмір сүру қағидаты деп түсінетіндер де бар. Ең өкініштісі, олар Ислам дінін адамзатты қараңғылық құшағына қарай тартатын «қара құрдым» секілді қорқынышты етіп көрсетіп қойған. Бірақ оны әсіре діншілдердің өздері байқамайды. Ислам дінінің Алладан аян болып пайғамбарымыз арқылы жерге түскендегі мәңгілік (ақырзаманға дейінгі) миссиясы: мұ­сыл­ман баласына, тіпті адамзат әлеміне жа­рық сәулесін түсіріп, олардың жанын нұрмен ізгілендіріп, жүректерін жібітіп, тура жолға бас­тау емес пе еді?.
Ал адам жаны қалай тазарып, ізгіленеді? Алланың нұры түскенде адамның жаны, тәні тұтас тазарады. Алланың нұры – білім. Сол нұрды сіңіре алған адам шын мәнінде Құдіретті таниды. Өйткені, Алла қасиетті құранда да адамзатқа оқып, білім алуды бұйырады. Ал білім алудың арғы жағында ғылымды меңгеру тұр. Ғылымның мақсаты – адамзатқа қызмет ету, өмірін жеңілдету. Енді осы жерде әсіре діншілдер Қадыр Мырзалиевтің мына өлеңіндегі:
«Өмір сүру жеңілдеп бірте-бірте,
Адам болу қиындап бара жатыр» деген шумағын ойып алып, көлденең тарта береді. Кәдімгідей осы сөзді өзінің пікіріне қару, қалқан қылып алған діни фанаттар бар. Олардың ойынша, ғылым дамыған сайын адамзат айуанға айналады. Күллі мұсылман Құранның сөзімен, шариғатпен ғана өмір сүруі тиіс. Қадыр ақын ол өлеңінде өмір сүру жеңілдесе, адам болудан қаламыз деп тұрған жоқ. Керісінше, заманға сай адамдардың санасы да өзгеруі керек екенін, қоғамға жаңа идеология керек екенін, ғылыми прогресс адамды масылдыққа емес, жаңаша ойлауға шақырып, заман озған сайын тәрбие тетігі де қатая беру керектігін айтып, әлгілер айтып отырған айуандықтан сақтандырып отыр. ХХ ғасырдың адамзат үшін ұлы жаңалығы ғарышқа көтеріліп, көк пен жердің арасына көпір салуы еді. Ғарышты игеру адамзатқа ұшан-теңіз пайда әкелді. Құранда да адам баласы өз Иесін шын танығанда Жаратушы жеті қат көктің қақпасын айқара ашатыны туралы жазылған. Демек, адамзат баласы кемелденгенде ғана Алланың нығметін сезінеді. Алғаш айға қонған космонавт Нил Армстронг ай бетінен мешітте шақырған азан намазының дауысын естіп, кейін Исламды қабылдады деген әңгіме бар. Мүмкін Алла Тағала өзі жаратқан пендесінің күмән-күпірін сейілтіп, өзіне жақындату үшін де адамзатты көкке көтеріп, айға алып барған шығар. Не десек те, ғарыш кеңістігін бағындыру адамзат үшін жаңалық болды және ол адам баласына қызмет етіп келеді. Ал экологиялық зиянды жақтары адамзаттың ғылымға құштарлығынан емес, салғырттығы мен құлқын үшін жерді қойып, басқа ғаламшардың байлығына көңіл құрты түскен ашкөздігінен болып отыр...
Намаз оқып, ораза ұстап жүрген аға-апаларым, іні-қарындастарым бар. Ғылымға қы­зықпайды, ғаламның тылсым сыр­ла­рын ғылыми зерттеулер арқылы білуге ұмтыл­май­ды, тым болмаса қарауға, оқуға құлқы жоқ. Жалқаулықтан немесе ғылымға қырсыздығынан емес, Құдайдан қорыққанынан. Олардың ойын­ша, ғаламның сырларын тек сол ғаламды жаратқан Алла ғана білуші. Оған адамның араласуы үлкен күнә. Бұл – енді таза тақуалық, мұсылмандық емес, нағыз надандықтың шырқау шегі. Жоғарыда айтқанымыздай, Ис­ламды адамзат санасын қараңғы қапаста ұстап, мүмкіндігін шектеп отыратын дүмше дін сықпытында көрсетіп жүрген осы топ. Бірақ өкінішке қарай, бұл топ та осындай қараң­ғылықтары арқылы ата дінімізге сызат түсіріп жүргенін өздері білмейді.
Ал енді тағы бір топ бар. Олар тек намаз оқитын мұсылман баласын ғана бауырына тартып, дос тұтады да, нәсілі басқа, діні бөлектерді адам санатына қоспайды. Тіпті өзге дінді ұстанатын өзге ұлттардың бойындағы артықшылықтарын айтсаң, «олар мұсылман емес, намаз, дәреті жоқ кәпірлер ғой» деп тыжырынып қалады. Бұл жайында Шәкәрімнің еңбектерін айтпай-ақ қоялық, әжесінен өнеге сіміріп, әкесінен дінді сіңірген Абайға неге құлақ түрмейді әлгілер? «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп». Мұсылманды ғана сүй деп тұрған жоқ, адамзатты бауырыңа бас дейді Абай. Яғни жүрегіңде мейірім болмаса, сенің мұсылманшылығың құр далбаса екенін айтып тұр. Бейбітшілікті тыныштықты, еркіндікті қалайтын Исламнның өзі мейірімнен тұрады. Менің түсінбейтінім, сонда әлгілер көшеде келе жатып көз алдында жүрегі ұстап құлап жатқан адамды көрсе, жедел жәрдем шақырмас бұрын нәсілін анықтап, дінін тексеріп жүре ме екен? Ау, мұсылман баласы адам тұрмақ, жер бетіндегі жыбырлаған жәндіктің де обалын көтеріп, сауабын алмаушы ма еді?!
Енді мына қызыққа қараңыз! Осы топтағылардың көбі Фейсбук желісін қолданады. Олар әлеуметтік желіге компьютермен немесе қолдарындағы телефонмен кіреді. Ал сол компьютер мен смартфондарды ойлап тауып, құрас­тырған мұсылман ба? Тіпті солардың өздері қолданып отырған осы Фейсбук әлеу­меттік желісінің жүйесін жасаған кім? Тіпті олардың үстеріндегі киімдерінің, мініп жүрген көліктерінің, одан бөлек тұтынып жүрген тұрмыстық заттарының, күнделікті азық-түлік­терінің тең жартысы шет елден келеді және ол тауарлардың барлығы мұсылман елінде өндірілмейді ғой. Бірақ олар оны ойламайды, білсе де, «біссіміләсін» айтып алып, пайдалана беретін болып тұр.
Ерте замандардың өзінде орта Азияда аспан әлемін зерттейтін үлкен обсерватория салдырып, артына ұшан-теңіз ғылыми еңбек қалдырған және ол еңбектері кейін Еуропада ғылымның дамуына көп ықпалын тигізген Ұлықбекті Аллаға қарсы шықты деп кінәлап, басын шауып өлтіріп, обсерваториясын талқандаған да сол кездегі Ислам дінін ұстанған мұсылман фанаттары еді. Ғылымдағы жаңалығымен әлемге өзгеріс жасаған Джордано Бруноны діни көзқарасы үшін християн инквизациясы тірідей отқа жақты. Айта берсек, мұндай мысалдардың шегі жоқ және мұның барлығы да әсіре діншілдіктен, дінге ғылыми тұрғыда терең бойлай алмағаннан қалыптасқан сыңаржақ көзқарас, соқыр сенімдегі фанатизм еді. Ең өкініштісі, олар ғылымға орасан зор қасірет әкелді. Бір қызығы, сол ғалымдардың барлығы да тек материяны ғана іздемей, рухани да толық адамдар болған. Мәселен, әлгі айтып отырған Ұлықбек те, Бруно да ғылыммен бірге әдебиетті зерттеп, оның дамуына үлес қосқан, бейнелеу өнерін, музыка тілін меңгерген және сол тақырыпта құнды еңбектер жазып қал­дырған.
Шүкір, тәуелсіздіктен соң дініміздің шырағы жанды, тіліміз тірілді деп айтып жүрміз. Қазірде мешіттің жамағаты молайды, құбылаға бет бұрып, сәждеге маңдайын қойғандардың қатары артты. Әсіресе, біз мұсылман екенімізді осы ораза айында ойымызға аламыз. Ауыз бекітіп, ораза тұтамыз. Шариғатта бес парыздың бірі де осы ораза және мұны мұсылманға міндет еткен. Қазірде кәрі-жасымыз ораза ұстайтын болдық. Ісіңнен де, ниетіңнен де мұсылманшылықтың иісі шығып тұрғаны әрине, жақсы. Бірақ жасаған амалдарымыз бен ниетіміз үйлесім таппай тұр. «Тілде бар да, ділде жоқ». Осыны айтқан Абай тағы да халқының бойындағы бір мінін сынап: «Қазақ құлшылығым Құдайға лайықты болса екен демейді. Тек жұрт қылғанды қылып, жұрт істегенді істесем болды емес пе...» дейтінін айтады. Абайдың айтып отырғаны басқа емес, өз қазағы. Ал ол қазақ – мына біз. Көпке топырақ шашуға болмайды, бірақ оразада Алланың разылығын аламын деп емес, артық салмақтан арылу, денсаулығын түзету мақсатында ауыз бекітетіндер де бар. Тіпті оразаға дейін ішімдік ішіп, шылым шегіп жүріп, Рамазан айы келгенде әлгі жаман әдеттерден уақытша тиылып, отыз күннен соң баяғы әдетіне басатындар бар. Жұма намазында жамағатпен сапқа тұрып, құдайға құлшылық жасап, шыққан соң ауыздарынан жалын атып, стақан соғыстыратындар да бар. Мен бұлардың барлығын көзіммен көрген соң айтып отырмын. Енді бір топ осы әңгімеңді естісе «Нең бар оларда, күнәсін өздері көтереді» дейді шамданып. Сонда біз жанымыздағы жақынымыз күнәға батып жүргенде оларға жанашырлық ниетпен бір ауыз сөз айта алмасақ, мұсылманшылығымыз қайда? Оның үстіне Ислам дінінде мұсылманның бір-біріне жақсылық, қайырымдылық жасауы жайында көп айтылады емес пе?! Ендеше, айналамызда жүрген мұсылмандар біліп-білмей күнәға ұрынып жүрсе және біз соны біліп жүрсек, неге оларды тозаққа бара жатқан тура жолдан құтқармай қарап отыруға тиіспіз?!.
Қазір Рамазан айы. Барша мұсылман баласы ниет қылып, ауыз бекітті. Біз де бұл айда мұсылман баласының кем-кетігі мен күнәларын жіпке тізгелі отырғанымыз жоқ. Керісінше, осы кішкене мақаламыздан тамшыдай болса да тағылым алса деген ниет еді.

Қуат АДИС
12 мамыр 2020 ж. 446 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930