Сәрке батыр


Тәуелсiздiк алғаннан берi төл тарихымыздың қатпар-қатпарларын зерттеп, зерделеп, елi мен жерiн жаудан қорғаған батырларымызды түгендеп келемiз. Әсiресе XVII-XVIII ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы кезiнде ел тағдыры таразыға түскен сындарлы сәтте қазақ даласынан қол бастаған батырлар шықты. Солардың қатарында XVII-XVIII ғасырлардағы Ұлт азаттық қозғалысы қолбасшыларының бірі, баһадүр батыр Өмірқұл баласы Сәрке бабамыз да бар.
Батырдың әкесі Өмірқұл Кіші жүздің Жетіруындағы Табынның Есенбай аталығынан шыққан ауқатты кісі болған. Өмірқұл бабамыз Ақтөбеден ХVII ғасыр соңында Арал теңізінің солтүстік батыс жиегіне келіп тоқтайды. Теңіз жағалауында көп тұрақтамай Қарақұмның кең даласын басып өтіп, оңтүстік шығысты бетке алып, Өмірқұл бастаған топ, Шу, Іле өзендері бойындағы қалыңға жетіп орналасады. Екі-үш жылдан кейін қоныс аударып, Шыршық өзені бойына құлайды. Көптеген әңгімелерден белгілі болғандай, Өмірқұл байдың малы Шыршыққа келіп құлағанда өзеннің суы бір сәтке тартылып қалады екен.
Сол Өмірқұл бай заманында қазақ даласы, әз Тәуке хан ордасы “Күлтөбе” деген жерге тұрақтаған-ды. Өмірқұл байдың қисапсыз көп жылқысынан Әз Тәуке ханның әскеріне ат даярланатын. Жылқыны тай күнінен тасқа байлап, әбден езіп әскери әдіске, мініске үйреткен. “Бестісінде” ханның арнайы кісілері келіп, таңба салып, сыннан өткенін сатып алып отырған.
Күндердің бірінде Өмірқұл бай туыстарына, хан ордасына бармаққа ойы барын жариялап, даярлық жүргізеді. Төрт түлік малдан кеңестегі билерге сыбаға даярлап, саба-саба қымызын жібереді. Тағы да басқа сияпаттарын алып, Өмірқұл бай Ордаға аттанады. Өмірқұл байдың келетінін сезген Пір Мүсірәлі замандасының алдынан шығып, сый-сияпатты қабылдап, халыққа бөліп береді.
Өмірқұл байдың Құлшық, Қареке, Қараман және Сәмеке деген балалары болған. Алайда елді қорғайтын бала сұрап, құдайға құлшылық етіп, Арыстан баб әулиеге барған. Онан кейін Мүсірәлі софы Әзиз әулиеге келіп: «Шүкір, малсыз емеспін, жансыз емеспін, ел қорғайтын жерге, елге ие болатын ұл болса» деп, әуелі Алладан сосын өзіңнен қоштау бола ма деп келдім» дейді. Сонда Мүсірәлі әулие: «Алладан сұрадым, Алла тілегімді берді. Көш бастайтын Қарқара қыз берді, жауға қарсы қол бастайтын Сәрке атты ұл берді. Аттарын да Алла ауызға салды» депті.
Жазушы Майдан Түйімбетовтің «Табын Өмірқұл бай» атты ауқымды мақаласындағы жазбаға сүйенсек, Шыршықтан бері Сыр бойына көшкен аңыз әңгіме желісі бойынша Сыр өңірінде Сәрке дүниеге келіп, Өмірқұл бай ұлан-асыр той жасаған екен. Сәрке батыр үш жастан-ақ сырт көзге беймазалау болған. Шешелеріне әл бермей, қолынан тулап шығып кететін халге жетіп, тілі ерте шыққан. Орта жүз найман Ақүрпек деген кісі: «Кісі болар баланы кісесінен танисың, кісі болмас баланы мүшесінен танисың» демекші, «Үш жылда қан өзгереді, жеті жылда тән өзгереді», осы балаң қатарынан ерте көрінер, жетегіңе тұрмас, байқас бол», – деп, Өмірқұл байға ескерткен екен. Баланың мінезі күн өткен сайын өзгеріп, күрделене түседі. Киелі аңның жүрегіне жерігі қанып, нәр алған анадан туған Сәрке жеті жаста көзге түсіп, он екі ұрыс тәсілін меңгерген. Жайдақ атқа қарғып мініп, жүгенсіз шауып кете беретін болған. Жақсы мен жаманды айыра білген, сөзге де тапқыр болған.
Өмірқұл бабамыз Сәрке мен Қарқараға қазақи тәрбие беріп, Бұқара мен Үргеніштен оқымысты кісілер алдырып оқытады. Мешіт ашып, молда ұстайды. Сәрке мен Қарқара өте зерек, шалт қимылды, алымды балалар болады. Қаз тұрып жүргеннен бастап балаларды ат арқасына айылдап таңып, ашамайға отырғызады. Келе-келе ат құлағында ойнайтын нағыз шабандоздар болыпты. Бір күндері Өмірқұл бай Алаштың ең қадірменді ақсақал-қолбасшылары қарт Текей батырды, Әз Тәуке ханның жасынан тәрбиешісі болған “Аталық” Бидас батырды қонаққа шакырады. Қонақтары Текей мен Бидасты Өмірқұл бай бірнеше күн аялдатып, тынықтырып, кеуілдерін сергітеді. Олар ауыл балаларының өнер-білімдерін тамашалап, бір жасап қалады. Текей, Бидас ақсақалдар Сәрке мен Қарқара қыздың өнер-білімдерін қызыға тамсанып, өнеріне разы болыпты. Екі баланың келешегіне үміт артып, батасын береді.
Соңыра екі баланы өздері ұйымдастырған Ордадағы әскери мектепке алдырады. Бұл мектепте даңққа бөленген қолбасшылар, соғыс өнерін үйрететін, ғылымды, сопылық ілімнің қыр-сырын ұқтыратын оқымыстылар дәріс берді. Мектеп қабырғасында тәлім алған Әбілқайыр, Абылай, Бөкенбай, Есет, Сәрке, Есенгелді, Бәйтен, Сәлтеке, Тайлақ, Майдан, Рысымбет, Қабай, Кеген, Жәнібек, Қожаберген, Қабанбай, Бөгенбай т.б. қолбасшылар мектеп илеуінен өтті. Бұл мектепті алғаш ұйымдастырушы әз Тәуке ханның тәрбиешісі, Бидас “Аталық” болатын. Ол осы мектептің өле-өлгенше қамқоршысы болды. Мектепті толық оқып, сардар дәрежесін алған Сәрке мен Қарқара қыз соғыс өнерінің нағыз қаһарман білгірі болып жетілді. Қарқара қыз талай шайқастарға қатысып, қаһармандықпен соғысып, қол бастады. Кейін өздерімен қыз алысатын Табын руынан шыққан жігітке ұзатылып, Барақ, Асау, Дәуіт атты қазақ батырларын дүниеге әкелді.
Барақ Сатыбалдыұлы “Барақ” дастанында екі шумақ жыр айтады. Онда:
– Кіші жүздің ішінде
Табын дейді затымды.
Сатыпалды баласы
Барақ дейді атымды.
Шешемнің аты Қарқара
Жібермен жауға ақымды.
Алты Алашқа белгілі
Нағашым Сәрке батыр-ды, – деуі Сәркенің қандай тұлға болғанын меңзеп, ұлы батырдың бейнесін көз алдымызға келтіреді.
Ер жете келе Сәрке батырдың көріпкел әулиешілігі де байқала бастайды. Сәрке 16 жас кезінде нағашыларына барып, бір-екі жұмадан кейін келсе, қаруланған қалмақтар малдарды айдап кетіпті. Дария бойындағы бір түбекте қалған жылқыларының ішіндегі нағашылары ырымдап «бәсіре» тартуға алған шұбар құнанын алдырып ерттеп мініп алады. Көп жылқының ізімен қуып отырып, жетінші күні ерулеп отырған қалмақтардың үстінен түседі. Қалмақтар жалғыз келген жас балаға онша назар аудармай, тамақтарын жеп отыра береді. Осы сәтті пайдаланған Сәрке көп жылқыны елге қарай айдай жөнелген. Артынан қуған қалмақтарды қашыртқы әдіспен біртіндеп аттан түсіре берген.
Көп жылқыны елге айдап келген Сәрке ауылдың тұсынан өткенде «Сәркелеп» шауып өткен екен. Сол кезден бастап, осы сөз Сыр бойы табындарының ұранына айналған. Алланың берген абыройы қалмақтармен жалғыз айқасқан алғашқы ерлігі аяқ жетер жердегі Сыр еліне тарайды.
Дуалы ауыз игі жақсыларды жиып, баталарын алғаннан кейін Сәркенің ақ жолы ашылып, төңірегіне қарулы жігіттерді топтастыра бастайды. Шөмекей Солтан батырдың туысы Тойқожа баласы Бәйтік батырмен бірге Сәрке батыр алғаш рет жорыққа аттанған екен. Кейінірек Жақап табын Бәйтен батырмен бірге талай шайқаста болған. Бәйтен батырдың киелі жолбарысы мен бүркіті болған көрінеді. Бірде қарсы келе жатқан қалмақтардың ту ұстаушысының қасында бес қаруы сай келе жатқан дәуді көреді. Сәрке батыр оза шауып алдына жетіп барғанда, қалмақтың дәуі шалт қимылдап найзасын Сәрке батыр мінген шұбардың шылауына қарай ұсына бергенде, емен ағашының безінен жасалған шоқпармен салып жібереді. Найзасы қолдан ұшқан дәу ақ боз атынан құлап бара жатады. «Әй, қазақ, жастығыңа шалттығың сәйкес келді-ау, әттең» – деп, сынған оң қолын ұстап, аунай бергенде Сәрке батыр найзасымен түйреп өткен.
Арқадан келген ойраттар мен дүрбіт қалмақтар кіші жүз жеріне дамыл бермейді. Сәрке батыр Есет батырмен қолдарын біріктіріп, жолай әлім Жиембет батырдың қосындарымен бірге қалмақтарға соғысты бастап, қарсы тұрады. Осы соғыста күш біріктірген қазақ сарбаздары қалмақтардың тоз-тозын шығарып, қалғандары орта жүзге қарай қаша бастайды. Тама Есет батырмен Сәрке батыр жаудың ортасына кіргенде жүрген жерлері жол болып қалатын көрінеді. Сәрке батырдың ерен қимылы мен соғысу тәсілдері ерекше жаудың біресе оңынан, біресе солынан жол салып атойлап жүреді екен.
Ұлытаудан түстікке қарай бет алған қалмақтарды Сәрке батыр, Бәйтен батыр және жаппас Ақберді батырлар қарсы алады. Бұланты, Білеуті шағын өзендерінің бойында қырғын соғыс болады. Осы соғыста Сәрке батыр бастаған қазақ сарбаздары қалмақтарды терістікке қарай қуа отырып, жеңіске жетеді. Қалмақтар есепсіз көп қырылып, сол жер «қалмақ қырылған» деп аталып кеткен.
“Ақтабан шұбырынды” атанған қазақ халқына келген нәубетті басынан өткеріп, әдепкі күннен бастап жаумен айқасқа түскен Сәрке батыр – өмірінің соңына дейін қаруын тастамаған қазақтың хас батырының бірі. Шамамен 1720-1730 жылдары аралығында қалмақ бектері Жоршын мен Тайшы бастаған 35 мыңдық қалмақ қолы шегінген қазақ қолын өкшелеп, қазіргі Жезқазған өңіріндегі Білеуті, Бұланты өзендерінен өтіп, Қарақұмның “Ұлы құмындағы” жықпыл-жықпыл құмға дендеп кіреді. Қазақ қолын басқарып келе жатқан Әбілхайыр ханның қалмақты құмға енгізу арманы еді.
“Ұлы құмда” ат бауырын жазып, соғыс салатын кеңіс дала болмайтын. Бір-бірінен аумайтын өркеш-өркеш құмдар қазақ баласын құтқаратын нағыз қорған деседі. Қалмақтар мұндай жан-жағын бағдарлауы қиын, қорыс, ат бауырын жаздырмайтын құмда соғыс жүргізуге даяр емес-ті. Бұл жағдай дамылсыз соғыста келе жатқан қазақ қолбасшысына бір сәт стратегиялық ойға берілуге кеңшілік тудырады. Әбілхайыр хан кеңес жүргізе отырып, оң шешімге келеді.
Сәрке батырмен оңаша қалып, батырға қол астындағы Кіші жүз Жетіру қазақтарынан құралған жеті мың әскерімен тосқауылда қалуына бұйрық береді. Әбілхайыр хан бұйырады: “Сәрке батыр, мына қалың қалмақты он екі күн осы жерден жылжытпайсың. Құдай қалап, амандықта болсам, мен де жетермін”, – дейді. Сонда Сәрке: “Хан, он екі күнің ұзақ қой, біздің жаназамызды шығарып кет” дейді. Хан Әбілхайыр осы жердегі молдаға жеті мың адамның жаназасын тірілей шығартады.
Сәрке күрең жүзді, сом-сом денелі шырайлы жігіт болды. Қорқуды білмейтін, жеке-дара ер болатын. Әбілхайыр хан Табын Бөкенбай батыр мен Тама Есет батырды кеңесші ағалыққа даярлады. Елубасылар қара Кете Ұлтай мен Кегенді жүз адамымен, Қаратамыр Есенғұлды елу адамымен, Кішкене Шекті Киікбайды елу адамымен, Алтын Сәлтекені екі жүз адамымен, Табын Бәйтенді Сәрке батырдың жанпейіл қорғаушысы етіп қалдырады. Қалған әскерімен Әбілхайыр Арқадан ауып, Қарақұмның қойнына кірген, одан әрі Жаңадария, Сыр бойына еніп кеткен. Аралдың қолтық-қолтығындағы қазақ жұртының артынан ат шаптырып, кеудесінде жаны бар қазақ маған жетсін дейді. Нұрадағы Алтықұдық, Қыземшек, Бәйбіше тауының етегіне ту тігеді. Осы жерде отырып, әскер жиып қанды соғысқа дайындық жүргізеді.
Сәрке батыр өзі тосқауылда қалған “Шилі” деген жерде қалмақтың сілесін қатырып, қаша ұрысқа салып, құмға обықтырып, артынан орағыта тиіп, бірден көп әскер жұмсауға мүмкіндігі жоқ төбе-төбеге тығып, үлкен жеңіске жетіп, әбден мейманасы тасыған қалмақты тоба қазығына таяйды. Қазақтың шексіз көп әскеріне жолықтық деп құмға кіріп, арандап қалғандарын Жоршын мен Тайшы кештеу сезеді. Енді қалмақтар құмдағы әскеріне Бұланты, Білеуті өзендеріне қарай шегінуге бұйрық береді. Сәрке батырдың әскербасы батырлары қалмақтың алдын орап, еркін шегінуіне мүмкіндік бермейді. Осылай күні-түні жүргізілген соғыста он екі күн өтеді. Қалмақтар қырғынға ұшырап, содан кейін бұл жер «Қалмаққырылған» деп аталып кетіпті.
Сәрке бастаған қазақтың да қатары сиреп, күнбе-күн, сағат сайын әлсірей бастайды, Арада он бес күн өтеді. Қалмақтар бас-көзге қарамай шегініп, Бұланты өзенінің жағасындағы биік төбенің басынан Жоршын мен Тайшы майдан даласына қарап тұрып Сәркенің соғыс өнеріне, ат төбеліндей қазақтың қалмаққа бөрідей тиіп жүргеніне таңдай қағады. Сонда қалмақ қолбасшысы: «Сәркеге қарсы келер ешкім қалмады, қайтсек те оның көзін құртуымыз керек» деп, бір топ мергендерін қалың қамыс арасына жасырып, Сәркенің келуін тосады. Бұл Сәркенің қалмақтармен болған он жетінші күнгі шайқасы еді. Сәрке жарықтық ақырғы шабуылына шығып, қалмақтың қалың әскерін бұза-жара Сары төбенің басындағы қалмақ бектеріне тура салады. Төбе басында тұрған Жоршынның қақ жүрегінен көк сүңгіні қадап үлгерген Сәрке батырды қалың қамыстың артына жасырынған қалмақтың арнайы жасақ мергендері бабамыздың арқа тұсынан атып, мойын омыртқасына тигізеді. Кейін Бұланты өзеніндегі Сары Төбе “Сәркенің сары төбесі” делініп, басына ақ тас қойылады.
Ат жалын құшқан қолбасшының тізгіні қолына тиген Есенғұл атты жетегіне алып “Алаштап айқайды салады” дейді. Бұларды байқап қалған Кеген мен Шымырбай, Алтын Сәлтеке батыр, Шекті Киікбай Сәркені қорғанына алып жүреді. Он жетінші күнгі айқас кезінде Әбілхайыр хан да қалың қолмен жеткен еді. Сәрке батырдың серіктерінен санаулы адам тірі қалады. Әбілхайыр хан жетісімен батырға қарсы келуге батылы жетпей, ту сыртынан оқ атқан қалмақ атауын (Қалмаққырылған) жарға жығып, қынадай қырады.
Жау оғынан Сәрке батырдың жағдайы күннен-күнге нашарлай берді. Өзінің жағдайын сезген батыр қасына Бәйтен батырды шақырып алып былай дейді.
– Мен кетіп барам. Ұзақ сапарға аттанғалы жатырмын. Өкінбеймін, артымда елім бар, тұяғым бар, солардың бәрі ертеңгі тұяқ басарларым. Елді, жерді қорғаңдар. Менің атым өлмес, заманы келгенде бәрі жақсарып, келешек ұрпақ бізді де еске алады. Мүсірәлі әулие Алладан тілеп, Алладан сұрап алған соң ұрпағымда да аттары аңызға айналар батырлар келер. Оған кәміл сенемін. Тек айтарым қазір күннің ыстығы мынау, Қорқыт баба зиратына жеткізу қиын болар. Осы Ақшиде аманаттап жерлеңдер, кейін тыныштық орнаған соң Қорқыт бабаға апарып қоярсыңдар, – дейді батыр.
Үнсіз тыңдаған Бәйтен батыр ауыр күрсініп:
– Аманат деген ауыр жүк, батыр. Сабыр сақтайық, ақырын күтелік. Алда-жалда Алладан бұйрық келсе, сөз жоқ, оны орындауға барымызды салармыз, – деді Бәйтен батыр.
Батырдың айналасындағы көп сарбаздар қатты қайғырып, қамығып тұрып, «Уа батыр, бізді кімге тастап барасыз», – деп қоштасқанда, Сәрке батыр бар күшін жиып, сабырлы үнмен айналасына көз тастап «Бар сарбазды Жүзжасарға, ал Жүзжасарды бір Аллаға тапсырып барамын» деген екен. «Кемеңгерге кеңесші керек» дегендей батыр әрдайым Жүзжасармен ақылдасып отыратын болған. Мешін жылының шілде айында Сәрке батыр Қарақұмның «Сәрке Ақшиінде» 44 жасында дүниеден өтті. Қайран қазағымның білгірлігі де орасан зор ғой. Ми қайнаған күннің ыстығында дененің бұзылмауы үшін, киізге орап, сыртын терімен қаптап, қыл арқанмен ауа өтпестей етіп ораған дейді. «Ақшиде» аманаттап жерлеп, күзде Бәйтен батыр мен Жүзжасар би бастаған азаматтар бабамыздың денесін Қорқыт баба зиратына апарып жерлегенде дене сол қалпында сақсалған екен дейді. Бүгінде Қорқыт ата қорымында Сәрке батырмен бірге оның баласы Ағайдар, немересі Байқадам мен шөбересі Сейіл батырлар мәңгілікке мекен тапқан.
Өмірқұл бабамыздың үлкен ұлы Қаракеден Жанкісі деген кісі туып, ол көріпкел әулие болған екен. Ал баласы Өтеуліден немересі Қайқы батыр туды. Сәмекеден Жалтынов Далдабай деген кісі, ұзақ жылдар ел басқарған қоғам қайраткері әрі шешен адам болған. Далдекең айтты деген әңгімелер бұл күндері халық аузында. Сәрке батырдың артында қалған ұрпақтары Қойкелді, Бекайдар, Ақайдардан тараған ұрпақтарында көптеген батырлар, әулиелер тараған. Ақайдардан Байқадам, Байқадамнан Сейіл батыр, Байсақал, Ақсақал, Тобан, Аман, Байтоғай туады. Сейілден 12 бала туады. Байсақалдан Бекнияз туады. Бекнияздан бүкіл Сыр бойы кіші жүзге белгілі Беркімбай әулие туады.
Киелі Қорқыт бабамыздың қасына жерленген Сәрке батырдың басына 2001 жылы белгі қойылып, ұрпақтары мырамырлы көктас орнатылған еді. Бұл игілікті шара сол кезде аудан әкімі болған Қожахмет Баймахановтың қолдауымен жүзеге асқанын да айта кеткен жөн. Сол жылы Ақсу ауылында Сәрке батыр мен Бостай биге арнап, ұрпақтары ас берді. Республикалық деңгейде өткен шараға алыс-жақыннан ағайындар келіп, сол жылы Ақсудағы ірі шаруашылыққа батыр бабамыздың есімі берілді. Сонымен бірге, қазір Жосалы пен Жалағаш кентінің орталық көшелері батыр бабамыздың есімімен аталады. Батыр есімін ұлықтаған ұрпақтары 2018 жылы ескерткіш маңынан күмбезді сағана тұрғызды.
Айта кетейік батыр бабаларымыз жайында Жайық Есіркепұлының «Сәрке батыр», Мәдібай Байтөреевтің «Байқадам батыр», Жақсылық Адамбаев пен Раушанбек Смағұловтың «Киелі жерім – Ақсуым» атты тарихи кітаптарында тарқатылып, кеңірек баяндалған. Сонымен бірге Камал Бердаулетов, Ахат Жанаев, Арыстанбек Қонысұлының «Азаттық қозғалысы және Сәрке батыр», қармақшылық Майдан Түйімбетовтің «Табын Өмірқұл бай» тақырыбындағы әр жылдары баспа беттерінде жарияланған мақалаларында да батыр бабамыз туралы тың деректер кездеседі. Сәрке бабамыз жайында жазылған бұл мақаламыз да осындай тарихи жазбаларға негізделіп отыр.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ

27 маусым 2020 ж. 1 027 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930