» » » Қасиетіңнен айналайын, қара бура

Қасиетіңнен айналайын, қара бура


Қазақ түйені киелі жануарлардың қатарына жатқызады. Мұхаммед пайғамбардың түйемен жүргені белгілі. Сондай-ақ, Желмаясына мініп жер шалған Асан қайғы да Жерұйықты түйемен іздеген. Суретшілер сар даланы қобызымен күңіренткен Қорқыт бабаның суретін салғанда да түйені қоса бейнелейді. Мұның барлығы Ойсылқара тұқымының қасиетті екенін ұқтырса керек.
Түйе десе бірден оның сүті ойға оралады. Өйткені шұбат пен қымыранның сан түрлі дертке шипа боларлық қасиеті бар. Бұдан бөлек оның жүнін аяқасты етпейді. Одан тоқылған киімдер жылы әрі денсаулыққа пайдалы болып келеді.
Ел ішінде осы бір жануар жайлы аңыз-әңгімелер жетіп артылады. Ұзақ жол мен шөлге шыдамды жануарды керуенге де пайдаланған. Оның осындай қасиеттері ескеріліп, түйе жануары Ұлы Отан соғысына да қатыстырылыпты. Кеңес Одағының Батыры 902-ші полктің командирі, Г.Леневтің естелігінде немістер бұл жануарларды «орыс танкісі» ретінде санаған деп баяндалады. Зеңбіректерді сүйретіп жүргенін көрген олар түйелерді байқаса бірден атып тастайды екен. Тіпті бір кездері Астраханьдағы жергілікті қазақтардан жиналған 350 түйенің екеуі Берлинге дейін барыпты. Жауынгерлер оларды «Машка», «Мишка» деп атаған көрінеді. Сержант Г.Нестеров пен көздеуші Кармолюк Рейхстагқа түйе сүйреген зеңбірекпен оқ жаудырған.
Мағауия Сембайдың «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ойсыл қара тұқымы ойсырамасын» атты мақаласында соғыс біткеннен кейін оларды немістерге сойып беруді көздеген үлкен шенді командирлерге сарбаздар қарсы шығып, қос түйеге араша түскені айтылады. Содан соң бұл түйелерді Мәскеудегі хайуанаттар бағына жөнелтуге шешім қабылданады.
Жазушы Шыңғыс Айтматов «Боранды бекет» романы арқылы қара бураның қасиеті мен атан түйенің киесін тамаша суреттейді. Ақын Сайлаухан Жолановтың «Аруана» атты поэмасында бұл жануарлардың қайда жүрсе де туған жерлеріне қайта оралатыны айтылады.
Бүгінде бір кездері соғысқа түйе жиналған Астраханьда бұл жануарларға арналып ескерткіш орнатылған. Ескерткіштегі қос түйенің бірі шөгіп жатса, екіншісі батысқа қарап тұр. Шөккен түйенің бауырына «Астрахань – Берлин» деп жазылған. Осылайша, соғыстың аяғына дейін қатысқан қос түйеге құрмет көрсетілген.

Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ

28 маусым 2020 ж. 801 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930