"Бәсіре"

"Ат ер қанаты" деген сөз бар. Атам заманда қолға үйретіліп, көшпелі халықтың қажетіне жараған жылқы малының қадір-қасиеті ерекше. Жылқы тектес халықтың өзі аттан, қазаны оттан түспеген. Көшпелі замандағы халықтың сенімді серігі, көлігі, әрі қорегі де осы. Жаугершілік кезеңде де жауынгерлермен бірге жауға шапқан жылқы малы. Қазақы болмысымызды айқындайтын құндылық пен ежелгі көшпелі халықтың тұрмысындағы басты байлығы да жылқы. Қазақ тұрмысында баланы атқа мінгізу таңсық дүние емес. Себебі көшпелі халықтың тұрмысымен біте қайнасқан жылқы көз ашқаннан балаға таныс. Ата-анасының алдына мінгесіп, қыста қыстауға, жазда жайлауға, кейде көрші ауылға да бірге бара беретін қазақ баласы бүлдіршін кезінен аттың жалында жүрген.
Төрт түліктің ішіндегі ең тазасы, ең тектісі, адам денсаулығына ең пайдалысы да осы жылқы. Айта берсек, жылқыға қатысты қызықты мағлұмат өте көп. Тақырыпқа ойысайық...
"Бәсіре" – бала есі кіріп, сүндетке отырғызылғанда, мектепке барғанда атасы немесе өз әке-шешесі оған тай атайды. Ол «бәсіре тай» деп аталады. "Бәсіре" мағынасы «Бас ірі» дегеннен шыққан. Яғни өзіңнің алғашқы жеке меншікті малың, болашақта жинайтын мал-дүниеңнің басы дегенді білдіреді. Үлкендер жағы балаға бәсіре атау арқылы оны жеке жауапкершілікке ынталандыруға, тез есейіп, ес жинауына сеп болуды көздейді. Жеке меншік малы, заты болудың не екенін білдіру арқылы болашақ өмірге, жеке тұлға ретінде қалыптасуына үйретуді бастайтын. Бала оны ерекше күтімге алады. Өзі бағады, өзі үйретеді. Осылайша балаға аталған бәсіре тай жасөспіріммен бірге өседі, баланы тұрмыс-тіршілікке бейімдейді. Құрбы-құрдастарына «бұл менің бәсіре тайым» деп көңілі бірленіп жүреді.
Қазақтың тарихын зерттеуші, белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек бәсірелі болған балалық шағын былай деп еске алып, өзінің «Ойтолғақ» атты күнделігінде: «… Менің есімнен кетпейді, алты-жеті жасымда бәсіре тайымды бұлақтан суарып, қайтып келе жатқанымда алдымнан жолыққан қарт ана маған жол беріп, өткізіп жіберіп еді. Мен пионерлік түсінікпен «Апа, өтіңіз» дегенімде әлгі кейуана: «Жоқ, шырағым, бәсіре пырағын жетелеген азаматтың жолын кесуге болмайды, өтіп кет!» деп бұйыра тіл қатқан дауысы әлі құлағымда. Маған жол берген ана менің көз алдымда тәңіріге айналғандай әсер әлі күнге дейін жан-жүрегімді толқытады» деп жазады. Бұл жерде әлгі кейуана біріншіден бәсіре аттың қасиетін меңзесе, екіншіден бала болса да ер азаматтың жолын әйел адам кесіп өтуге болмайтынын айтады. Осы тұста айта кету керек, ескінің әйелдері, қарт аналар ер адамның қадір-қасиетін өте жоғары қойғаны сонша, тіпті аяғы ауыр әйелдің де жолынан кес өтпеген. Өйткені аяғы ауыр әйелдің ішіндегі бала ер бала болуы мүмкін, ал олай болғанда еркек кіндіктінің жолын кесіп өту әйел заты үшін үлкен қателік деп есептеген екен. Қазақтың тектілігі, өзгелерден болмы­сының еректігі осында жатса керек-ті.
Жалпы "Бәсіреге" аталған тайды басқа мақсатқа пайдаланбаған және өзгелер мініске иемденбеген. Ол ат тек балаға ғана тиесілі. Уақыты келгенде өзі құралпы бозбала­лармен бірге бәсіре тайын мініп шығу баланың ержеткенін, атұстардың атқа шабарға жарағанының белгісі саналатын. балалар бұрынырақта өзінің бәсіре пырағын ерекше күтімге алып, баптап, тай жарыстарға мінген. Кейін өсе келе дөнен жарыс, құнан жарыстар да ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, аударыспақ, теңге алу, көкпар сынды ат үстінде ойналатын ұлттық ойын­дарға да жүрексінбей қатыса беретін. Қазақ баласының ат құлағында ойнайтын шабандоз атануы да осыдан. Бүгінде бұл дәстүр ұмытыла қойды деуге келмес. Өйткені баланың сүндет тойында қазақы келісті киіммен, тойхана төріне жылқы мінгізіп шығару үрдіске айналған. Осы бір тәрбиелік мәні терең дәстүр ер балаларға үлкен өмірлік бастамасы екені анық.

Нұр НАУАН
28 маусым 2020 ж. 895 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930