Сабыр танытуымыз керек
Алла Тағала Құранда: «Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал-мүліктеріңнен, (жақын) жандарыңнан, өнімдеріңнен айыру арқылы сынаймыз. Сабыр етушілерді сүйіншіле...!", - дейді. ("Бақара" сүресі).
Осынау қиын сəтте қаншама ағайын жақынынан, ел игі жақсыларынан айрылды. Біз барлығының қайғысына ортақтаса отырып, отбасы-жақындарына көңіл-қосымызды білдіреміз. "Тас түскен жеріне ауыр" дейді дана халқымыз. Мұсылман болғаннан кейін тағдырға иман келтіріп, келген ауыртпалыққа көркем сабыр танытамыз. Құранда: «Ақиқатында, сабыр етушілерге берілетін сыйлары – есепсіз...», -деп келеді. («Зумәр» сүресі, 10-аят)
Қазақстан Президенті 13-шілде күнін коронавирустан көз жұмғандарды ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл əлемге, оның ішінде барша халқымызға келген ауыр сынақ болды. Аза тұту күніне орай ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Құран Хатым оқылу қолға алынды. Оған біз де өз деңгейімізде атсалысып, қариларымыз Хатым Құран оқып, қаза болған жандарға сауабын бағыштаймыз.
«Мұсылманға не кездіксе де, ол мейлі шаршау болсын, ұзақ ауру болсын, мазасыздану болсын, қайғы болсын, қолайсыздық болсын, керек десеңіз тікенектің шаншығаны болсын, Алла Тағала ол үшін міндетті түрде күнәләрінің бірін кешіреді", - деп айтқан. Ендігі жерде еліміз аман болып, Алла халқымызды жақсы күндерге жеткізсін деп тілеймін.
Ауырып жатқан кісілердің дерттеріне Алладан шипа тілейміз. Тез сауығып шықсын.
А.МӘДИЕВ,
аудандық «Иманқұл» мешітінің бас имамы