» » » БІР ЕСКЕРТКІШ МОНУМЕНТІНІҢ СЫРЫ

БІР ЕСКЕРТКІШ МОНУМЕНТІНІҢ СЫРЫ

Кеңес халқы неміс фашизмін жеңген мерекесін атап өтуді, Ұлы Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында бүкілхалықтық мереке ретінде 1965 жылы үкіметтің арнайы Жарлығымен бастаған еді. Сол жылы “Жеңістің 20 жылдық медалі” Кеңес әскерлерінің қатарындағы офицерлер мен жауынгерлерге, майдангерлерге, 1941-1945 жылдары жеңісті жақындатудағы ерлігі үшін тыл ардагерлеріне берілген болатын.

Соғыс өрті шарпыған деревня мен қалаларда ескерткіш монументтер орнату, белгі тақталар қою бүкілхалықтық іске айналды. Ұлы Жеңісті әр бес жыл сайын атап өту, оған алдын ала дайындалу қызу жүргізіліп жатты. Кеңес Одағы халқының Отанды сүюдегі патриоттық бастамасы, майдангер ардагерлерге құрмет, олардың Отанды жаудан қорғаудағы ерліктері мен батырлықтарын жас ұрпаққа өнеге, үлгі, аманат ретінде насихаттау жүйелі түрде жүзеге асырылып жатты. Осы тұрғыда Ұлы Жеңістің 30 жылдық мерекесіне дайындық және оны атап өту Кеңестер Одағында фашизмнен азат етілген дүниежүзі халықтары, оның ішінде Социалистік лагерь елдерінде қызу жүргізілді. Соғыс жылдарында үш мыңның үстінде Отанын жаудан қорғауға аттанған, тең жартысынан көбі майдан даласында қалған біздің әкелеріміз бен аталарымыз Отанына берген антына адал болып, майданда шайқасты. Жоғарыда айтқандай, Отан үшін опат болған боздақтарды мәңгілік есте қалдыру мақсатында монументтер орнату, ескерткішке аты-жөні жазылған тақталар қою ісіне біздің ауданның еңбекшілері де белсене атсалысты. Аудан және кеңшарлардың орталықтарында қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп, Одақтың ірі қалаларынан монументші мамандар шақырылып, соғыстан оралмаған ауылдастарының аты-жөні жазылған тақта-монумент қою басталды. Осындай игі жұмысқа 1974 жылы бұрынғы Калинин атындағы кеңшар да кіріскен болатын.

Мен ол кезде Калинин, Таң кеңшарлары қарайтын Карл Маркс ауылдық кеңесінің хатшысы едім. Кеңшар директоры Төлеген Сүлеев, партком хатшысы Ким Кен, жұмысшылар комитетінің төрағасы Әбдімәлік Смайлов, ауылдық кеңестің төрағасы Өміртай Ғазизов болатын. Кеңшар директоры Төкең жаңалыққа жақын, жақсы істердің бастамашысы болған кісі еді. Ұмытпасам, ол кісі монументші мамандарды Ленинградтан шақырды.

Ауылдың белсенділері мен соғыс ардагерлерінің қатысуымен ескерткіш монументті қандай тұрғыда орнату керек екені талқыланды. Монументші ма­ман­дар бірнеше эскиздерін көрсетті. Олар өздерінің жобаларын көрсетіп, ұсыныстарын айтты. Сонда олар “Ауылдарыңнан соғысқа аттанып, ерлік көрсеткен, майданнан оралмаған ең жас жауынгерді атап, соның суреті болса, монументке соны салған дұрыс” деп тоқетерін айтты. Жиналған ауылдастар бәрі бірауыздан бар болғаны 22 жасында минометшілер ротасының командирі болып соғысқан, Варшаваны азат етуде мерт болған Сражадин Дүйсенбайұлы Айтуаровқа тоқтады.

Ашхабад қаласындағы әскери училищеде түскен суреті бар екен. Соны монуметшілерге табыс еттім. Келер жылдың көктемінде соғыстан оралмаған ауылдастардың есімдері жазылған монументті ауыл болып тұрғыздық. Содан бері қанша жыл өтсе де ескерткіш монумент сол қалпында тұр. Ауыл тұрғындары, әкімшілігі, мектеп оқушылары, мәдениет қызметкерлері Отан үшін еліміздің азаттығы мен бостандығы жолында опат болған батырдың ескерткішіне күтім жасап келеді.

Сөздің реті келгенде айта кетейін. Ол кісі орталау мектепті қазіргі ауылдағы №33 мектепте 8-10 сыныпты, педкурсты Қызылордада бітірген. Облыстық оқу бөлімінің жолдамасымен Жалағаш аудандық оқу бөлімінің 19.02.1941 жылғы №121 бұйрығымен Қаракеткендегі Жамбыл атындағы мектепте физика-математикадан оқытушы болып еңбек жолын бастаған. 1942 жылдың ақпанында соғысқа аттанған. Ашхабадтағы кіші командирлер дайындайтын училищені бітірісімен, 1942 жылдың 26 тамызынан бастап Кавказ майданындағы 23 атқыштар дивизиясы 69-шы атқыштар полкінің құрамындағы 32-ші минометшілер взводының командирі болып соғысқа қатысқан. 1943 жылдың 26 қыркүйегінде «Қызыл жұлдыз» орденімен, 11 қазан 1943 жылы ҰОС І дәрежелі орденімен, 19.08.1944 жылы 61 армияның №282 бұйрығымен ІІ дәрежелі ҰОС орденімен және ерекше ерлігі үшін кіші командирлерге берілетін Александр Невский орденімен, 15.01.1945 жылы Варшаваны азат етудегі ерлігі үшін ІІІ дәрежелі ҰОС орденімен марапатталған. Сражадин Айтуаров Варшава қаласын азат етуде ауыр жараланып, 1945 жылы 16 ақпанда 2402 әскери дала госпиталінде жеңіске 85 күн қалғанда 22 жасында өмірден өткен.

Есіл ердің артында ұрпақ қалмаған. Онда аза­мат­тық өмір болмаған. Сражадин аға соғысқа аттанғанда 8-9 жастағы туысы, көршісі, ауданымыздың белгілі азаматы, өңірдің алғашқы қажысы Әбдімәлік Смайлов, әкелері колхоздың мал шаруашылығында жұмыстас болған, қайынатасы сол кездері 6-7 жастағы Жолдас Ермағанбетов ағалар ескерткіш монументтегі Сра­жадин бейнесін көргенде біздерге “Мынау Сражадин аға ғой” деп жүретін. Бұқарбай батыр ауылының орталығындағы мәдениет үйінің алдындағы халқының тәуелсіздігі үшін, қазақ жеріне көз тіккен сырт жаулармен шайқасқан Бұқарбай батырдың ескерткішімен қатар жиырмасыншы ғасырдағы дүниежүзілік халықтарына қайғы-қасірет әкелген гитлершіл фашизмнен Отанын қорғаған, қол бастап соғысқан, батыр баба Бұқарбайдың ұрпағы, ҰОС-ның бес жауынгерлік орденінің иесі, ресми батыр атағы берілмеген Сражадин Дүйсенбайұлы Айтуаровтың соғыстан оралмаған жерлестеріне орнатқан монументтегі бейнесінің сырын халқына таныстыруды жөн көрдім.

Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер және
Халықаралық Жазушылар
одақтарының мүшесі,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы


21 қыркүйек 2021 ж. 839 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930