Тіл білмесек, ұлтқа намыс, ұрпаққа сын
Халқымыздың ырымында адамның санын санауға тыйым салатын ғұрып бар. Алайда шамамен жер шарындағы өзге халықтарға қарағанда санымызды «ат төбеліндей» деп сипаттайтын ұлттың ұрпағы болғанымызды, тектілікпен даңқымыз шыққан қазақ болғанымызды мақтан тұтамыз. Әдетте не нәрсе аз болса оның көпке қарағанда қадірі ерекше болады. Яғни аз болғанмен, саз болады. Саз болады деген салмақты, мықты, сапалы деген ұғымды білдіреді. Ұлт сапалы болу үшін қандай игіліктер керек? Әлбетте ана тілі, ділі, діні, білімі, салт-дәстүрі ауадай қажет.
Соңғы кезде әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген тілге қатысты пікірлерді, тіл жанашырларының туған тіл үшін шырқыраған үндерін естіп жүрегіміз тебіреніп кетті. Шынында ана тілі иісі қазақтың жүрегінде, буырқанған қанында намыс болып оянбаса, сырттан түрткенмен, ол пендеге әсер етпейтін секілді. Күні кеше әлеуметтік желідегі «қаланың сол жағалауынан баламызды орысша оқытатын мектеп болмайды ма?» деген ұлты қазақ азаматтардың жан дауысы шығып жатқанын оқыдым. Өкпелері қара қазандай ашулы өздері. Өзге ұлт өзеуреп жатқан жоқ. Өзіміздің ағайындар балаларының тілін орысша сындырмақ. Иә, қазір ашықтық, еркіндік кім қайда білім алса да өз еркі. Бірақ сол баласын орыс сыныбына берейін деп жатқан ата-аналар ең болмаса өз отбасында балаларын ұлттық тәрбиеге бейімдеп, дастархан үстінде олармен өз ана тілінде сөйлесетініне менің күмәнім бар. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген өлеңнің мағынасын олар түсіне ме екен? Туған тілге деген құрмет неге әр қазақтың жүрек түкпірінде менмұндалап тұрмайды? Мен осыған ашынамын. Жүрегім қан жылайды. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілсін» деген сөздің түп-төркінінде «Өз ұлтыңды, оның игілігін, атадан қалған аманатты, тілді, дінді, салт-дәстүрді дәріптесең, сені өзге ұлт өкілдері де құрметтейді, өз қадіріңді өзің қашырма» деген ұғымға саяды.
Мына тәжірибеге ден қойып қараңыз. Ана жатырында жатқан нәресте үнемі дыбыстар қоршауында болады. Ол анасының жүрек қағысын, өкпесі ауаға толып, дем алғанын, күрсінгенін, күлгенін, түптеп келгенде анасының сөйлегенін естиді. Яғни, ана тілі осы кезден қалыптасады. Жаңа зерттеулер 30 аптаға қарай бала тек анасының дауысын ғана емес, жекелеген сөздерін ажырататынын дәлелдеді. АҚШ ғалымдарының зерттеу нәтижесі бойынша сәби анасы сөйлеген тілді де ұға бастайды екен. Дүниеге келген сәбилер бірнеше сағаттан соң ана тілінен өзге тілді ажырата бастайды. Вашингтон университетінің докторы, ғылыми зерттеу авторы Патриция Кульдің айтуынша, «Сәби миы ақпаратты туған соң емес, оған дейін қабылдай бастайды». Куль мен оның әріптестері сәбидің дыбысқа реакциясын өлшеу үшін жоғары технологиялы емізікті пайдаланған. Бұл емізіктер компьютерге сигнал беріп, қандай дыбыстар нәрестеге қалай әсер еткенін білдіріп отырады. Зерттеуге 40 америкалық және швециялық жүкті әйел қатысқан. Эксперимент кезінде нәрестелердің ағылшын және швед тіліндегі дауысты дыбыстарды анықтау қабілеті тексерілген. Жаңа туған нәрестелер 7 сағаттан 3 тәулік бойы арнайы емізіктерді сорған.
Осы уақытта нәрестелер ағылшын және швед тіліндегі дыбыстарды естіген. Америкалық нәрестелер швед тілінде сөйлегенде жиірек еміп, бейтаныс тілге осылай реакция білдірген. Ал швед шақалақтары өз тілінде сөйлегенде еркін жатып, ағылшын тілінде сөйлегенде емізіктерін жиірек емген. Демек, баланың ана тілінде сөйлеуі оны тоғыз ай жатырында көтерген шешесіне байланысты. Анасы қай тілде сөйлесе, бала сол тілін «ана тілім» деп қабылдайды.
Демек баланы бесіктен белі шықпай жатып, өз отбасы төл тілінде сөйлетуі ата-анаға үлкен парыз, зор жауапкершілік. Әсіресе отанасы ата-бабамыздың бізге аманаттап кеткен туған тілімізді перзентінің зердесіне құйып, оның ұлтжанды азамат болуына бірден-бір жанашыр болып қана қоймай, жауапты болуы керек. Демек Отанды сүю отбасынан басталуы керек. Қоғам үшін әр отбасының ұлттық тілге жанашырлығы басым болмаса, біз өз тіліміздің көсегесін көгертіп, мәртебесін көтере алмаймыз. Ана тілінің болашағы үшін санаулы адамдардың ғана емес, барша қазақтың қабырғасы қайысып, көзі көріп тұрған дөрекілікке жол бермеуі керек. Тегеурінді тілің, айбынды Отаның, тәуелсіз елің болмаса сен кімсің? Ұлттың ұлық ақыны, өз кезеңінің дүлдүлі Қадыр Мырзалиев ағамыз «Адамның аузына бір емес, бірнеше тіл сияды. Ал ана тілің сыймаса, онда қазақ болмай-ақ қой» деп ашына айтқаны ойға оралады осындайда.
Ең өкініштісі, 40-50-ден асқан адамдар қазақша білмесе, өте қиын болады екен. Мына бір оқиға еріксіз ойыма түсіп тұр. Бір лауазымы әжептәуір кісі маған хабарласып, қайтыс болған жерге кіре алмай тұрғанын айтты. Себебін сұрағанымда көңіл айтуға қазақша сөз таппай тұрғанын жеткізді. Естігенімде біреу бетімнен шапалақпен тартып жібергендей болдым. Денемнен бір найзағай оты шарпып өтті. Ол ұлттық намыс еді. Қараңызшы, қандай өзекті өртер өкініш. Ұлты қазақ адам өз тілінде екі сөздің басын құрап, жүректегі ойын жеткізіп, қазаға көңіл айта алмау деген ұлт үшін қасірет пе? Әрине, бұл дегеніңіз, тіпті елдің басына төнген нәубетпен тең.
Басқасы басқа елдің мүддесін қорғайтын үлкен әріптегі лауазым иесі үшін кешірілмейтін күнә. Көмейіме тығылған ащы өксікті кімге айтарымды білмей қатты қиналдым. Мемлекеттік тілдің мәртебесіне бей-жай қарайтын әлгі кісі үшін мен ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Бірақ ол кісі өзге өңірден қоңырау шалғанын жүрекке медеу еттім. Бірақ ол да жанымды жай таптырмады. Мені жазу үстеліне алып келген де осы тіл тұрғысындағы мәселелер еді. «Мемлекеттік қызметке келерде лауазым иесінің төл тілін білу дәрежесін тексеру жолға қойылса, мұндай олқылық болмас еді ау. Әттең, бірақ бұл оқиға жаға ұстатар шындық. Қазақта «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген бар. Мен мұны достық көңілден жылап айтып отырмын.
Өз тіліміздің өркенін өсіру үшін бәріміз оның болашағына жанашыр болуымыз керек. Әлеуметтік желідегі осы тіл төңірегіндегі ойлы азаматтардың жазбасын көзім шалып қалды. Белгілі айтыскер Дәулеткерей Кәпұлы өз фейсбук парақшасында мынадай жазба қалдырған «Қалалық 4 ауруханаға вакцинаның екінші кезеңін алуға келсем, кезек күткен қарагөздер! Толтыратын бланк сол қалпы орысша! Бұл не сұмдық?» деп ол қазақша бланк талап еткен. Міне, тіл үшін баршамыз осылай шырылдап, безектесек тілдің келешегіне келер қасіреттен құтылар едік. Адамда осындай азаматтық ұстаным болса, ұлтымыздың айбары артады. Қатты айтпасақ та, салмақты сөзбен түсіндіріп, елдің бетін бір арнаға бетбұрыс жасасақ бабалар аманатына адал болар едік. Себебі жаугершілік заманда да, көшпелі тұрмыстағы ата-бабаларымыз ауыз әдебиеті үлгісіндегі талай таңғажайып туындыны өмірге әкеліп, оны бағзы заман қойнауынан бізге жеткізген болатын.
Иә, «Халық талап етсе, хан түйесін сояды» дегендей бізде елдің ішінде тілді тірілту мақсатындағы талаптар жетіспей жатады. Әрбіріміздің жүрегімізде өз ана тілімізге деген жанашырлық қасиет патшалық құрса, біз шынында мерейіміз үстем, мәртебеміз биік, рухымыз мықты ел боламыз.
«Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деп тереңнен толғаған Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шымыр сөздері ұйықтап жатқан талай санаға қозғау салады деп ойлаймын.
Қазақтың ғарышкер ұлы Тоқтар Әубәкіров «қазақ тілін үйрену үшін Қызылордаға әдейілеп бардым. Қалың қазақтың ортасында бір жаз жүріп, ана тілімді үйрендім. Бір жаз ғана кетті» деген екен әлеуметтік желідегі парақшасында. Ендеше қалың қазақтың ұйысқан берекелі өңірінде тіл білмесек арға сын болады. Соны ойлайық...
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА