» » » Ел анасы – Бекзада

Ел анасы – Бекзада

Бекзада болмысты кісілер болады. Бір көргеннен көзіңе жылы ұшырап, кез келген адамға шуағын шашып, аналық мейірімін төгіп, жаныңды нұрландырып жіберетін. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де сондай шынайы ықыласымен өзіне тәнті ететін керемет жан екен. Сексеннің үшіне келсе де, рухани дүниелерден қол үзбеген байыпты жанды шынында кезінде қарапайым тігінші болды дегенге әсте сенгің келмейді. Кездейсоқ хабарламай сұқбат құруға жетіп бардық. Ол кісі өз бөлмесінде «Жалағаш жаршысы» газетін оқып отыр екен. Айналасы толған кітап. Шынында мен ол кісінің тігінші болғанын білмей барғанда “кезінде ғалым болған-ау” деп таңырқайтын едім. Мен бөлмеге кіргенде басын көтеріп бір қарап алды да, орнынан лезде ұшып тұрып «кел айналайын, отыра ғой. Әңгіме дүкен құрайық. Қарт кісі үйден шықпай қалған кезде жастар сәлем беріп келсе, бір марқайып қаламыз» деп жылы жымиып жанына отырғызды.

Тамағын бір кенеп алып, әрі қарай әңгімені өзі өрбітті. «Шырағым, біздің өмір сүрген кезіміз шынында өте қиын кезең еді. Сол себептен болар тұрмыс тауқыметі адамды қаршадайынан ширатады екен. 1939 жылдың 5 мамырында Жалағаш ауданының Мәдениет ауылында дүниеге келдім. Мектепті бітірген соң оқуды жалғастыру деген ойыма да кіріп шықпапты. Бар арманым ата-анама қолғабыс беру үшін қандай жұмыстан да бас тартпау болды. Мен бала күнімнен әжемнің тігін тіккенін көріп өстім. Ол кезде тігін машинасы жоқ. Киімнің бәрі ине-жіппен қолмен тігілетін. Әжемнің майысқан қолдарына қарап, мен де осылай тігін тіксем деген арманым да болмай қалмады. Солай осы тігіншілікке икемделе бастадым. Орта мектепті бітірген албырт шағым. Ол 1957 жыл болатын. Алақандай қыстақта менің икеміме келетін жұмыс жоқтың қасы. Жаңадан отбасын құрған соң өзіме тұрақты жұмыс табуды ойладым. Сөйтіп кенттегі аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының есігін қақтым. Алғашқы жұмысым қағаз қиюдан басталды. Ертесіне аяқпен қозғалатын тігін машинасына отырып, сол өзім қиған қағаз көйлекті қиюластырып тіге бастадым. Келесі күні пішуші берген көйлектің етек-жеңін көктеп, тігіншіге әзірлеп беру тапсырылғаны дәл бүгінгідей көз алдымда. Өзімнің үйренушілік мерзімім бітіп, жеке машинаға отырдым. Бұл сәтті ұмыту мүмкін бе? Өзіме тапсырылған жұмысты мінсіз бітіріп, көрші тігіншінің тапсырысын сұрап алдым. Ол заманның қиындығы – киім үтіктеу үшін от жағатынбыз. Темір үтікке шоқ саламыз. Сөйтіп онымен қалың киімдерді үтіктейміз. Бір күні қыза-қыза күзде қараңғылықтың ерте түсетінін ұмытып отыра беріппін. Ентігіп үйге жетсем, бәрі орнында екен. Балам жыламапты, жарым Өтеш кітап ақтарып, өз жұмысын пысықтап жатыр екен.

Иә, айналайын несін айтасың, осылайша өмірімнің 33 жылын осы тігіншілік деген асыл кәсіпке арнап, маңдай тер, адал еңбектің зейнетін көріп жатырмын. Ол кезде уақытпен санасу деген болмайтын. Жексенбі күні де жұмысқа келіп, екі нормаға дейін орындаған күндерім болды. Ол кезде күндік, айлық, тоқсандық, жылдық жоспар бар. Оны орындау бұлжымас заң болатын. Бар жұмыс қолмен атқарылады. Киім тігуге сұраныс көп те, тігінші аз. Пішуші Мәрияш, тігінші Күләйша деген апайлармен әзілдесіп отырып-ақ талай шаруаны тындырдық. Тігіншілікте ұстазым Зейнекүл Жүсіпбаева болды. Ылғи сырт киім тіктім. Пальтоға жаға салдым. Заманында Қ.Қазантаев, С.Шаухаманов, Ұ.Еспановтардың сырт киімдерін тіккенмін. Озат тігінші атанып, елге таныла бастағаным да сол 1961 жылдан басталды. Содан бастап мадақтау, салтанатты мәжілістерде төрде отыру абыройы бұйырған сәттер басталды» деп ағынан жарылды кейуанамыз.

Өткенге көз жіберіп, алтын көмбені ақтарса, өмір белестерінде мағыналы естеліктер өте көп. Барғаннан әңгіме тізгінін ағытқан анамыз шынында қазір де өте ширақ. Бәлкім кезіндегі тынымсыз еңбектің пайдасы ма, кім білсін, «әр айтқан сөзі – нық, ойы – кемел, парасаты мен мәдениеті өте жоғары. Әр пәлсәпалық ойында мән берерлік түйін бар. Зердесі мықты. Өткен өмірін жіпке тізген моншақтай орамды оймен жеткізгенде, кейде қаламгерлік қабілеті де бар ма деп таңдай қағасың!

«Партияға қабылданған күнім де дәл бүгінгідей көз алдымда. Бұл маған әжептәуір жауапкершілік жүктеді. Партия мүшесі болған адам жұмыста да, тұрмыста да үнемі алда, озат болуы жазылмаған заң болатын. Ол кезде екінің бірі партия мүшесі бола алмайтын. Өйткені ол бір-ақ партия. Мен партияға өтпес бұрын әлденеше рет поселкелік, аудандық кеңеске депутат болып сайландым. Халық қалаулысы бола жүріп, өз ұжымымның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, мұқтажын құзырлы орындарға жеткізумен болдым. Сайлаушылармен жиі кездесіп, олардың аманаттарын орындауға барынша күш салдым. Себебі аманатты арқалаған соң оның жүгі ауыр болатынын жан-жүрегіммен сезіндім. Артында сұрауы бар нәрсеге бейғам қарау азаматша атқа қонған әйел затына ұят нәрсе. Намысты жібермей, ерлерше еңбек еттім. Сол кезде менің өмірлік жолдасым Өтекең маған қатты қолдау көрсетті. Шынында азаматың саған қамқорлық жасамаса, нәзікжандыға өте қиын. Оның үстіне шиеттей бала-шағамыз бар. Бәріне үлгеру үшін кеш жатып, ала таңнан ояндым.

Аллаға шүкір, бүгінде сол балаларымнан немере, шөбере сүйіп отырмын. Олар «әже» деп құшағын жайғанда өткен өмірімде болған қиындықтың бәрі ұмытылып, жарқырап күн шыққандай шаттанамын. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген рас-ау. Біз құрған шаңырақ Аллаға тәубе, бүгінде үлкен әулетке айналды» дейді сөз арасында әз әже риза кейіппен.

Анамыз өзінің өміріне бағдаршам болған отағасы туралы тебірене жеткізді. Еңбек жолын педагогикалық институтты бітіріп, ұстаздықтан бастаған жолдасы Өтеш Байдүйсенұлы ұзақ уақыт партия комитетінде еңбек еткен. Өте сауатты, еңбекқор, ыждағатты, табанды кісі болған. «Өмірдің қиын өткелдерінен қол ұстасып бірге өттік. Ол кісі менің отағасым ғана болған жоқ. Ақылшым, досым, қорғаным болды» дейді анамыз өмірден өткен серігін мұңая еске алып.

Иә, тігін шебері, 1968 жылдан КПСС мүшесі болған Бекзада Жүсіпәлиеваның өнегелі өмір жолдарына үңілсек, тарихтың қойнауынан сыр шерткен жанның еңбектегі табысы, қайраткерлік тұлғасы қазақ әйелінің шоқтығы биік болмысын айғақтайды.

1973,1975,1977 жылдары Жалағаш поселкелік Советінің депутаты болып 3 рет сайланған. Қазақстан компартиясы Жалағаш аудандық партия комитетінің XXIV-XXXII партия конференцияларында аудандық партия комитетінің мүшелігіне кандидат және мүшесі болып сайланған. 1985 жылы Қызылорда облыстық XXIII аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланды. 1985 жылы Қызылорда облыстық XXIII партия конференциясына делегаттыққа сайланды.

1975-1988 жылдары аудандық социалистік жарыстың қорытындысымен 14 жыл бойына «ауданның чемпион тігіншісі», 1981 жылы Қызылорда облысының «таңдаулы тұрмыстық қызметкері» атағына ие болды. 1982 жылы «Облыстық Еңбек Даңқы» кітабына аты жазылды.
Социалистік жарыста жоспарлы тапсыр­маларды үнемі асыра орындағаны үшін 1970 жылы 10 сәуірде В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына сәйкес «Еңбек үздігі», 1986 жылы 22 қыркүйекте «Еңбектегі озат жетістігі үшін”(за трудовое отличие) медальдарымен наградталған.

Қазан революциясының 70 жылдығы құрметіндегі жарыстың жеңімпазы ретінде КПСС Орталық комитетінің, СССР Министрлер Советінің ВЦСПС және ВЛКСМ Орталық комитетінің, Бүкілодақтық XIX партия конференциясындағы социалистік жарыста жоғары еңбек жетістігіне жеткені үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, СССР Министрлер Советі, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің “Құрмет” грамоталарымен марапатталған.

1984 жылы ақпанда социалистік жарыста ең жоғары еңбек көрсеткішіне жеткені үшін халық депутаттары облыстық Советі атқару комитетінің грамотасымен, Октябрь социалистік револютциясының 50 жылдығы құрметіндегі жарыста жеңіп шыққаны үшін Облыстық партия комитеті, Облыстық Советі атқару комитеті кәсіподақтарының социалистік жарыстың жеңімпазы дипломымен,1986 жылы 4 ақпанда және 1989 жылы 28 наурызда Қазақ ССР халыққа тұрмыстық қызмет көрсету басқармасы ең жоғарғы еңбек жетістігі үшін, 10 наурыз 1971 жылы, ақпан 1985 жылы, мамыр 1986 жылы, сәуір 1987 жылы, наурыз 1988 жылы “Құрмет” грамоталарымен және облыстың бірінші класты тігін шебері дипломымен наградталып, құрмет пен қошеметтің төріне шыққан.

Сондай-ақ 15 наурыз 1980 жылы В.И.Лениннің туғанына 110 жыл толуына арнап, еңбек жетістігі үшін аудандық партия комитеті «Лениндік құрмет грамотасымен», 1988 жылы наурызда аудандық партия комитеті, аудандық Советі атқару комитеті, аудандық кәсіподақ комитеті, ЛКСМ аудандық комитеті дипломымен,аудандық кәсіподағы комитеті мен ЛКСМ аудандық комитеті жас тігіншілерді тәрбиелеп, кәсіби шеберлікке баулудағы жетістігі үшін “Құрмет” грамотасына ие болды.

Еңбек майданында жүрсе де өзінің отбасылық бақытын бір сәт ұмытпаған анамыз 6 перзентті өмірге әкеліп, 2010 жылы «Күміс алқа» иегері атанды.

2019 жылы Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі қоғамдық белсенділігі үшін және ұлағатты ұрпақ өсірген ардақты анаға 80 жасқа толуына орай “Құрмет” грамотасын тапсырып, ұлықтады.

Осы марапаттардың әрбірінің өзіндік тарихы бар. Олардан Бекзада анамыздың еңбегінің жемісі мен жеңісі сезіліп тұр. Шынында ол кезде алған мақтау қағаздарының құны жоғары болатынын әркім де іштей сезінетін болар. Адал еңбек адамзат баласын шырқау көкке самғатады. Мейлі сен ғалым бол, шахтер бол, мұнайшы, тракторист, тігінші, етікші бол, бәрібір сен өз мамандығыңның майталманысың, оның құзар шыңына шығып жеңіс туын қадаған жеңімпазсың. Сондықтан Бекзада анамыздың айтуынша, мамандықтың жаманы жоқ. Тек адал еңбек қана адамды бақытқа бөлейді.

Міне, мәуелі бәйтеректей өркен жайған әулеттің тұңғыш қызы Баян мен күйеу баласы Серік жоғары білімді. Ата жолын қуған ұстаз. Шымкент қаласында тұрады. Олардан Ержан, Ербол, Ернар, Жазира есімді немерелері әжейдің көңіл қуанышы. Серікбайы – жоғары білімді құрылысшы. Айжамал келіні екеуі Нұржан, Гүлжан, Дастан атты немере өсіріп отыр. Сәбиті – мұнай инженері, келіні Қалдыгүл орта білімді маман. Бұл отбасында Азамат, Меруерт, Балнұр атты немерелер өсіп келеді. Әлиясы – дәрігер, медицина ғылымының кандидаты. Астана қала­сындағы медицина академиясында оқытушы, доцент, профессор. Ғалымы – инженер-электрик. Өскемен қаласындағы рентген аппараттарын жөндейтін мекеменің білікті инженерлерінің бірі. Келіні Алтынай екеуінің Әсел, Ғазиз, Данияр атты 3 баласы бар.

Ғани атты кенжесі – дене шынықтыру маманы. Шөберелері Арнұр, Айкөркем, Айдина, Аймира, Раяна, Бейбарыс, Ай-бибі, Зере, Інжу, Амина, Анель, Айлиндер әжесіне алақанынан су ішкізіп, құрмет көрсетуде.

Қандай жарасымды әулеттің шырақшысындай болып отырған әжеміздің қолында рухани шырағы – кітабы, айналасында бау-бақшада жайқалған гүлдей немере-шөберелері, жүрегінде – иманы, нұрлы жүзінде шалқыған шаттық салтанат құрып тұр. Неткен ұлылық десеңізші! Ал ұлылық біткенде Алла сыйлаған жылылық бары баршаға аян. Ақ жаулықты аналардың, нар тұлғалы әжелердің жиынтық бейнесін сомдаған Бекзада анамыздың бекзат бейнесі әр жүрекке мейірім мен шапағат сыйлағаны қандай ғажап! Ендеше, ол кісі – ел анасы!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА


22 қараша 2021 ж. 1 181 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 784

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031