Кеусен татар кез келді
Сыр бойында ертеде өмір сүрген Әлішынар есімді диқанның хикаясы шынында керемет сабақ боларлықтай. Ол әрдайым егін егеді екен. Жаз болса, егінін күтіп-баптап, күзде орып, жинап алады. Өзінің ішіп-жемі мен тұқымдығынан артылған астықты ел-жұртына таратып, халықтың алғысын алыпты. Адамдарға істің көзін үйретіп, кәсіпке баулыпты. Диқанның бір жомарт қасиеті егін бастырып жатқанда қырманға кімде-кім келіп, қолғабыс берсе, қабына бидай, күріш салып береді екен. Өзі бұл сыбағаны «кеусен» деп атапты. «Егінші еселеп, кеусенші кеселеп» деген сөз содан қалған деседі. Оны бергеннен диқанның ырысы кеміп қалған емес. Дәулеті де, әулеті де көбейе беріпті. Атақ-құрметі ел арасына кең жайылған.
Әлішынар үнемі балалары мен шәкірттеріне:
– Шырақтарым, Құдайға шүкіршілік етіңдер. «Біссіміллә» деп дән сепсеңдер, еңбектерің ескерусіз қалмайды. «Егінші мәрт, жер жомарт» деген. Ниеттерің тарылмаса, бақ-береке арылмайды, – деп ақыл айтқан көрінеді.
Халық Әлішынарды келе-келе диқан баба деп атап кеткен. Содан болар, егіншілер егін егерде, ең алдымен, сол бабаның рухынан медет тілеп, Алладан жәрдем сұраса, егіні бітік шығады екен. Қырманға кім келсе де бос қайтармай, кеусен беріп жібереді екен.
Ал бізде қазір осындай жөн-жоралғы бар екенін білмейтін кісілер де кездеседі. Нарық заманы деп біздің қазекең біраз әдет-ғұрыптан шеттеп қалды. Ауылдық жерде жеке қорасына егін ексе де, одан дәм таттыру әдетке айналған болатын. Есіктің алдына анам ерінбей картоп, пияз, қызанақты егіп мол өнім алатын. Одан алған өнімін шелекпен көршілерге беріп жіберетін. Ауылдық жерде қызанақ өсіріп оны баптау қиын нәрсе. Көршілер оны онша еге қоймайтын. Ол кезде оның кеусен екенін білмеппіз.
Ауыл адамдары да жыл сайын, алыстау бақшалыққа қауын, қарбыз егіп, одан мол өнім алып жататын. Сондай кезде молшылық болып, бір тойынып қалатынбыз. Сол көршілеріміз бізге машина-машина қауын, молынан сәбіз, картоп, пияз келіп түсіретін. Қашаннан бір-бірінен қол көмегін аямайтын халықпыз ғой. Әсіресе астық жинау кезінде ағайындар бір-біріне қол көмек жасайтын. Асарлатып, суық ұрмай еккен өнімдерді теріп алуға тырысатын болу керек. Сол кезде егін салған кісі көмекке келген кісілердің бәріне бір-бір қаптан сәбіз, картоп таратады. Молшылық кезінде ешқашан қол тарылмайтын. Оны «кеусен» деп атайды.
Осыдан 2-3 жыл бұрын бір ауылдас ағамыз өз шаруасымен жұмысқа келді.Әңгіме арасында мен жылда егін егемін. Биыл да өнімі мол болайын деп тұр. «Саған 1 қап картоп, 1 қап пияз әкеп беремін. Менің саған берген «кеусенім» болсын дейді. Біразға дейін абдырап «кеусенді» есіме түсіре алмай тұрып қалдым. Көп ұзамай ағамыз 1 қап картоп, пиязды үйімізге жеткізіп берді. Ризашылық білдіріп, рахмет айттық. Сол кезде қазақы дәстүрімізге сай дархан көңіл адамдар әлі де бар екен ғой деген ойға қалдым. Қазақтың жадыраған нағыз жайсаң келбеті. Ұлттық дәстүріміздің ұлықтысы осындай берекелі шағынан көрініс тапқаны қуантады.
Жандос Жазкен