» » » ЖЫРДАРИЯДА ЖАҢА ТОЛҚЫН ТУДЫ

ЖЫРДАРИЯДА ЖАҢА ТОЛҚЫН ТУДЫ

Кешегі кеңес кезеңінде қазақ әдебиеті қуатты идеология құралына айналды. Бірақ сол насихаты көп кеңестік әдебиеттің оқырмандары рухани тұрғыда зардап шеккен жоқ. Кеңестік әдеби туындыларды жастана оқып, тәрбиеленген аға буын ұрпақтың өкілдері заманына, қоғамына сай тұлға болып қалыптасты. Тәуелсіздіктен кейін де әдебиетке бір шоғыр жас ақын-жазушылар келді. Олардың алдыңғы аға-апаларынан ерекшелігі – қазақ әдебиетіне ұлттық реңк кіргізді. Әдебиетті ұлт жасағанымен, сол ұлттың мәңгілік болуына әдебиет қызмет етеді. Сондықтан бізге қазір ұлттық әдебиет керек. Ұлттық әдебиет – ұлттық тәрбиенің, ұлттық идеологияның бастауы.

Сонымен қазақ әдебиетінің, соның ішінде қазақ поэзиясының жаңа өкілдері біздің Сыр өңірінен де қаулап шығып келе жатыр. Оған республикалық, облыстық, аймақтық, аудандық деңгейде өткізіліп жүрген жыр-мүшәйраларда куә болып келеміз. Әбділда Тәжібаев, Әбдікәрім Оңалбаев, Жүсіп Қыдыров, Жарасқан Әбдірашев, Қомшабай Сүйеніш, Шөмішбай Сариев, Темірше Сарыбаев, Байбота Қошым-Ноғай, Әскербек Рахымбекұлы, Махмұтбай Әміреұлы, Асқар Кіребаев, Иран-Ғайып, Шаһизада Әбдікәрімов, Толыбай Абылаев, Дүйсенбек Аяшұлы, Елубай Әуезов сынды алдыңғы толқын ағалардың жолын жалғап, түрлі тақырып­тарға, соның ішінде Отан, туған жер тура­лы патриоттық тақырыптарға қа­лам тербеп жүрген ақындарды оқып, тың­­да­ған сайын ел келешегін ойлағанда көңі­ліңді көлегейлеп тұратын мұнар сейі­ле түседі. Сонымен бірге Сәнімкүл Желдербаева, Рахат Наурызбаева, Діл­да­хан Торғаева, Жадыра Дәрібаева, Қа­тира Жәленова, Қаршыға Есімсейітова, Елена Әбдіхалықова, Толқын Қабылша сияқты құнарлы топырағы бар сиқырлы құмыраға жыр-гүлін өсірген әпкелерінің ізін басып, сезімді селт еткізер лирикалық өлеңдерімен өзінше өрнек салып келе жатқан қарындастарымыз да аз емес.

Кеше Қызылорда қаласындағы Сту­дент­тер сарайында "Сыр сандық" деп аталатын Сыр өңірі жас ақындарының өлеңдері жинақталған антологияның тұ­сауы кесілді. Әдеби сазды әдемі, әсерлі кеште алты алашқа аты мағлұм шаһбаз шайыр, қазақ поэзиясының гладиаторы атанған Шаһизада Әбдікәрімов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, фило­логия ғылымының кандидаты Шанжархан Бекмағанбетов, айтыскер ақын Серік Ыдырысов және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі про­рек­торы Жандос Базартай өлеңге жаңа­ша леп алып келген жас таланттарға лебізін білдіріп, батасын берді. Кітаптың тұсаукесер рәсімінен соң соңғы жылдары Сыр бойынан шығып келе жатқан Ұлықбек Бекұзақұлы, Ержан Бекжігіт, Жамбыл Ба­қыт­әлі, Әли Асқар, Сұлтан Сымбат, Аружан Оралбай, Дина Бөкебай сынды жас ақындар сахнада өз өлеңдерін оқыса, жас әнші Ақерке Жанәділ онсыз да көкте қалықтаған көпшілік көңілін әсем әнмен одан әрі шарықтатса, жас айтыскер ақын Бексұлтан Орынбасар арнау айтты. Көрермен бас ақындардың лепесін естіп, жас ақындардың өлеңін тыңдап, бір марқайып қалды.

Шараға қалалық мәслихат депутаты, Абылайхан атындағы №140 мектеп ди­рек­торы Айгүл Мұсабаева, облыс орта­лығындағы "Достық Үйінің" директоры Болатбек Айтбенбетов, "Сыр медиа" ЖШС бас директорының орынбасары Дәурен Сейітжанұлы, "Халық" газетінің бас редакторы Нұржан Әбжанұлы, об­лыс­тық ішкі саясат басқармасы бас­шы­сының орынбасары Руслан Каюпов, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Абай Тағыберген және университет оқыту­шы­лары, аудандардағы жастар ресурстық орта­лығының өкілдері, жалпы өлеңсүйер қауым мен студент жастар қатысты.

Әдетте, сахнада алшайып тұрып қос қолын семсердей сермеп буырқанып, шамырқанып жыр оқығанда өлеңінің қуаты мен дауысының күркірі қосылып, тыңдарманның тұла-бойын шымырлатып, өр тұлғасы көк пен жердің арасында одан әрі зорайып кететін Шаһизада ағамыз сөз арасында: "...менің де алдым жалаңаштанып келеді. Осы жерде поэ­зияның өз өкілдері Әскербек, Асқар сынды ағаларым болса, сол кісілердің артында, тасасында тұрғанның өзі маған мәртебе еді ғой", – дегенде иегі кемсеңдеп кеткендей болды. Шаһизада ақынның бір ауыз "жоқтауы" сол бақилық болған көкелеріміздің көзін көріп, сөзін тыңдап өскен біздің де жүрегімізді қозғап, көңіліміз ботадай боздап қоя берді. Жыр-семсерінің жүзі майырылмаған Гладиаторды түсіне­міз, бірінің соңынан бірі кеткен ақын аға­ларды ол кісі жоқтамағанда кім жоқтайды?!

Мұндай әдеби кеш Сыр елінде алғаш рет өтіп отырған жоқ және осындай жас ақындардың шабытына қанат бай­лайтын шараларды сол жастардың өзі ұйым­дастырып жүр дегенді естіп, қазіргі жастарға деген көңіліміздің көлеңке тұсына шуақ түскендей болып, жадырап қалдық. Үлгі-өнеге үшін, жақсылық жалғасын табу үшін атап айту керек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жас­тар саясаты және тәрбие жұмыстары бөлі­мінің басшысы, жас ақындардың қол­даушысы, жастардың көшбасшысы, ақын Жанар Бимұратқызы және осы аталған жоғары оқу орнының пиар менеджері Талғат Меңдібай, "Сыр үміті" жастар қауым­дастығының атқарушы ди­рек­торы Талғат Тілес, Абылайхан атындағы №140 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытжан Жақ­сылық, "Ұстаз мәртебесі", "Әлімсақ" жур­налдарының тілшісі, ақын Айдар Сай­лауов сонымен бірге бірнеше танымал әндердің сөзін жазған талантты, арынды ақын Ақжол Түменбай және мәртебелі ұстаз, айтыскер ақын, балалар ақыны Ержеңіс Әбді, жүрегінен төгіліп түскен кестелі сөздері лезде әсем әнге айналып, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген әнші Әл-Фараби Бекарысұлы, танымал әнші, күйші, сазгер Үкітай Ерниязов сынды іні-қарындастарымыз осындай игі шаралардың басы-қасында жүргені бізді қуантты.

Осы жаңа туындының жарық көруіне қаржылай демеушілік жасаған және бұдан бұрын да жастардың түрлі деңгейде өткізілген шараларына қолдау көрсетіп, өңір руханиятының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан атымтай жомарт, жас меценат, облыстық мәслихат депутаты, "Сыр үміті" жастар қауымдастығының төрағасы Мағжан Ерәлиевтің есімін ерекше атап өткеніміз жөн. Кеш бары­сында Мағжан Ерәлиев өңіріміздің мәдени-рухани өміріне етене араласып жүрген белсенді замандастарына жалын­ды сөздерімен жігер берді.

– Жастар – елдің болашағы. Қоғамға жаңаша өзгеріс алып келетін де жастар. Сондықтан жастарға қашанда жан-жақты қолдау керек. Әрине, жастар мемлекет назарынан бір сәт те тыс қалған емес. Мемлекет басшысы бізге әрдайым елдің келешегі деп сенім артып, қолдау көрсетіп келеді. Ендеше, біз сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, Президенттің, халықтың сенімін ақтауға тиіспіз. Ол үшін ең алдымен біздің өзара бірлігіміз болуы керек. Бірлік болған жерде ғана береке болады. Содан соң – адал еңбек. Осы екі ұстаным болса, жолымыздан қиыс кетпейміз. Ал біздің келешекке бастаған жолымыздың түзу болуы аса маңызды. Өйткені, біздің соңымыздан жаңа буын жас ұрпақ келе жатыр. Біз соларға үлгі-өнеге болуға тиіспіз, – деді Мағжан Абзалұлы.

Сырдағы жас ақындардың антологиясы алғаш рет жарық көріп отыр. Қадірі ханнан жоғары қалың оқырманның іздегені осы "Сыр сандықтың" ішінен табылады. Аталған жинаққа жетпіс жас ақынның таңдаулы өлеңдері топтастырылған. Уақыт тауып сандықты ашсаңыз, не керектің бәрі бар. Мұңаясыз, көңілденесіз, тазарасыз, рухтанасыз, жігерленесіз, жасарасыз.

Айтпақшы, сөз басында Шаһизада шайырдың "алдым жалаңаштанып келеді" деп таусыла сөйлегенін айттық қой. Алайда ағамыз соның артынша: "...бірақ шүкір, артыма қарасам, жас құрақтай желкілдеп, қызғалдақтай құлпырып жас ақындар, өздерің өсіп келе жатыр екенсіңдер. Соған жұбанып, қуанып тұрмын", – деді.

Иә, рас қой, "толқыннан толқын туады". Сол Шаһизада ағамыз жоқтаған аға буын ақындардың орнына Сырдың жаңа толқын жас ақындары келе жатыр және бұл – қуатты толқын...

Қуат АДИС

21 желтоқсан 2021 ж. 1 125 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 785

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031