» » » ЕСІМІ ЕЛ АУЗЫНДА ҚАЛҒАН АҚПАН

ЕСІМІ ЕЛ АУЗЫНДА ҚАЛҒАН АҚПАН

Кейбір белгілі тұлғалардың есімі ел аузында жүргенімен, жыл өткен сайын ұмытыла түсетіні баршамызға белгілі. Тарихымыздың бастауы ата-тек шежіреден басталып, кейін ол жазылып тарихи дүниеге айналуда. Біздің көптеген тарихымызда ХХ ғасырдан бастап Ресей елінің шығыстанушылары, әскерилері, жалпы қазақ халқының тарихын білуге құмар көптеген азаматтар өздерінің жол жазбалары мен түрлі кездесулердегі қазақ билері мен батырларын сипаттап жазған мақалалары кездеседі. Әрине, олар жоғарыда көзбен көрген оқиғаларын тілмаштар арқылы түсініп, сезінеді. Осы тұста кейбір оқиғалардың мән-жайын жете түсіне білмегендіктен, болмаса кейде әдейі дұрыс жазбауы да мүмкін. Тіпті кей кездерде адам аттарының өзі дұрыс жазылмағандықтан оны оқығанда зерттеушілердің өздері қателеседі.

Сондай-ақ, қазақтың кең даласын қорғап қалған батырлар өте көп және олардың есімдері кейде бірдей болып жатады. Мысалға Бөкенбай, Бө­ген­байлар, Қыстаубайлар, Ақпан мен Ақтандар, Жәнібектер тағы басқа да ерен күш иелерінің ерлік істері кей кезде бірінікі екіншісіне телініп жа­­зылып та жүр. Бұл әрине әдейі жа­са­ған әрекеттер емес, білместіктен туын­дайтын жайттар. Екіншіден, ел аузында біраз батырлардың ерліктері айтылып жүрсе де, жазба деректерде есімдері кездеспегендіктен ұмытылып барады. Солардың бірі – Ақпан Жұмырұлы.

Ақпанды ел ішінде бірде батыр, енді бірде би деп айтады. Орыс дерек­­­­терінде көбіне-көп батырларды би деп жазғандарын ескі кітаптардан оқы­­­ғаным бар-ды. Сол себептен болса керек, қазақ билерінің Екатерина пат­­­­­шайымға 1785 жылдың 21 шілде­сін­­де жазған ұсыныс-хатына қол қой­­­­­­­­­­ғандардың арасында Шөмекей Арыс­­­­­­­­­­танбай Баһадүр, Ақпан бидің болға­­­нын жазады. Бұл деректер «Қазақ ССР­ тарихының материалдары» атты кі­­­­тап­тың ІҮ томының 53 бетінде ба­сылған.

Арыстанбай Айбасұлы Әбілқайыр ханның әскер басшысының бірі бол­ған батыр екені тарихи кітаптарда, Қа­зақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың романдарында айтылып өткен. Олай болса Арыстанбаймен ағайын­дас болып келетін Ақпанның есімінің қатар аталып, жазылуы бізді көп нәрселерден хабардар етпек.

Оның тағы бір дәлелі, ел аузындағы Бәйтік батыр айтты деген сөз. Ол «Қа­сым­да Ақпан мен Байдәулет болса, біздерді еш жау алмайды. «Дөйт» ұра­ны бәрімізді бірлікке шақырады», – деп отырады екен. Атақты батыр Бәйтік Бәймембетұлымен бірге Қарақалпақ Нұр­тай мен Орынбайдың бекіністерін бұзып, Жаңадария мен Қуаңдария өзен­­дерінің бойынан қуғандардың бірі – Ақпан батыр.

Тайға таңба басқандай жазылып қалмаса да, Жанғазы (Маненбай) сұл­танмен бірге Хиуа зекетшілеріне қарсы шығып, барымташыларға мал-мүлкін, ауылын тонатпаған да осы Ақпан Жұ­мыр­ұлы. Ақпан батыр «Аламесек», «Ба­­лапан төбе», «Молдамұрат», «Жау­­­төбе», «Көк Аяз» маңындағы хи­уа­­лық жасақтармен болған ұрыста Бәй­­­тік батырдың сенімінен шыққан десе­ді.

Қарақалпақтардың Сыр бойынан кетуі, «Аламесектегі» қанды шайқас болып табылады. Бұл туралы «Русский Туркестан» газетінің 1905 жылғы №16 санында былайша жазылыпты:

«...После этой победы мужеской пол Каракалпаков по Сыру, Яныдарье был перебит киргизами, а женский разоброн в жены и рабыни. Так гласит киргизская молва об очищении долин рек Сыра, и Яныдарьи каракалпаками».

Жоғарыда кітаптың 371 бетінде 1821 жылдың 2 маусымында Негриге жазылған хатта Сұлтан Маненбайдың хиуалық 1000 жасақпен тіпті Сырдың оң жағалауындағы Төртқара, Арғын, Шөмекей рулары адамдарының Қуаң­­дария мен Сырдария өзендері ара­сында көшіп жүрген ауылдарын то­на­ған. Оған қарсы Арынғазы оны қол­­даған рулардың жігіттері Маненбай ауы­лына қарсы соққы береді. Осы ұрыс­тардың ішінде Сарыбай Ақпан батырдың бол­ғаны айтылады.

Ақпан Жұмырұлының батыр­лы­ғы­мен бірге билік, кесім-шешімдері болған. Дауласушы тараптар «Ақпанның ал­дына барайық, ақ шешеді, бұра тарт­пайды», – деп отыратын болған. Демек, Ақпан Жұмырұлы әрі батыр, әрі би болған. Ол кісі бес әйел алған екен. Олардан тараған Өтеп (Өтей), Бөтей, Қосқұлақ, Қатай, Абыз, Қарашамырза, Меңлібай тағы басқа ұрпақтары елге белгілі азаматтар.

Бірде хиуалық бектерге жасауыл­дарынан «Ақпан батыр келіп қалды» деген хабар жеткенде, «Ол сонау Жан­кенттен қалай жетіп келеді?», – деп сас­қалапты. Сонда жасауыл «Бұл Шө­ме­­кейдің Ақпаны екен», – дегенде. – Ана­дағы зекетшілерді сабап жіберіп, зе­кет бермегендер, іздеп отырғаным өзі келді ғой, алдыма әкел! – депті. Қарусызданған Ақпан батыр көзін бек­тен алмай: «Иә, мен Ақпанмын, ақ­пан­ның дауылындай мінезімді көр­сетпей-ақ қояйын, менің артымда ерін іздейтін елім, ерім бар, сендей сарттан қалайынша қорқамын?!» – деп қасқая қарсы тұрыпты. Ақпанның сұсты жү­зі­нен, айбатынан сескенген, айтқан сө­зін түсінген бек, жігіттеріне бас изеп, Ақпанды босаттырып жіберген деседі.

Қазақ тарихы шежіре мен ауызша айтылған әңгімелерден тұратынын ес­­­­керсек, Ақпан Жұмырұлы өз зама­нын­­да елге билік айтқан тұлғалардың бірі болған. Ақпан бабамыздың бү­гінгі ұрпақтарын санасақ, кейбірі 7 атаға, екінші өсіктері 9 атаға келіпті. Сонда Ақпан Жұмырұлымен бүгінгі ұрпақтарының арасы 270-300 жылды құрап отыр.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этнограф


08 ақпан 2022 ж. 465 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 784

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031