» » » Қайран біздің аналар, арды ойлаған

Қайран біздің аналар, арды ойлаған

Мен мұны ауылдағы үлкен кісілерден естідім. Сол кездегі аналардың қандай қасиет пен өсиетті бойына түйгенін осы әңгімеден-ақ байқауға болады. Тектілік шынында ұлтымыздың қанында ойнап тұрғанын жазбай танисың да, көкірегіңді мақтаныш сезімі билейді. Шіркін, арды ойлаған «аналарым-ай, сендер қандай перизаттай пәк, теңіздей терең едіңдер» деп айдай әлемге жар салғың келеді. Осы әңгіменің әсері сондай, күні бүгінге дейін ойымнан шықпайды.

«Өткен ғасырдың жаугершілік заманы болса керек, қалың қазақпен бірге бір кісі қытай жеріне бас сауғалайды екен. Күндердің күні белгілі бір себептермен бергі бетте қалып қойған, тұтқында отырған екі жеңгесін құтқару үшін ол түн жамылып шекарадан өтеді. Ақыры тәуекелі қабыл болып, біреуінің құшағында сәбиі бар, екі жеңгесін қамаудан босатып, қашып шығады. Алайда жол-жөнекей әлгі нәрестеден тірідей айырылып қалады. Иә, содан сан қиындықты көріп, соңында арып-ашып бір белестен көтерілгенде алдарынан киіз үйлі қазақ ауылы кездесіпті. Есі шыға қуанған әлгі кісі сүріне-жығыла алға ұмтылғанда, екі жеңгесі отыра кетіпті. Олардың бұл қылығын түсінбеген ол «Оу, айналайындар, қырығына шыдағанда, енді біріне шыдаңдар. Бір ұмтылсақ, ауылға да жетіп қаламыз. Қанекей, тұрыңдар» дейді ғой «әбден қалжыраған екен-ау, бейшаралар» деген ойдың жетегімен. Сонда бір жеңгесі «Қайным-ау, шаршап тұрған жоқпыз. Ұялып тұрмыз» депті.

«Неден?» десе, «Бұл бәленше атамның ауылы ғой, танып тұрмыз. Бірақ қалай жалаңбас барамыз?» деген жауапты естіген ағамыз аңырып тұрып қалыпты. Қашып-пұшып жүргенде, орамал тұрмақ, қайбір бүтін киім қалды дейсіз? Содан ол «Ә-ә, солай екен-ау» деп біраз тұрыпты да, «Таптым» деп отыра қалып, етігін шеше бастапты. Етігін шешіп, екі шұлғауды екі жеңгесіне ұсыныпты. Олар да сөзге келмей, жымиған қалыптары шаштарын жиыпты. Сөйтіп барып ауылға беттеген екен.

Көрдіңіздер ме, қазақ келіндерінің ибасын? Түсінген адамға ол кісілердің бұл ісінде ата дінін ардақтау, ата салтын асқақтату жатыр емес пе?

Міне, осындай ибалы, инабатты келіндер біздің ата-баба дәстүріне кір келтірмей, атаны ата, енені ене, деп басқа да отбасы мүшелеріне құрмет көрсеткен. Қыз-келіншектеріміз жоғарыда аталған қазақтың қарапайым аналарының өнегесін алса, ұлтымыз майдаланбасы хақ. Шағын мысал болғанымен, астарында ұлылық пен жылылық бар. «Жұмақ ананың табанының астында» дейді қасиетті хадис. Парасатымен патшаны таң қалдырып, ақылымен алты алашты алдына келтірген осындай Аналар, Аллаға шүкір, қазақта аз болмаған. Арды ойлаған аналарға мың тағзым!

Гауһар Қожахметова

22 ақпан 2022 ж. 1 162 0