Ұлты ұлықтаған ұлы тұлға
Жалпы әлемдік тарих пен төл тарихымызды ашып қарайтын болсақ, шын мәніндегі әмбебап тұлғалар аса көп емес. Олар ең алдымен өз халқының даму бағытын тың арнаға бұрып, өркениеттің жаңа сатысына көтерген реформатор болып саналады. Солардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол – қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы оқыған азаматтарының тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі. Ұлтымыздың сол кезеңдегі серкелері Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Мұстафа Шоқай Ахмет Байтұрсынұлын алтын діңгек санап, ұраны мен рухының кемелдігіне бас иді.
Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің жиырма бес жасында Ахмет атамыз жайлы жазған толғанысы – бүгінгі ұрпаққа асыл аманат, сонымен бірге ғасырдан-ғасырға жалғаса беретін ұрпақтар сабақтастығын бекітетін алтын дәнекер деуге болады. Ахмет Байтұрсынұлының тарихи тұлғасы ең алдымен «тұңғыш, алғашқы, негізін салушы» деген ұғымдармен сипатталады. Тұңғыш төл әліпби мен алғашқы оқулықтар, ұлттық ғылымның негізін салушы және басқа өміршең бастамалар ұлт ұстазының есімімен тікелей байланысты.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Ахмет атамыздың екінші һәм мәңгілік өмірі басталды десек те болады. Қазақтың ғұламасы, Ахмет атаның замандасы әрі рухани інісі Мұхтар Әуезов ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойында: – «…қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды. Ахаңның қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіші – мәңгілік ескерткіш» – деген екен.
Әдебиетші-ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы «Әр дарынның тарихта өз орны бар» атты мақаласында А.Байтұрсынұлының сол жылдары егемендікке ұмтылудың, азаттық алудың бірден-бір жолы оқу мен білім алып, ой-сананы дамытуда екенін жете ұғынып, оны белгілі дәрежеде «ағымға айналдыруға мұрындық» болғанына баса көңіл бөледі.
Халықтың мемлекеті, тіпті өзіне тиесілі территориясы да болмауы мүмкін, бірақ тілсіз халық болмайды. Осы орайда «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» дейді Ахмет атамыз.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлт қайраткері, ірі оқымысты ойшыл ретінде халық пен тілдің ажырамас тұтастығын барынша ұғынды. Сөйтіп ол ұстаздығымен, саяси күрескерлігімен, ғалымдығымен бірге тілдің тарихы туралы да үнемі айтумен болды. Бүгінде қанатты сөзге айналған ойлары халық пен тілдің тағдырын тұтастырған осындай терең толғаныстардан туғаны ақиқат. Оның ұғымында тіл қатынас құралы ғана емес, ең бастысы ол – таным мен тәрбие құралы. Себебі тіл арқылы баланың ұлттық танымы қалыптасады, содан кейін ол елшіл, отаншыл азамат болып, халқына қызмет етеді.
Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі ретінде Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлік білігі мен қабілеті де көрініп отырған. Оны біз 1917-1920 жылдардағы төңкерістік кезеңдерден айрықша байқаймыз. Бұл кезең Алаш қайраткерлеріне үлкен тарихи міндет жүктеген болатын. Оның мақсаты аласапыран заманда ұлттық автономия құру және территориямызды межелеу болатын. Осы тарихи мақсатты орындауда Ахмет атамыз ерекше қайраткерлік танытты. Кеңес үкіметі басшыларымен бірнеше рет кездесіп, соның нәтижесінде Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Уәлитхан Танашев сияқты саяси серіктерімен бірге Қазақстан шекарасын нақты белгілеуді жүзеге асыра білді. Алаш қайраткерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында 1920 жылы 26 тамызда Қазақ Автономды Социалистік Кеңестік Республикасы құрылған болатын.
Қорыта айтқанда, сан салалы мол мұра қалдырған, халқының азаттығы үшін алысып, тұтас ұлттың ұстазы болған тұлғаның осынша жан-жақты дарыны мен күрескерлік қайратының алтын арқауы, қайнар көзі оның айрықша адамсүйгіштігінде дер едік. Асылы, тарих беттерінен бізге игі істері мен асыл сөздері жеткен ұлы тұлғалардың барлығына ортақ негізгі қасиет адам баласына, халқына деген шуақты мейірім мен риясыз махаббат деп түйіндер болсақ, дәл осындай ірі тұлға Алаштың Ахметі болды. Халқына сіңірген зор еңбегі мен өнегелі өмірі ғасырдан ғасырға жетіп, есімі жарқырап, еңбегі жаңғырып, ерекше құрметпен аталатын орасан тарихи тұлғалар болады. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқы, жалпы түркі жұрты, қалаберді ғаламдық қауымдастық үшін осындай тұлға.
Бағжан ЕСЕНОВА,
№203 орта мектептің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Жаңадария ауылы