» » » ЖАҢА ДӘУІРГЕ – ТЫҢ СЕРПІНМЕН

ЖАҢА ДӘУІРГЕ – ТЫҢ СЕРПІНМЕН


Адамзаттың ырқына, қалауына қарамастан жүріп жатқан жаһандану үдерісінде еліміз көштің соңында қалып қоймауы үшін келешек елдің, жердің иесі болатын, мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастыратын өскелең ұрпақтың бойынан терең білім, биік мәдениет, өр рух табылуы тиіс.
Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі физика-математика-информатика бірлестігінің пән оқытушылары – жаңа дәуірдің жаңаша ойлайтын ұрпағына, саналы тәрбие, кәсіби білім беруде бойдағы барын сарқып келе жатқан жаңашыл мұғалімдер. Ақпарат тасқыны, цифрлы технология үдерісі жайбасарлықты, ұзын арқан, кең тұсау салғырттықты көтермейді. Қазіргі уақыттың талабы мүлде басқа. Ғылымның атасы саналатын математика мен қыбырлаған жәндіктің қимылы мен ғарыш жылдамдығына дейін заңдылықтарды түзетін физика пәнінің оқытушылары осы білім ордасынан орта білім әрі мамандық алсам деп келген өрендердің қызығушылығын арттыру үшін сабақты қызықты, мазмұнды етіп өткізеді. Сонымен қатар студенттерге өзін танып-білуге жол көрсетіп беретін колледж қабырғасында дәстүрлі «Пән апталықтары» өтіп, сол апталықтар аясында түрлі танымдық сабақтар, іс-шаралар, оқушылардың зейінін арттырып, зердесін тереңдететін сайыстар, рухани кемелдендіретін қойылымдар ұйымдастырылады.
Жуырда физика, математика, информатика пәндері бойынша «Цифрлы технология – болашаққа батыл қадам» тақырыбында апталық өтті. Апталық аясында физика пәні бойынша «Толқынды қозғалыс» тақырыбында ашық сабақ өтті. Сонымен бірге «Жылу құбылыстары» тарауына арналған физикалық кеш өтіп, студенттерге күнделікті өмірде көпшілік мән бере бермейтін қарапайым қимыл-тіршіліктің өзінен физиканың заңдарын көруге болатынын көрнекі мысалдармен ұғындырды. Айталық, кәдімгі шайдың қайнауы барысында судың бетінде көпіршіктердің пайда болу себебі, булану процесі, судың қайнау кезіндегі шу және судағы молекулалардың салқындау кезіндегі жай-күйі секілді физиканың ережелерімен түсіндірілетін жағдайларды қызықты, мағыналы етіп жеткізді. Ал, математика пәнінің оқытушысы Гүлнәр Аманғалиқызы «Қосынды және айырым түрінде берілген тригонометриялық функцияларды көбейтінді түріне келтіру» тақырыбында ашық сабақ, информатика пәнінің оқытушысы Зухра Диуанова «Интернет желісінің сипаттамасы, құрылымы және құрамы» тақырыбында ашық сабақ өткізсе, Бибігүл Қалданова физикалық көрме ұйымдастырып Физика әлеміне саяхат жасап, студенттермен эксперименттік жұмыс жасады.

Кеудедегі сәуле шашқан білімнің қандай сәтте де, қандай түнектен де алып шығатынын бағамдаған Абылай хан бабамыз: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген екен. Ал, «Елдің келешегі – кемел ғылым мен білімде, елдің болашағы – білімді жастардың қолында» деген Елбасы қазіргі колледждерде, университеттерде оқып, білім алып жатқан жастардан үміт күтеді, сенім артады. Озат ойлы, білімді, елін сүйетін, жерін қадірлейтін, өзіндік көзқарасы қалыптасқан тұлға тәрбиелеп шығаруды мақсат еткен колледждің педагог-оқытушылары білім мен тәрбие беруде жаңа қадам, тың ізденіс жасаудан жалықпайды.
Келешекте ауданның өсіп-өркендеуіне, шаруашылықтың барлық саласын дамытуға атсалысатын, халықтың әл-ауқатын қазіргіден де жақсартуға аянбай тер төгетін майталмандар осы оқу орнынан шығатыны анық, оны аудан өмірінен көріп те жүрміз.

Сәния МҰРАТБЕКҚЫЗЫ,
Жалағаш индустриалдық-аграрлық колледжінің оқытушысы.

07 сәуір 2018 ж. 1 197 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930