» » » ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ФИЛЬМ ГЕРМАНИЯДАҒЫ КИНОФЕСТИВАЛЬДІҢ НАЗАРЫНА ІЛІКТІ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ФИЛЬМ ГЕРМАНИЯДАҒЫ КИНОФЕСТИВАЛЬДІҢ НАЗАРЫНА ІЛІКТІ


Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қарасты «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігінде түсірілген «Хат» фильмі Германиядағы «Оберхаузен» кинофестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасына іріктеліп алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат«Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
  64-ші халықаралық «Оберхаузен» қысқаметражды фильмдер кинофестивалі (Internationale Kurzfilmtage Oberhausen) мамыр айының 3-8 аралығында өтеді. Жас режиссер Әділ Мұсатаев түсірген дебюттік картина анасына хат жазуды армандап жүрген балалар үйінің тәрбиеленушісі туралы баяндайды. 
  «Фильмдегі оқиға шынайы өмірден алынған. Бұл оқиға Өскемен қаласындағы балалар үйінде болған екен. Осы оқиғаны танысымнан ести сала, дайын драматургияның бар екенін аңғарып, оны кино тіліне салып көрмек болдым. Осындай белді кинофестивальде фильмнің тұсауы кесілетініне өте қуаныштымын,- деді режиссер Әділ Мұсатаев. 
  «Оберхаузен» кинофестивалінің ресми сайтының мәліметі бойынша, биыл фестивальдің негізгі халықаралық байқауына 33 елден 53 қысқаметражды фильмдер көрсетіледі. Олардың арасында АҚШ, Қытай, Мысыр, Аргентина, Бразилия, Үндістан, Франция, Жапония, Ресей, Қазақстан, Финляндия және тағы да басқа елдерден фильмдер бар. Жалпы осы байқауға 6 мыңға жуық фильм ұсынылған.
  Айта кетерлігі, алпыс жылдық тарихы бар «Оберхаузен» халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалі - қысқа метрлі фильмдерге арналған ең ірі байқаулардың бірі (1954 жылдан бері өткізіліп келеді).
Байқау - дүниежүзінен жиналған киногерлерге кино төңірегінде әңгіме құрып, оны талқылауға, жаңа трендтер мен есімдерді ашуға кең мүмкіндік беретін бірден бір фестиваль. Дәл осы фестиваль арқылы Мартин Скорсезе, Джордж Лукас, Роман Полански сынды басқа да кино майталмандардың жұлдызы жанған.

https://kyzylorda-news.kz
03 мамыр 2018 ж. 826 0