БІРҚАТАР ПӘН АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ ОҚЫТЫЛАДЫ
Бәсекеге қабілетті ұпақ қалыптастыруда білім берудің жаңа мазмұны маңызды рөл атқарады. Сондықтан ұстаздар қауымы биыл жаңартылған білім беру мазмұнымен жұмыс жасайды. Бұл жүйемен білім беруде мектеп басшылары басқа мұғалімдерге үлгі болуы тиіс. Сондай-ақ, өңірдегі инновациялық №31, 32, 123 және 201 мектеп-лицейлері биология, физика, химия, информатика пәндері бойынша ағылшын тілінде оқытуды жүзеге асырады. Бұл туралы сейсенбіде аудандық мәдениет үйінде өткен тамыз кеңесінде айтылды.
Дәстүрлі жиын биыл «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» деген жаңа атаумен өтті. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев модераторлық жасаған басқосуға облыстық білім басқармасы жанындағы оқу орталығының директоры Сырым Асқаров, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары, ардагерлер мен ұстаздар қауымы қатысты. Алдымен жиынның негізгі мақсатын тарқатқан Қ.Әубәкірұлы ұлағатты ұстаздардың шәкірт тәрбиелеудегі еңбегін жоғары бағалады.
– Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруші ұстаздар қауымымен алда тұрған басты міндеттерді айқындайтын, негізгі мәселелер жөнінде ой түюге, пікір алмасуға мол мүмкіндік беретін маңызды жиында бас қосып отырмыз. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция аясында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ел дамуына тың серпін беретін нақты қадамдарды айқындап берді. Ол еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекелік қабілетті арттыра түсуі тиіс. Еліміздің алға қойған үлкен мақсаты – 2050 жылға қарай әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарында болу. Қарқынды дамуда Әлем бізден өзіне сай болуды талап етеді. Ілесе алмағандар көштің соңында қалады. Сондықтан біз жаңа жаһандық болмыс талаптарын қабылдауға тиіспіз. Әлемде кезекті, төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Тек сапалы адам капиталы ғана қазіргі заманның бүкіл талабына жауап бере алады. Бұл ретте білім мен ғылым саласының маңызы өте зор. Сондықтан, білім қоғам үшін ең басты басымдық болып қала береді. Жаңа оқу жылының міндеті – ұстаздардың жағдайын жақсарта отырып, білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыру. Алдымызда маңызды мақсаттар тұр, оны бірге орындаймыз. Білім саласын дамыту жолындағы шығармашылық істеріңізге табыс тілеп, барлық педагогтарды жаңа оқу жылымен құттықтаймын, – деді өңір басшысы.
Мұнан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзат Құрманбаева атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында баяндады. Сондай-ақ, ол жаңартылған білім беру мазмұнының маңыздылығына тоқталып, өңірде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысын кеңінен тарқатты. Мәжілісте мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің білім берудегі ісін жетілдіру жайы пысықталды. Сондай-ақ, «электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесін енгізу жайы да сөз болды.
Жиында білім саласындағы өзге де өзгерістерді тілге тиек еткен облыстық білім басқармасы жанындағы оқу орталығының директоры Сырым Асқаров ұстаздар қауымына жаңа оқу маусымында сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол әрбір өскелең ұрпақтың ел болашағы екенін, сапалы жұмыс жасау педагогтардың басты міндеті екенін атап өтті. Басқосуда интернет желісі бар ауылдармен тікелей байланыс орнатылды. Ауылдық елді мекендегі ұстаздар бұл жүйенің, әсіресе өзге өңірлермен тәжірибе алмасуда айтарлықтай пайдасы болатынын айтты. Мұнан бөлек ұлағатты ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ағылшын тілінде дәріс берудің тиімді екенін жеткізді. Педагог мамандардың сөзінше, бірқатар пәнді ағылшын тілінде қабылдау оқушыларға аса ауыр болмайды. Тіпті өздерінің жұмыс жасауына да аса кері әсерін тигізе қоймайтын сыңайлы. Себебі, осы жоба қолға алынбас бұрын мұғалімдер арнайы курстардан да өтіп үлгерген.
Тамыз кеңесінде жалағаштық түлектердің ҰБТ қорытындысы бойынша да жоғары көрсеткішке қол жеткізіп жүргені айтылды. Сондай-ақ, биыл грантқа ие болған мектеп бітірушілер қатары да артқан. Орташа және ең жоғары балл бойынша да өсім жоқ емес. Әрине, мұның барлығы – алдымен мұғалімдердің жауапкершілікпен жұмыс жасағанының жемісі. Мәжілісті қорытындылаған Қ.Сәрсенбаев бірқатар ұстазды ҚР Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЙ.