Өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем
2017 жылы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қаулысымен 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілді. Биылғы тілдер мерекесі ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 145 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Мереке қарсаңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде дөңгелек үстел өтті. Шарада осы бөлімнің бас маманы Бибіәсия Дүйсенбиева, аудандық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Мирман және ардагер ұстаздар мен тіл жанашырлары тіл мәселесінің маңыздылығына тоқталды.
Жиын барысында халық мәңгілігінің темірқазығы саналатын ана тілді құрметтеу, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіру және қорғауды қамтамасыз мәселелері көтерілді. Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері Бақыткүл Рахымбаева «Мемлекеттік тіл – ұлттың негізі» тақырыбында хабарлама жасап, қазақ тілі біздің рухани негізіміз. Осы тіліміздің халықаралық мәртебесін көтеру, өркениетке жетудің басты кепілі екенін айта келіп, ана тілді ұмытпауға, оны таза әрі мәдениетті түрде қолдануға, мемлекеттік тіл саясатының жаңаша қарқынмен дамуына үлес қосуға шақырды. Одан кейін, облыстық ішкі саясат басқармасы тілдерді қолдау орталығының қызметкері, қазіргі таңда ауданда оқытылып жатқан ағылшын курсының оқытушысы Айнұр Қосмұрзина хабарлама жасады. Оның сөзінше, көптілді білу тиімді. Себебі, әр білім алушының жеке қабілеттерін қалыптастыруда, өзін-өзі әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан дамытуда көптілділіктің маңызы зор. Жаһандану заманының сәт сайын өзгеріп, жетіліп отырған ағысына бейімделіп, ілесе алатын мықты мамандарды даярлау – қоғам алдындағы басты міндет екенін ерекше атады.
Осы уақытқа дейін ауданда барлығы 107 маман ағылшын тілін үйрену курсынан өткен. Алдағы уақытқа тағы 50 маман оқытылады деп жоспарлануда. Курстың тиімділігі, білім алушылар сабақ уақытын өздері белгілей алады және жұмыс орнында отырып-ақ ағылшын тілін меңгеруге мүмкіндігі бар.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.