» » » Қазақ халқы неге оң жақты жақсы көреді?

Қазақ халқы неге оң жақты жақсы көреді?

ÒÐ°Ð·Ð°Ò ÑалÑÒ, ÑалÑ, алÑÑбаÒан

Қазақтың бата-тілегінде "оң" сөзі жиі қолданылады. Дегенмен әр істі оң жақтан бастауды құп көрген халық не себепті "жұлдызың солыңнан тусын" деп тілейді? Мақал-мәтелдердегі оң ұғымының мәні қандай? "Оңшыл" болудың қазақтың дәстүрлі дінімен қандай байланысы бар?

Не себепті оң қолмен амандасу керек?

Қазақ баласын амандасып, сәлемдесуге жастайынан тәрбиелейді. Қызына сәлемін ізетпен жеткізуді, ұлына үлкендермен “Ассалаумағалейкүм!” деп амандасуды ес білгеннен үйретеді.
Халқымыздағы амандасу үлгісі нағыз мұсылманша болатын. Оң қолын беріп, қос қолдап амандасқан. Жас үлкенге, жалқы адам жалпы көпшілікке бірінші болып сәлем берген. Ал әйел кісілермен “Есенсіз бе?” деп хал сұрасқан. Сол тәрбие арқылы шынайы мұсылманшылық болмысын сақтай алған.

Бұқар жыраудың мынадай үлгілі нақыл сөзі бар:
Өзек қуа ағады,
Өзен судың сағасы.
Алыстан сәлем береді,
Әдепті елдің баласы.
“Ассалаумағалейкүм” арабша “Ассаламу алейкум” – “сізге Құдайдың тыныштығы болсын” деген мағынаны білдіреді. Демек, мұсылманшылықта сәлем берудің негізі – тілек, екі мүмін кездескен жерден бір-біріне Тәңірінің тыныштығын тілеп, дұға етеді.
Пайғамбар (с.а.с.) әрбір істі оң жақтан бастағанды ұнатқан әрі үмбетіне де солай үйреткен [1].

“Айың оңыңнан, жұлдызың солыңнан тусын” деудің сыры неде?

Аспанда екі-үш күн Ай көрінбеген мерзімді қазақта “өліара” деп атайды. Ай Күннің сол жағына өткен соң батыс көкжиектен қылдырықтай болып көрінеді, жаңа Ай туады. Туар Ай “)” таңбасына, ал өліара “(” таңбасына ұқсайды. “Таусылған” немесе “кеміген” Айдың бұл түріне ұқсаған белгіні қазақтар қазірге дейін бейіт басына орнатады. Күннің сол жағынан туған жаңа Ай — ата-бабалар үшін оң жағынан туған Ай. Өйткені осы тұстағы көрініс берген Ай адамдар үшін оң жақ екені түсінікті. “Айың оңыңнан тусын!” деуі – бір-бірін жаңа туған аймен құттықтауы, яғни “жаңа айың жарылқасын!” деген тілектің басқаша түрде айтылуы.

Күннің, Айдың жүретін жолы оңтүстікте “бетті” бергенде, Айдың оң жақтан шығып, шығысқа, Күннің сол жақтан шығып, батысқа “жол тартатыны” – жаратылыстың заңы. Осылай болу бейбіт, тыныштық өмірдің нышаны, яғни бейбіт мамыражай заманды білдіреді [2].

баÑа беÑÑ, аÑа

Ал “Жұлдызың солыңнан тусын” дегенге қатысты ел арасында аңыз бар. Кейде тілекте жұлдыздың аты аталып, “Шолпаның солыңнан тусын” дейді. Қазақ фольклорының 100 томдық “Бабалар сөзі” кітабында бұл туралы былай делінген:
Зуhра деген – Алланың шын сүйікті пендесі. Оны Әза мен Әзайа атты періштелер сұлулығына қызығып, алдап қолға түсіреді. Оның қашып құтылуға ешқандай мүмкіндігі болмай қалады. Ақырында Алланың мың есімін үйретуді өтінеді. Өйткені ол Алланың мың есімін жаттап алғанда көкке ұша алатын қасиет пайда болатынын білетін еді. Зуhра дәрет алып, таң жақындағанда “мына пәлелерден құтқар” деп, Аллаға сыйынады. Көкке көтеріліп, барлық халық қастерлейтін жұлдызға айналып кетеді. Еуропаша Венера, арабша Зуhра, түрікше Шолпан – сол жұлдыз. Егер ол жұлдыз қасиетті болмаса, халық “Айың тусын оңыңнан, Шолпаның тусын солыңнан” дей ме?

Қазақтың бата-тілегіндегі “оң” ұғымы

Қазақтың жаңа жылы – әз Наурыз да “оң” тілегімен басталады. Қазіргі күнге дейін мейрамда бірін-бірі жолықтырған жандар “Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!” деп құттықтайды. Тәй-тәй басқан балаға да, жаңадан келген адамға да “Қадамың оң болсын!” деп тілек білдіреді.

Бұл ұғымның мұсылмандық ұстанымға қатысы бар. Құран Кәрімде Уақиға сүресінің 27-аятында жұмақтықтар “оң жақ иелері” деп сипатталған. Хаққа сүресінің 19-шы, 25-ші аяттарында жұмақтық пенденің амал дәптері оң жағынан беріліп, ал тозақтықтың амал дәптері сол жағынан берілетіні айтылған.

Қазақта “оң” жақсылықтың нышаны ретінде сипатталады. Сол себепті де бата-тілектерде “оң болсын”, “оңдасын”, “оңғарсын” сөздері жиі кездеседі.
Әуелі құдай оңдасын,
Бақыт пен дәулет,
Бас пен мал
Басыңа мәңгі орнасын.  
***
Оң аяқпен аттандың,
Гүл бітсін қонған қияңа
Келіп жүр сүйген жарыңмен
Өзің ұшқан ұяңа!     
(Ұзатылған қызға берілетін бата)
***
Әумин десең маған,
Құдай берсін саған.
Алтыннан – жағаң,
Күмістен – тағаң.
Оң жағыңнан кетпесін
Күрпілдек қара сабаң.
Бата-тілектерден бөлек, мақал-мәтелдерде де “оң” сөзі жақсылық ұғымында қолданылады. Мысалы:
  • Оң сөз өзен тоқтатар.
  • Сол көзіңе оң көзің қарауыл болсын.
  • Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін.
Қазақтың дәстүрлі дінінде келетін хадистерде:

Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, Аланың Елшісі (с.а.с.) дәрет алғанда да, аяқкиім кигенде де, шашын тарағанда да оң жақтан бастағанды ұнататын. Алла Елшісі (с.а.с.) оң жақтан бастағанды жақсы көретін. Оң қолымен беріп, оң қолымен алатын. Барлық ісінде оңшылдықты жақсы көретін, – делінген.

ÑаÑмал, ÒÑмÑз, ÑоÑÑÑÒ

Қазақтың көркем әдебиетінен де “оң” ұғымына байланысты мысал келтіре кетейік. Дүкенбай Досжан “Қымыз” атты әңгімесінде оң қолымен әрекет етудің қазақ тұрмыс-тіршілігіндегі әдемі сипатын келтіріп, оның маңызын аңғартады:

Жас келін ожаумен алдындағы ақты төрт мәрте толғап сапырды. Сапыру сыйлайтын кісінің санына байланысты. Әр кісіге арнаған әдемі ілтипаты. Сол қолына зеренді алды. Оң қолымен ожау көтерді. Сусынның сылдырын сездірмей, ыдыстың шетін ала құйды, зеренді тым толтырған жоқ, бір елідей ернеу қалдырды. Ожауды қайыра табақ шетіне ілді. Енді зеренді оң қолынаалмастырды. Ақ білегін созып, қымыз ұсынды.

Ауыз әдебиетінен де “оң” сөзін жиі кездестіреміз. Мысалы, “Қобыланды батыр” жырында:
Жұлдызы туып оңынан
Қобыланды сонда “шу!” – деді
– десе, тағы бір жолында:
Ебелі найза қолынан,
Жұлдызы туып оңынан, 
– деп келеді. Ал Төле бидің Қойгелді батырға берген батасында:
Қойгелдім, жай қолыңды,
Алла оңғарсын жолыңды.
Қылышпен жол caп ағыздың,
Маңдайды басқан сорымды,
Ата жолын қуған ұл Алашқа әмсе пана бол!
– деген жолдар бар.
Бұдан қорытындылайтынымыз: қазақтың таным-түсінігінде “оң – жақсылықтың нышаны” деген ұғым ертеден келе жатыр әрі күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ.

Дереккөз:
  1. “Дін мен дәстүр” І кітап. – Алматы, 2013.
2. Қазақтың этнографиялық категорияларының, ұғымдары мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. – Алматы, 2011

Материалды Алматы дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындады.
https://baribar.kz


13 қыркүйек 2018 ж. 1 146 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930