ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ...

Аудандық сот төрағасы Асылхан Мизанбаевтың қатысуымен Мәдениет және өнерді дамыту орталығында "Отбасын құруға мен дайынмын ба?" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға жиылған ардагер-ұстаздар тақырып төңірегінде ой бөлісіп, жастарға ақыл-кеңесін айтты.
         Аудандық соттың ұйымдастыруымен өткен бұл жиынға біз де қатыстық. Онда сот қызметкерлері, партия өкілдері мен ардагер-ұстаздар және студент қыздар түгел жиылды. Басқосуда қоғамда дәм-тұздары жараспай, ажырасқан жұбайлар саны күрт өсіп кеткендігі және оның себеп салдары айтылып, түрлі ой-пікірлер ортаға салынды.
         Жалпы, жаһан дамыған сайын адамдардың, жалпы қоғамның көзқарасы мен құндылықтарға деген қарым-қатынасы өзгереді. Соның салдары дейміз бе, әйтеуір статистикалық мәліметтерге сай Қазақстандағы әрбiр үшiншi неке бұзылуға бейiм екен. Әріге бармай-ақ, өзіміздің өңірдегі көрсеткішке көз жүгіртсек...
         Мәселен, өткен жылдың осы кезеңіне дейін аудандық сотқа 62 арыз түссе, биыл бұл көрсеткіш – 38-ді құрап отыр. Барлығы некені бұзуға өтініш білдіргендер. Тіпті, олардың басым көпшілігі сот залында ойлануға, татуласуға уақыт та сұрамайтын болып шықты. Сөйтіп, жас-жұбайлардың талап-арыздары заң жүзінде қанағаттандырылған. Мұндай көрсеткіш қорқынышты әрине. Бірақ, бұл – бұлтартпас шындық, факті.
         – Ата-анасының мұндай қадамға баруы балалар психологиясына әсер етпей қоймайтыны сөзсіз. Мойнына келіп асылатын балдай балаларынан тірілей айырылатын әкелер көбеймесе, азаймай отыр бүгінгі қоғамда. Ал жат жұрттық қыздарымыздың төркінін қайта паналауы да қазақы тәрбиеден алыстап бара жатқанымызды көрсетуде. Бұрын қазақта бұл мәселені ағайын-туыс, ел-жұрт болып салмақтап, кем-кетікті түзеп отырған. Тәжірибесі аз жастарға ақыл қосып, жас шаңырақты сақтап қалған. Ал, қазіргі кезде ажырасу ісін тек сотпен бітіргісі келеді. Әрине, біз де заң жүзінде тиісті үкімді шығарып береміз. Дей тұрғанмен, арызданған екі тарап та отбасын сақтап, ең құрығанда баланың болашағын ойлауы керек. Жалпы, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқымыз. Жас отбасының түтіні түзу шығып, махаббат пен татулық, береке-бірлік орнаған жылы жанұяға айналуы, сондай-ақ босағасы берік, керегесі кең, болашағы нұрлы болуы көбіне жас жұбайлардың үйінде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты, – деді аудандық сот төрағасы Асылхан Абитханұлы.
         Сондай-ақ, ол неке бұзуға өтініш білдіруге келген әрбір жас-жұбайларды райынан қайтаруға тырысатындықтарын жеткізді. Осындай игі істердің нәтижесінде ызаға булыққан біраз жас өз арыздарын алып, отбасын сақтап қалыпты. Мұны жоғарыда айтылған цифрлар да айғақтап отыр. Олар жастарға ақыл-кеңесін айтып, татуластыруға үндейді екен.
         Иә, біздің менталитетімізге сай әрбір жас отбасы құндылықтары мен жанұя ұйытқысын сақтап, ата-баба дәстүрі арқылы өркениетке көш түзеуі тиіс. Бірақ, қоғамдағы кей жастардың мұндай қастерлі құндылықтардың қадіріне жетпей жүргені қынжылтады. Шарада «Ажырасу» атты әлеуметтік мәселенің негізгі себептерін, зияны мен салдарын саралаған "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева бала тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды сөзбен жеткізді.
         – Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Тәрбиенің кілті – отбасының өмір тіршілігіне байланысты. «Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» ғой.  Осыны білген ата-бабамыз әу баста бала тәрбиесі мен отбасы құндылығына аса мән беріп, қызды қырық үйден тыйған. Жас жұбайлардың ажырасуы екі жаққа да абырой әпермесі түсінікті. Дегенмен, кейбір ерлі-зайыптылар осындай өкінішті қадамға тайсалмай баруда. Мұның алдын алуға тиіспіз. Ол үшін жастар ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, "ажырасу" ұғымы қазақ менталитетіне жат екенін білуі керек, – деді ол.
         Ажырасудың себеп-салдары айқындалған басқосуда жастардың да пікірі тыңдалды. Олардың сөзінше, қазіргі таңда жастар ұсақ-түйек қиындыққа төзе алмай, екіге бөлінеді. Ерлі-зайыптылардың ажырасуының зардабын ең алдымен ортадағы бала тартады. Сот төрағасы айтып өткендей, мұндай жағдайда баланың психикасы бұзылады. Бала тәрбиесінде әкенің де, шешенің де орны бөлек. Осындайда «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегенді бабаларымыз текке айтпаған және бұл сөздің астарында терең философиялық ой жатыр. Тақырып төңірегінде ой қозғаған көпшіліктің пікірі осыған саяды. 
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
01 қараша 2018 ж. 784 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930