Жүректі жылытқан оқиға: 257 қазақстандық ақша жинап, жалғызбасты анаға пәтер алып берді
Қазақстан бойынша WhatsApp қосымшасында 257 адамнан құралған "Джентльмендер клубы" атты ең үлкен топ бүгінгі күні еліміздегі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне түрткі болып, талай отандастарымыздың рахметін алуда. Жақында олар Ақтөбеде тұрып, үш баланы бағып жатқан жалғызбасты анаға пәтер алып берді. Мұқтаж жандарға көмек көрсетуді мақсатына айналдырған клуб мүшелері өз аты-жөндерін көпшілікке жария етуге ниеттенбейді. Клубтағы джентльмендеріміз кім? Stan.kz тілшісі клубтың негізін қалаған Арман Қашқынбековпен сұхбаттасып, клубтың кім және не үшін керектігін анықтады.
Бұл клубқа елі үшін еңбектенген азаматтар, атақты тұлғалары, министрлер мен әкімдер, мемлекеттік қызметкерлер, Forbes рейтингісіне кіретін кәсіпкерлер және өзге де қоғам қайраткерлері мүше. Оны 2013 жылы ашқан Арман Қашқынбековтың сөзінше, клубтың мүшесі болуды жан-жүрегімен қалайтын қазақстандықтардың саны көп. Алайда WhatsApp қосымшасында топтағы орын саны шектеулі, сондықтан қосымша жаңармайынша клубқа жаңа адамдарды қосу қиындау.
Егер клуб мүшелері тек Алматы мен Нұр-Сұлтанда тұратын адамдарға көмектеседі деп ойласаңыз, асығыс шешім шығармауға кеңес береміз. "Джентльмендер клубы" Қазақстанды аралап, өңірде өмір сүретін отандастарымыздың проблемаларын шешуге тырысады екен.
"БАҚ-та көбінесе ірі қалалардағы көпбалалы, тұрмысы нашар жанұялардың жағдайы айтылып жатады. Ал өңірде де не істерін, кімнен көмек сұрарын білмей отырған көпбалалы қазақстандықтар бар. Олардың барлығына көмектескіміз келеді. Алайда, біз мемлекет емеспіз, бізді ешкім қаржыландырмайды. "Екі қайықтың басын ұстаған суға кетеді" демекші, біз бірнеше жанұяға көмектесуге ниеттенсек те, таңдауымызды бір жанұяға тоқтатттық. Өз арамызда дауыс беру арқылы отағасынан айырылып қалған, балаларымен Ақтөбеде тұратын әйелге көмектесеміз деп шештік. Клуб мүшесі үш баланың анасы қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын өз көзімен көріп қайтты.
Бір баласы ДЦП-мен ауыратын әйел ескі үйдің бір бөлмесін жалға алып тұруға мәжбүр болған екен. Джентльмендер ақша жинап, оған алты миллион теңгеге баспана алып берді. Басқа кәсіпкерлер де қосылып, әйелге пәтерге қажетті жиһазды сыйға тартты, тағы да біреу азық-түлік әкелді. Жалпы, ортақ есеп отыз мың теңгені құрады. Сонымен қатар, биыл өткен "Қазақстан барысы — 2019" байқауында Өскеменде тұратын көпбалалы жанұяға сертификат табыстадық. Сертификат пәтер сатып алуға арналған. Клуб мүшесі қажетті сомманы толығымен өз қалтасынан шығарды", — дейді Арман Қашқынбеков.
Клуб мүшелері бағалайтын ең басты дүниелердің бірі — адамгершілік. Биік лауазымы, мәртебесі болса да адамдықтан айнымай, қолдан келгенше отандасын қолдау — бұл ортаның ұранына айналып кеткен сыңайлы. Клубтағы бір адам жақсылық жасаса, сыйластықтың белгісі ретінде оның атына джентльмен деген сөзді жалғап құрмет көрсету олардың дағдысына айналып кеткендей.
"Әр джентльменнің жеке жұмыстары, бала-шағасы бар. Бірақ әрқайсысы көмекке мұқтаж, жағдайы нашар адамға қол ұшын созуға дайын. Менің ойымша, біздің топтың ерекшелігі — маңызды жобаны, жақсы идеяны клубтағы 257 адамның барлығы бір-бірімен жарысып ұсынатындығында жатыр. Мысалы, 2019 жылдың ақпанында Нұр-Сұлтанда тілсіз жаудың кесірінен бес қыз дүниеден озып кеткенде клуб мүшелері жұдырықтай жұмылып, көмек көрсетті. Өрт шыққан Көктал ауданындағы үйлерге 200 иіс газы сезбегін қойып шықты. Құрылғыларды орнатпас бұрын біз қала әкімдігінен рұқсат алдық. Әкімдік, сосын елде болған жағдайларға бейжай қарамайтын азаматтар қолдау көрсетіп, біздің жобамызға қосылды. Теледидардан "Бір үйде газ сезбегінің арқасында отбасы өрттен аман қалды" деген жаңалықты естіп қалғанда еңбектің далаға кетпегенін түсініп, қуанып қаламын", — дейді клуб негізін қалаған азамат.
2013 жылдан бері талай жанды қиын жағдайдан құтқарып, ризалығына бөленіп жүрген клубтың ісі алға басуына тілектеспіз.
Stan.kz