» » » Мың рет естігеннен бір рет көр

Мың рет естігеннен бір рет көр



«Иманқұл» мешітінің бас имамы Айбек мәдиев бастаған мешіт жамағаты Түркістан облысындағы Арыстанбаб және Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың басына барып, киелі орындарға саяхаттап келді.

Таң азанымен жолға шыққан саяхатшылар алдымен Арыстанбаб мешітіне аялдады. Жаңадан бой көтерген 1000 адамдық жаңа мешітке кіріп, әруақтарға бағыштап Құран оқыды.
Мұнан соң қасиетті Арыстан бабтың кесенесіне бардық. Кесенеге кіргеннен-ақ бойыңды бір сезім билейді. «Арыс­тан­ бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөзді бұрыннан естиміз. Аңыз бойынша: «Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) 63 жасында дүниеден өтіпті. Дүние саларында «кім менің аманатымды алып, ісімді әрі жалғар екен» деген өтінішіне Арыстан баб жауап берген деседі. Ол 30 түрлі дінді білген, бірақ тек исламға мойынсұнған адам екен. Арыстан бабтың келісімін алған Мұхаммед (с.ғ.с) Алланың қалауымен аманатын Арыстан бабқа береді. Содан 500 жыл өткен соң далада келе жатқан Арыстан бабқа 11 жасар бала «Ата, аманатымды беріңіз» дейді. Сол бала Қожа Ахмет екен. Бұл аңыздың негізгі ойы – Қожа Ахмет Мұхаммедтің (с.ғ.с) ісін жалғастырушы болса, Арыстанбаб оларды байланыстырушы дегенге сая­­ды.
Жамағатты бастап барған Айбек Мәдиев: «Арыстанбаб кесенесі – көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі 12 ғасыр шамасында салынған. Кесене 20 ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталып, Солтүстік жағы кесене, Оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жөнделген. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген» дейді.
Баба басындағы кереметтерді көзбен көріп, киелі орындағы көне құдықтан су тарттық. Құдықтың ащы суы да дертке дауа көрінеді.
Одан шығып, түркі әлеміне танымал Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың жатқан жеріне барып, әруақтарға дұға еттік. Сонымен дұғамызды қайырып, кесенеге ендік. Сырттан келген саяхатшылар үшін кесененің әр өрнегі қызық. Қолына ұялы телефонын ұстап, соны түсіріп жүргендер көп. Мінәжат еткен тақуа да, қыдырған турист те кесене ішіндегі кереметтерді тамсанып тамашалар жүр.
– Қожа Ахмет Ясауи (1093-1166 жж) – қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер. Имандылыққа, ізгілікке жетелейтін 149 діни-философиялық хикмет-өлеңдерден тұратын Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани-Хикмет» («Даналық кітабы») атты еңбегі әлемдегі ең көне түркі тілді кітап саналады. Пайғамбар жасына жетіп, Аллаға шүкіршілік етіп, одан әрі тірі пенделер арасында жүруді өзіне үлкен күнә санаған, сол үшін ол жер астынан арнайы салынған орынға қылуетке түсіп, қалған өмірін сонда өткізген әулие «Не себептен алпыс үште кірдім жерге?» деген сауалына осы кітабындағы ғұмырнамалық, өмірбаяндық өлеңдерінде жауап береді, – дейді кесене басындағы қызметкерлер.
Қасиетті Қожа Ахмет Ясауидің сәулетті кесенесі зиярат етушілерді қаланың қай бұрышынан да асқақ көрініп, өзіне тартып тұратындай. Кесене табалдырығын аттаған сәттен басқа бір тылсым әлемге енгендей боласың. Үлкен залға еніп, табалдырықтан аттасаң, қоладан жасалған әйдік Тайқазан қарсы алады. Онда «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» демекші, қасиетті орынды араламас бұрын Қожа Ахмет Ясауи­ жерленген қабірханада, кейін осы кесенеде жерленген Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би бастаған 120-дан астам хан, батырлар мен билердің, қолбасшылардың рухына дұға бағыштадық. Кітапхана, асхана, ас тарататын ағаш астаулар мен жер астына көміліп ас сақтайтын дәу-дәу қыш құмыралар, бір ғана майшам мен жылытылған су келіп тұратын монша, қылует орны бәрі де сол дәуірдің жетістігін паш етіп тұр.
Таныстырушының жеткізуінде шығыс моншасының қалпына келтірілуінде бұ­зыл­­­­мас бұрын ертеректе келген неміс саяхатшысының осы монша құрылысына қызығушылық танытып, схемасын сызып алуы, көп жәрдемдескен. Ал, кесененің не себепті сол кезеңдегі салынған кесенелер тәрізді Меккеге бағышталмағаны немесе 6 ғасырдан астам уақыт табиғаттың түрлі құбылыстарына шыдас берген кесененің мүлде іргетассыз қалануы әлі күнге құпиясы ашылмаған жұмбақ күйінде екен.
Міне, осындай тағылымды тарихы мол әсерге бөленген жамағат сапары одан әрі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи мешітінде жалғасты. Жаңа үлгіде бой көтерген имандылық үйінің бірінші қабатында оқушылар дәріс алса, қалған екінші, үшінші қабаты көпшілік жамағатқа қызмет көрсетеді екен.
Айта кетейік, өткен жылы «Иманқұл» мешітінің жамағаты Қалжан ахун, Қорқыт ата, Сәрке батыр, Марал ишан бабаларымыздың басына барып, қасиетті мекендерге саяхаттап келген болатын.

Н.ҚАЗБЕКОВ
22 маусым 2019 ж. 1 246 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930