» » » ЖАЛАҒАШТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ ТОЙЫ

ЖАЛАҒАШТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ ТОЙЫ

Елден жырақ жүрсе де, артына алаңдап, алыста қалған ауылынан қуанышты хабар, жақсы жаңалық күтіп, елеңдеп жүретін азаматтар бар. Солардың бірі де, бірегейі – ауданның жетістігіне мерейі өсіп, халқының қуанышы мен қайғысына үнемі ортақтасып, көңілін, ықылас, ниетін білдіріп отыратын қаламгер, ауданның денсаулық сақтау, білім беру салаларында ұзақ жыл еңбек етіп, туған жерінің түлеуіне, дамуына зор үлес қосқан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Сәбит Иманғалиев. Ауданымыздың сексен жылдық мерейтойы қарсаңында Сәбит ағамыз жалағаштық жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.

– Аға, балалық шағыңыз, жастық дәуреніңіз осы ауданда қалды. Тіпті ғұмы­рыңыздың ел ағасына айналған кезеңін де осы топырақта өткіздіңіз. Аудан тарихында есіміңіз ерекше ата­лады. Қазір Алатаудың баурайын­дағы әсем қала Алматыда тұрасыз. Шүкір, тұр­­мысыңыз тәуір, тәрбиелеп, өсірген ұл-қыздарыңыз өздеріңіз салған жолмен жетіліп, ел алдында жүрер танымал тұлғаға айналды. Немере, шөберелер бар. Бірақ бәрібір сіздің көңіліңіз бірнәр­сеге алаңдайтын секілді. Оны біз сонау Алматыдан редакциямызға жиі теле­фон соғып, ауданның ахуалын, ауыл-елдің амандығын, жаңалығын жиі сұрайтыңыздан аңғарамыз. Бұл жасы келген адамның елге деген сағынышы ма, әлде туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігі ме?
– Иә, менің кіндік қаным тамған топырақ Жалағаш ауданының төңірегі. Сол жерде өсіп, ержеттім. Балалығым да, жігіттік шағым да сонда өтті. Сол қасиетті топырақтан өсіп-өндім, өркендедім. Мені көгертіп, көктеткен сол топырақтың киесі мен қасиеті және елдің пейілі мен ықыласы, халықтың берген алғысы мен батасының шарапаты. Мен өзімнің туып-өскен ауданыма хал-қадірімше қапысыз, адал қызмет қылдым. Ол менің перзенттік парызым. Біздің буын, менің замандастарымның барлығы да отбасынан қазақы тәрбие алып өсті. Оның үстіне бізді қалыптастырған заманның талап, тәртібі темірдей қатаң болды. Алдымыздағы аға буын­ның ақылын алып, ізін бастық. Сон­дықтан біздің осал болуға қақымыз да жоқ еді. Біздің арманымыз – сапалы білім алу, мақсатымыз – елге адал қызмет ету ғана болатын және сол арманымызға жетіп, мақсатымызды орындадық деп ойлаймын. Адамның бар бақыты да, мұрат, мүддесі де өзі туған жерінің бір бұрышын болса да бүтіндеуге үлес қосу. Әрі десе ол әр адамның азаматтық борышы, перзенттік парызы. Мойнында туған жерінің парызы бар екенін сезінетін адам – нағыз бақытты адам. Ал сен еліңе бір мәрте пайдаңды тигізіп, пары­зым­нан құтылдым десең қателесесің. Елі­нің, туған жерінің парызы азамат ердің мойы­нында көзі жұмылғанша жүреді. Мен де жастық шағымда ауданымыздың дамуына тамшыдай болса да үлес қостым. Бірақ әлгі айтқанымдай, зейнет демалысына шығып, өзге өңірге қоныс аударсам да, туған жеріме қарыздармын. Мен енді оны іспен өтей ал­мас­­пын, алайда осы ауданның жылт еткен жақ­сылығына шын көңіліммен қуанып, әтте­ген-ай деген тұстарына шын күйініп, өзім туып-өскен топыраққа тамыр байлап, соңы­мыздан желкілдеп өсіп келе жатқан кейінгі жастарға тілеуқор болып отырамын. Міне, менің мойнымдағы бүгінгі перзенттік парыз осы.
Ал енді жаңа сұрағыңның соңында туған жерге деген қарт адамның сағынышы мен сүйіспеншілігін білгің келді ғой. Киіз үйде өмір сүрген көшпенді халқымыз дүниеге келген ер баланың кіндігін босағаға көмген. Ол – бабаларымыздың ұл бала ержеткен соң шаңырақтың иесі болатынын ескергендіктен сол шаңырақтан, елінен, жерінен кіндігі ұзап кетпесін деген ниеті еді. Бұны маған әкем айтып отыратын. Мен де сол қасиетті киіз үйде туып, кіндігім босағаға көмілген қазақ­тың баласының бірімін. Яғни менің де кіндігімнің бір ұшы сол туған жерімде жатыр. Бала анасының құрсағында жатқанда кіндігі арқылы қоректеніп, ауа жұтатыны секілді, мен де қазір шар етіп дүниеге келгенде босағама көмілген кіндігімнің бір пұшпағы арқылы туған жерден нәр алып, сол елмен байланысып отырмын. Сондықтан да әр адамның кіндік қаны тамған жер – қасиетті жер. Мен өткен ғасырдың орта тұсында алыстағы Аққыр ауылындағы аурухананың бас дәрігері бо­лып жұмыс істедім. Аудан орталығынан шал­ғай болған соң айы, күні жеткен аналар ауыл ауруханасында босанатын. Негізі ме­ди­циналық талаптар бойынша, жаңа туған сәбидің кіндігі арнайы орындарға тасталып, залалсыздандырылады. Алайда, мен дәрігер болсам да қазақылық жолмен әлгіндей ырым ұстанып, шарананың кіндігін жерге көмдіретінмін. Алыста жүрсем де әлі күнге дейін тілімде бар дұғам арқылы кіндігім кесіліп, өсіп-өнген топырағымның қасиетін күзетіп отырамын. Сол елдің бірлігі мен берекесіне, жақсылығына тілеуқормын. Сағыныш деген сезім адам баласына ғана емес, дүниедегі жанды нәрсенің барлығына тән деп ойлаймын. Торда отырған бұлбұл да өз бағын сағынады. Әсіресе жас ұлғайған сайын адамның жүрек түкпіріндегі сағынышы да үдей түседі екен. Менің бұл жерде бақытты балалығым қалды, қызықты жастық дәуренім қалды, замандастарыммен, достарыммен, қызметтестеріммен бірге өткізген қимас сәттерім қалды. Соның барлығы да менің туған жерге, қасиет қонып, Қызыр айналған Жалағаш жеріне деген махаббатымды маз­датып жібереді.
– Жалағаш ауданының 80 жылдық ме­рей­тойына деген тілегіңізді тыңда­сақ?
– Жалағаш деген атау қайда тұрсам да менің тілімде ғана емес, жүрегімде, қаным­да, жанымда жүреді. Бұл өңір мен үшін талай тектілерді, таланттарды түлеткен алтын тұғыр. Тарихы тереңге тамыр тартқан Жалағаш жылна­масының қай парағын ашсаң да, жетістіктер, өсу, өркендеу кезеңдеріне куә боласың. Басқасын айтпағанда, кешегі кеңес кезеңінде күріш өсірумен айналысатын ауданымыздан жеті бірдей Еңбек Ері шыққанының өзі ауданымыздың атын Одаққа әйгіледі. Басқа да салалардың майталман мамандарының есімдері қазірде республика жұртшылығына танылып, еліміздің әр түкпірінде абыроймен қызмет етіп жатыр. Ендеше, бұл той тек қана Жалағаштың ғана емес, еңбектің тойы, ынтымақ пен бірліктің тойы, жасампаздықтың тойы. Барша аудан халқын мерейлі қуанышымен құттықтап, туған жеріме толағай табыс, әр отбасыға амандық тілеймін!
– Иә, аға, сізді және жарыңыз ұлағатты ұстаз Зүбайра апамызды осындағы барша қауым қаламгер ретінде де, ел жанашырлары ретінде де біледі, құрмет тұтады. 2018 жылы Алматы қаласы бойынша өткізілген «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында 131 отбасының арасынан бас жүлдені жеңіп алғаныңыздың өзі біздің аудан үшін мәртебе. Бүгін міне, ауданымыздың 80 жылдық мерейтойына арнап Жалағаш жұрт­шылығына «Жалағаш көшелері» атты кезекті анықтамалық кітабыңызды тарту етіп отырсыз. Бұл кітап тек көше атауларының анықтамасы ғана емес, жас ұрпақтың тарихын тануға, өз жерінен шыққан танымал тұлғаларды біліп жүруге көп көмегін тигізері сөзсіз. Ендеше, біз де сіздегі ағалық көңілден тараған шуақты лебізге тек жақсылықта жүздесейік деп тілек қосамыз.

Әңгімелескен Қуат АДИС
26 қазан 2019 ж. 1 090 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930