Руханиятты түсінетін адам ғана мәдениетті өркендетеді
Мәдениет – халықтың рухани азығы. Осы тұста белгілі қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың «Мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы. Бұл салаға кез келген жан келе бермейді, халыққа мәдени қызмет көрсететін маманның өзі мәдениет пен білімді кемел игерген адам болуы тиіс. Жеңіл ойлы адамға жұмысы оңай көрінетін бұл салаға қызығып келушілердің ұзақ уақыт тұрақтап қалуы сирек құбылыс. Осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңуға шыдауға әзір адамдар ғана мәдениет пен өнерді көркейтуге өз үлестерін қоса алады» деген сөзі еске оралады. Расында, саланың бел ортасында нағыз майталмандар жүрсе ғана мәдениет пен руханияттың егіз ұғым екенін дәлелдей алады. Біздің ауданның мәдениет саласында да ілгерілеушілік бар. Саланың жетістігі мен жемісті жұмысынан хабардар болу үшін аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Таңатар Доспановпен әңгімелестік.
– Таңатар Сағалұлы, Жалағаштағы мәдени ахуал қалай, өткен жылы нендей шаруалар тындырылды, қандай шаралар атқарылды?
Мәдениет – тұлғаның рухани-эстетикалық дамуының, жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудың және елді әлемдік қоғамдастыққа ықпалдастырудың қуатты құралы. Саланың дамуы халықтың руханиятына да, сол өңірдің өркендеуіне де тікелей әсерін тигізеді. Өткен жылы ауданда маңызды ірі екі жоба жүзеге асты. Біріншісі – «Көше кітапханасы». Бұл жоба аясында Мәдениет және Аққұм ауылдық кітапханаларында Коворкинг орталығы, «Book cafe», 6 елді мекенде «Көше кітапханасы» ашылып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Жобаның негізгі мақсаты жергілікті халықты кітап оқуға шақыру, оқу мәдениетін қалыптастыру, шығармашыл тұлғаны дамыту, оларды қолдау болып табылады. Екінші жоба аудандық «Мәдениет және өнерді дамыту орталығы» жанынан ашылған «Шабыт-Арт» студиясы. Жоба аясында дыбыс жазу, балалар ән-би студиялары, үрмелі аспаптар, көркемсурет және декоративті-қолданбалы өнер, би үйірмелері құрылды. Қазіргі таңда бұл үйірмелердің мүшелері республикалық байқау-конкурстарға қатысып, жүлдегер атанып та үлгерді. Біз осы жобаны қолға алғанда ең алдымен ұлттық өнердің түрлі жанрларын дамытуды, насихаттауды мақсат еткен болатынбыз. Алдағы уақытта студия жұмысын ірілендіру арқылы продюсерлік орталыққа айналдыру көзделуде.
Бұдан бөлек өздеріңізге белгілі киелі Жалағаш ауданының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында да біршама жұмыс атқарылды. Негізгісі «Жалағаш жауһарлары» атты 8 дискіден тұратын 500 дана ән-жыр мұрасының жарық көруі. Бұл да келешекте аудан тарихынан сыр шертетін, ұрпаққа мың жылдық азық болатын дүние деп ойлаймын.
Жыл бойы атқарылған жұмыстарға шолу жасағанда мәдени-көпшілік шараларды айтып өтпеуге болмайды. Былтыр бас-аяғы 784 мәдени-көпшілік шара өткізілді. Аудандық деңгейде 33 ауқымды қоғамдық-саяси маңызы бар шара ұйымдастырылды. Мәселен, ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығы және ақын, сыншы, аудармашы Ж.Әбдірашұлының шығармашылығына арналған «Парасатты поэзия» халықаралық жыр фестивалі өтті. Фестивальға Павлодар қаласынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Қани, Нұр-Сұлтан қаласынан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Шалқар» радиосының директоры Қалқаман Сарин, Талдықорған қаласынан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ерлан Жүніс, Қызылорда қаласынан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Назгүл Бердіқожа, Қазалы ауданынан облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының І орын және бас жүлде иегері Ақжол Түменбай, Алматы қаласынан «Фариза Оңғарсынова» атындағы қордың директоры, «Тұмар» журналының директоры Алмагүл Оңғарсынова қатысты.
Сонымен бірге «Жастар жылы» аясында «Let’s dans – Zhalagash» атты аудандық би марафоны, ауданның 80 жылдығы және «Алтын дән – 2019» мерекесі қарсаңында театрландырылған қойылым, Қазақстан эстрада жұлдыздарының гала концерті, республикалық «Тарихы терең, еңбегі ерен Жалағаш» атты ақындар айтысы және ғасыр жасаған аналарымыздың құрметіне арналған «Ғасыр ғұмыр – берекелі белес» атты кездесу кеші, ақын, жырау Байділда Сәрсенұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Өмірдің өзі өнеге» атты кітабының тұсаукесері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер, Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» Тұрсынбай Тәшеновтің 80 жасқа толуына орай «Қарымды қаламгер» атты еске алу кеші секілді әртүрлі форматтағы көлемді шаралар ұйымдастырылды.
– Ауданда халықтың көзайымына айналған халықтық театр, ән-би ансамблі, өнер ұжымдары бар. Олар өткен жылы көрерменге не ұсына алды? Өнерсүйер қауым үшін қандай жұмыс атқарды?
– Еліміздің мәдени мұрасын, тарихи оқиғалар мен ұлы тұлғаларды танымал ететін, ел мәдениеті мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ең тиімді тәсілдердің бірі – кино өнері. Осы ретте орталық ғимаратында орналасқан арнайы кино залда кент тұрғындарының назарына кино туындылар ұсынылып отырады. Көрсетілетін кинолардың басым бағыты ел тәуелсіздігінің тұғырлы көрінісін ұлықтауды, имандылық, тәрбиелік маңызы бар патриотизмге үндеуді, рухани-мәдени мұраларды насихаттайтауды көздейді. Әсіресе, отандық өнімдерге сұранысты арттыру мақсатында өткен жылы 30 отандық фильм көрермен назарына ұсынылды. Сонымен бірге ауылдық жерлердегі мәдени өмірді кеңінен қолдау мақсатында «Ауылым – алтын бесігім» атауымен гастрольдік сапар ұйымдастырылған болатын. Осының шеңберінде «Алтын Арай» халықтық ән-би ансамблі, «Арай» мәдени-үгіт тобы және жылжымалы мәдени-демалыс кешендері ауданның 13 елді мекенінде болып, халықпен кездесу өткізді. Жеті елді мекенде жаңа отандық фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылды.
Жалпы халықтық атағы бар «Алтын Арай», «Қызғалдақтар» халық ән-би ансамбльдері, «Арай» үгіт тобы және «Халық» театры ұжымдары бар. Олардың қоғамда ұлттық құндылықтар мен патриотизмді қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынын айта кету керек. Сондай-ақ Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің жанында үш «Үлгілі» атағы бар халықтық ұжым жұмыс істейді. «Алтын Арай» халық ән-би ансамблі 1969 жылы құрылып, 1971 жылы «Халықтық» атағына ие болды. Ансамбль құрамында 35 өнерпаз, оның ішінде әнші, биші, ұлт-аспаптық және вокалды аспапты ансамбльдер бар. 2019 жылы бұл ансамбль 48 концерт өткізді. Бишілер тобы облыстық «ХХ-Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауында өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналды. «Халық» театрының да тарихы тереңде. Өнер ұжымы 1972 жылы мәдениет үйі жанындағы үйірме негізінде құрылып, 1997 жылы «Халықтық» атаққа ие болды. Ол кезде театрда режиссер және суретші деген штатпен екі ғана қызметкер жұмыс істеді. Режиссері Б.Шаймағанбетов, суретшісі Н.Манабаев болатын. Бүгінгі күні театр ұжымында 20 өнерпаз бар. Театр әртістері танымдық құндылықтар мен патриотизмді қалыптастыратын әрі сұранысқа ие отандық авторлардың шығармаларын сахналап, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр деуге болады. Өткен жылдың өзінде спектакль, оннан аса театрландырылған қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Өткенде Батыс Қазақстан облысының Бөрілі ауданында ұйымдастырылған «Мұрагер» халық театрының бес жылдық мерейтойында фестивальге қатысып, «Ең үздік театрлық эксперимент» номинациясын жеңіп алды. «Арай» халықтық мәдени-үгіт бригадасының да аудан халқына берері көп. Бұл топ мүшелері еліміздің саяси-рухани өміріндегі оң өзгерістерді насихаттап, түрлі әдістермен көрермен жүрегіне жеткізіп, халыққа ұсынып келеді. Ұжым гастрольдік сапарға да шығып, түрлі байқауларға да қатысып, мәдени шараларда да бой көрсетіп жүр. Аудан жұртшылығының ыстық ықыласына бөленген өнер ұжымдарының қатарында «Қызғалдақтар» халық ән-би ансамблі де бар. Есет батыр ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған өнер ұжымы 1989 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Айта кету керек, ауданның мәдениетін облыстық, республикалық мәдени кеңістікке ықпалдастыру, саланы жетілдіру, насихаттау мақсатында да жетістіктер аз емес. «Халық театры» Орал қаласында өткен «Өнерге тағзым» атты аймақтық театрлар фестивалінде «Ең үздік театрлық эксперимент» номинациясын, «Жігер» этно-фольклорлық ансамбльдер байқауынан Ықылас Дүкенұлы атындағы арнайы жүлдемен және «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» түркі халықтарының халықаралық фестивалінде арнайы дипломмен марапатталды. Бұдан бөлек ауданда жастардың, әсіресе, балалардың шығармашылық жағынан жетілуіне де қолайлы жағдай жасалып отыр. Нәтижесінде облыстық, республикалық, қала берді халықаралық байқаулардан 100 жүлделі орынды біздің ауданның жас өнерпаз жеткіншектері иеленді. Мұның өзі аудан мәдениетінің біршама дамығанынан, жұмыстың жүйелі жүзеге асқанынан хабардар етеді деп ойлаймын.
– Мәдениет пен руханият егіз ұғым. Екеуін бөле жаруға келмес. Ендеше, көнеден қалған тарихи-мәдени ескерткіштер тарихтан сыр шертсе, тарих пен руханияттың бастауы – кітапхана. Осы ретте тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, қорғауда қандай жұмыстар атқарылуда және өңіріміздегі кітапханалар жүйесі қалай жұмыс істеуде?
– Ауданға қарасты 18 мемлекеттік кітапхана өз деңгейінде халыққа қызметін ұсынуда. Рухани ордалардың он бесі елді мекендерде орналасса, орта мектептерде жиырма, индустриалды-аграрлық колледжінде бір кітап үйі халыққа қызмет көрсетуде. Аудандық кітапханалардың жалпы кітап қоры – 367096. Осы тұста айта кеткен жөн, аудандық орталық кітапхана «РАБИС» бағдарламасы бойынша кітаптардың библиографиялық сипаттарын жүйеге енгізіп, әдебиеттерді электронды каталогқа қою арқылы жұмыс істеуде. Өздеріңізге белгілі, жуырда ғана аудандық кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді. Ендігі жерде қызмет сапасы артып, оқырмандарға жайлы жағдай жасалды деуге болады.
Енді ауданда орналасқан 67 тарихи-мәдени ескерткіштің біреуінің республикалық, отызының жергілікті маңызы бар болса, отыз алтысы алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Осы аталғандардың ішінде республикалық маңызы бар ескерткіш ортағасырлық Жент қаласы. Ал осы ескерткіштерді қорғау, сақтау және пайдалану, насихаттау бағытында аудан көлемінде тиісті жұмыстар жүргізілді. Ал жаңадан орнатылған Мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Жүргенов, І.Қабылов, Социолистік Еңбек Ері Ұ.Еспановтың кеуде мүсіндері, сонымен бірге 1930 жылдағы әміршілдік жүйеге қарсы бағытталған «Қарақұм» көтерілісіне арналған монументті ескерткіші тарихи-мәдени мұра обьектілерінің тізіміне енгізілді. Аққыр ауылдық округіне қарасты республикалық маңызы бар Жент қалашығы, жергілікті маңызы бар Қара асар, Сорлы асар, Көктонды асарлары ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізуге ұсынылды. Сонымен бірге «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жалпыхалықтық маңызы бар қасиетті орындар тізіміне өңірдегі ортағасырлық Жент қалашығы мен Бұқарбай батыр кесенесі енгізілді. Ал өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізімінде Әбжали ишан, Иманқұл мешіті мен Түмен әулие кесенесі бар. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, сақтау мақсатында осы секілді жұмыстар атқарылды. Аудан көлемінде орналасқан ескерткіштердің жай-күйі анықталды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.
– «Жастар жылы» аясында қандай шаралар өткізілді?
– Аудандағы мәдениет ұйымдары жастардың мәдени демалысын тиімді ұйымдастыруда біршама жұмыс атқарды. Өткен жылы жастардың қатысуымен 120-дан аса шара өтті. Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің «Халық» театры Болат Ұзақовтың «Жан дауа» психологиялық драмасын сахналаса, «Киномен үндескен әуен» атты отандық кино әндерін орындаудан аудандық, «Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын» атты мәдени-үгіт бригадаларының облыстық байқауы өткізілді. Қуантарлығы, ауданның жас өнерпаздары түрлі байқауларда топ жарып, Жалағаштың мерейін асырып келеді. Мәселен, түрлі жанр бойынша халықаралық байқаулардан 10 бас жүлде, 8 бірінші орын, 3 екінші орын, республикалық байқаулардан 8 бас жүлде, 5 бірінші орын, 5 екінші орын және облыстық байқаулардан 4 бас жүлде, 6 бірінші орын, 8 екінші орын мен 8 үшінші орын біздің жас өнерпаз өрендерге бұйырды. Осы тұста мәдениет саласында қызметте жүрген жас мамандардың да жетістіктерін атап өткім келіп отыр. «Мәдениет және өнерді дамыту орталығының» қызметкері Расул Байдулла «Үздік үйірме жетекшісі – 2019» облыстық байауында жүлделі І орынды, «Рухани жаңғыру» халықаралық өнер фестивалінде бас жүлдені иеленсе, «Үздік жас маман – 2019» облыстық байқауында Аққыр ауылдық клубының әдіскері Сандуғаш Жұбанова жүлделі ІІ орын алды.
– Сөз соңында айтарыңыз?
– Қарап отырсаңыз, ауданның мәдениет саласы көштен қалып жатқан жоқ. Жалпы жылы мәдениет саласының барлық бағытында ілгерілеушілік бар деп айта аламыз. Саланың инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынғалы бері жөнделмеген аудандық кітапхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары, дербес бу қазандығы құрылысы жүргізіліп, жаңа кейіпке енді. Сонымен бірге «Мәдениет және өнерді дамыту орталығы» ғимаратына жай жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің төбе жабындысы жаңғыртылды.
Саланы қаржыландыру бағытында да бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып келеді. Жасалған жұмыстарға, атқарылған шараларға қарай жемісін көрудеміз. Жетістіктеріміз де жоқ емес. Осындай жетістіктерге жетуімізге қолдау көрсеткен, мәдениетке, оның ішінде өнерге оң көзқараспен қарап, қамқорлық жасаған аудан әкімдігіне өзімнің және мәдениет саласының майталмандары мен кезінде осы саланың отымен кіріп, күлімен шыққан ардагерлерінің атынан шексіз ризашылығымды білдіремін. Өйткені руханиятты түсінген адам ғана мәдениетті өркендетеді деп есептеймін.
– Риясыз әңгімеңізге рахмет.
Сұхбат жүргізген Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ