» » » “АДАМ ӨМІРІ ҮШІН ЖАУАПТЫМЫЗ”

“АДАМ ӨМІРІ ҮШІН ЖАУАПТЫМЫЗ”

Қазіргі денсаулық сақтау саласы мамандарына қойылатын талап көп. Бастысы, сол талаптардың үдесінен шығуы, алдына келген науқастың дертіне шипа, жанына дауа бере алатындай білімді болуы маңызды. Өйткені бұл салаға келген маман адам өмірінің жауапкершілігін мойнына алады. Жалпы елдегі медицина саласы даму үстінде. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылуы қазақстандықтардың қолжетімді ем алуы үшін де, саланың дамуы үшін де тиімді. Ал біздің өңірдің бұл саладағы басты жетістігі және жағымды жаңалығы – жаңа типтегі заманауи аурухананың салынуы десек те болады. Біз бірнеше сауалымызды жолдап, аудандық аурухананың бас дәрігері Баян Бурамбаеваға жолықтық.

– Баян ханым, жыл басынан бері салада қандай жұмыс атқарылды? Алдымен осыған тоқталсаңыз...
– Ерекше атап өтейін, қазіргі таңда ауданда «Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту» орталығы жұмыс жасауда. Бұл стационарда науқастарға амбулаториялық-емханалық және стационарлық деңгейде ем-дом шаралары жүргізіледі. Науқастың физикалық, химиялық және әлеу­меттік факторлардың әсерінен бұзылған денсаулығын, функционалдық жай-күйін, еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруде бұл кабинеттің маңызы зор. Қазіргі таңда аудандық аурухана жанынан ашылған қалпына келтіру орталығы 10 реабилитациялық орынмен қамтылған. Орталық ересектерге 5 неврологиялық, 3 кардиологиялық, 1 травматологиялық және 1 балалар травматологиялық төсек орындарымен қамтамасыз етілген. Тәуліктік стационарлық реабилитациялық емді ми инсультын, миокард инфарктін, жүрекке жасалған, омыртқа жотасына жасалған отаны, буын алмастыру отасын, аяқ-қол сынығынан кейінгі отаны басынан өткергендер 9 айға дейін қабылдай алады.
Реабилитация бөліміне жауапты дәрігер реабилитолог Әсем Шамитаева – 2018 жылы осы салада білімін жетілдіріп, сертификат алған білікті маман. Жалпы науқастарға дәрігердің тағайындауы және бақылауымен амбулаторлы түрде емдік дене шынықтыру, массаж, физиопроцедуралық ем, психокоррекциялық ем, логопед сабақтары ақысыз жүргізіледі. Әсіресе сауықтыру шара­ларының ішіндегі ең маңыздысы – физи­калық жаттығулар, емдік шаралар, массаж, физиопроцедуралық ем және ортопедиялық құралдар мен логопедпен жұмыс.
– Ауданда, ауылдық жерлерде дәрігер жетіспеушілігі әлі де бар ма? Болса, бұл мәселені шешудің жолы қалай?
– Білікті мамандардың жетіспеушілігі әлі бар. Бізде он екі дәрігерлік амбулатория жұмыс жасайды. Соның бесеуінде дәрігер қызмет етсе, қалған дәрігерлер бала күтіміне байланысты демалыста. Бұл мамандар жұмысқа қосылғанға дейін тұрғындарға медициналық дәрігерлік көмек көрсететін маман іздестірудеміз. Биыл сегіз дәрігер қатарымызға қосылмақ. Мұның өзі аудандағы медицина саласының дамуына, маман жетіспеушілігінен туындайтын қиындық­тардан шығуға, науқастарға көрсе­тілетін медициналық көмектің сапасының артуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұл мәселе мұнымен тоқтап қалмайды. Бізде кей операция түрлерін облыстан дәрігерлер келіп жасайды. Жаңа аурухананың құрылысы бітіп, пайдалануға берілсе, осы операция түрлерін өзімізде жасауға жағдай жасамақпыз. Ол үшін өзіміздің дәрігерлердің білімін жетілдіріп, қосымша білікті мамандар алдыруымыз керек. Бұл – біздің назардағы мәселе.
Ал мамандардың тұрақсыздығы бұл көбінесе жас дәрігерлердің елді мекендерде емес, үлкен қалаларда қызмет істегісі келетіндіктен туындайды. Дегенмен жастар мемле­кет жас мамандарды қолдаусыз қалдыр­майтынын білуі керек. Былтырдан бастап оқу бітірген жастарды ауылдық жерлерге үш жылға жіберуде. Бұл бір жағынан тиімді. Өйткені жастар кәсіби тұрғыда тәжірибе жинақтаса, екіншіден елді мекендердегі маман тапшылығы болмайды.
– Аудан бойынша қандай ауру көп тіркелген?
– Жалағашта ғана емес, жүрек-қан тамырлары аурулары әлемнің көптеген елдерінде басты проблемаға айналып отыр. Өңірдегі науқастардың көбі осы және тыныс алу жолдары ауруларымен ауырады. Көп тіркелген ауру түрі де осылар. Тұрғындар жүрек-қан тамыры ауруларына әкеліп соқтыратын басты себептерді, инфаркт пен инсульттің қалай алдын алуға болатынын білуі керек. Бұл үшін адам жасына қарай жыл сайын скринингтік тексерулерден өтуден, қан тапсырып иммунитет деңгейін анықтап отырудан қашпауы қажет. Ауданда науқастарға холтер аппараты бойынша тәуліктік ЭКГ және тәуліктік артериалды қан қысымын зерттеуден өтуіне мүмкіндік бар. Холтер аппаратының көмегімен жасалған зерттеудің артықшылығы – көптеген науқастарда жүрек бұлшық етіндегі қан айналыс бұзылысын ерте анықтайды және зерттеу қорытындысына орай науқастар облыстық, республикалық деңгейде коронарографиялық зерттеу мен электрофизиологиялық радиожиілікті аблацияға жолданады. Өз деңгейінде ем алып, сауықтыру шарасын жалғастыруға мүмкіндік алады. Біз дәрігерлер қауымы әр науқас үшін алаңдаймыз және адам өмірі үшін жауапты екенімізді жақсы білеміз. Өңір тұрғындарына «Сақтансаң сақтайтынын» тағы бір ескертіп, дәрігерлер кеңесіне құлақ асып, уақытылы медициналық тексерулерден өтіп отыруға шақырамыз.
– Салада тәжірибесі мол, үздік ақ халаттылардан кімдерді атар едіңіз?...
– Негізі ақ халатты абзал жандарды бөліп-жаруға келмейді. Себебі барлығының мақсаты бір. Дертіне дауа іздеп келген науқастарға ем-домын жасап, дәрігерлік көмегін көрсетіп, отбасына аман-есен оралуына күш салу. Ал тәжірибе жинақтап, көптің алғысына бөленіп үлгерген ақ халаттылардың қатары көп бізде. Мәселен, жансақтау бөліміндегі реаниматолог Алма Сахиева, гинеколог, талай баланың кіндік шешесі, ана мен бала өмірі үшін күресіп жүрген Аманкүл Өтегенова, невропатолог Құралай Ілиясова, кардиолог Ақнұр Кәметова, дәрігерлік бақылау комиссиясының төрайымы Шынар Өтепбергенова, хирург Мұрат Оспанов, Дәурен Сүйіндіков, реабилитолог Әсем Шамитаева, бас дәрігердің орынбасары, жоғары санатты терапевт Гүлсім Каюпованы ерекше атап өтуге болады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ


11 маусым 2020 ж. 783 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930