» » » СПОРТҚА КЕЛУДІҢ ЕРТЕ-КЕШІ ЖОҚ

СПОРТҚА КЕЛУДІҢ ЕРТЕ-КЕШІ ЖОҚ

Жалағашта соңғы жылдары спорт саласы алға басып, онымен шұғылданушылар қатары да артып келеді. Бұл бірінші кезекте салауатты өмір салтын ұстануға халықты бейімдеуге үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Саладағы былтырғы нәтиже оң өзгерістермен қорытындыланса, биыл да аудан спортшылары онлайн сайыстарда жүлделі орындардан төбе көрсетіп жүр. Мұндай оң өзгерістің қалыптасуына не себеп? саладағы бірқатар спорт түрлерін ауданда дамытуға әлі де не кедергі? сайыстардың онлайн форматқа ауысуы спортшылар қабілетін жоғалтып алуға алып келмей ме? ауыл жастарын мейлінше спортқа бейімдеу мақсатында нендей шаралар жүзеге асып жатыр? деген сынды бірқатар сауалымызға жауап алу үшін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Жамалатовпен сұхбаттасқан едік…

– Еркебұлан Сырмағанбетұлы, өзіңіз бұл саланың тізгінін қолға алғалы аудан спортында оң өзгерістердің қалыптасқанын байқаймыз. Әлі де өңірде командалық сайыстарға жастарды баулуға не кедергі?
– Жалпы мен аудан спортының алға басуын бірінші кезекте бапкерлердің тынымсыз еңбегімен және шәкірттердің дайындық барысында жиған тәжірибесімен байланыстырамын. Коман­далық сайыстарда, жекелеген жарыстарда да қоржынымыз бос қайтпайды. Мұның бәрі – бір жағынан жергілікті биліктің бұл салаға деген қарқынды қолдауының жемісі. Саладағы ардагерлердің үніне құлақ түрсек, бір жылдары дайындыққа алаң, зал таппай қалған күндер де болған. Қазіргі жағдай мен бұрынғы ахуалды салыстыруға да келмейді. Керісінше бүгінде Жалағаштағы спорт ғимараттарын қайта жаңғырту дәстүрге айналды. Бұл мемлекеттің жастарға, жалпы спортпен шұғылданамын деген жандарға деген үлкен көмегі деп білемін. Сондықтан қазіргі кезде ауданда спорт саласын дамытуға және оған жастарды баулуға ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын. Жастарымыз барған сайыстардан құр қол қайтып жатқан жоқ. Республикалық, халықаралық, қалаберді әлемдік сайыстарда топ жарып жүрген жерлестеріміз бар. Қазір көптеген спорттық шаралар тек елдегі емес, әлемде қалыптасқан ахуалға байланысты онлайн форматқа ауысып жатыр. Мұнда да біздің жеңіс тұғырынан көрінген азаматтарымыз жетерлік.

– Осы онлайн форматта өтіп жатқан сайыстар спортшылардың жиған тәжірибесіне кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па?
– Онлайн сайыстарды өткізудің де өзіндік тәртібі бар. Мұнда да арнайы төрешілер мен комиссиялар сайыстың әділ өтуін қадағалап отырады. Сондықтан түрлі сайыстардың бұл форматы спортшылар қабілетін шыңдауға айтарлықтай кері әсерін тигізеді деп айта алмаймын. Дегенмен, барлық дода бұрынғысынша алаңда өтсе игі. Алайда, қалыптасқан ахуалға байланысты біз бұған мәжбүрлі түрде барып отырмыз.

– Аудан тұрғындарының спортқа деген қызығушылығы артып келе ме, әлде...
– Қазір қай буынды алып қарасаңыз да спортқа өз-өзін баулып жатқан адамдар көп. Бұл – әрине, жақсы көрсеткіш. Бұрын ешқандай дайындалмай салаға кейін бет бұрып, түрлі сайыстарда топ жарған азаматтарымыз да арамыздан шығып жатыр. Сондықтан спортқа келудің ерте-кеші жоқ. Аудан бойынша былтырдың өзінде спорттың 26 түрімен 10 572 адам тұрақты түрде шұғылданған. Бұл көрсеткіш аудан халқының 30,1 пайызын құрап отыр. Биыл да спортқа бет бұрғандар қатары айтарлықтай бәсеңдей қойған жоқ.

– Аталған салаға ауыл жастарын баулу бағытында нендей шараларды қолға алып жатсыздар?
– «Таланттың бәрі ауылда» деген бұрыннан қалыптасқан қағида бар ғой. Сондықтан бұл сауалыңызды орынды деп білемін. Бұл бағытта да атқарып жатқан жұмыстарымыз жоқ емес. Енді шыны керек, ауылдық жерлерде спортты дамытуға жергілікті билік тарапынан үлкен қолдау бар. Бұрын кенттің өзінде үйірмелер санын арттыру арман еді. Қазір аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдық елді мекендерде түрлі спорттық үйірмелер жұмыс жасап жатыр. Бір қуантарлығы, онда қабілетін шыңдап жатқан жасөспірімдер көп ұзамай аудандық, облыстық және республикалық сайыстарда жүлделі орындардан төбе көрсетіп жүр. Мұнан бөлек, қазіргі таңда ауданда 84 спорттық бастауыш ұйым болса, соның 14-ті ауылдық окургтен шығып отыр.
– Биыл қайта жаңғыртудан өтіп жатқан «Наркескен» спорт клубында қанша үйірме жұмыс жасайды?
– Аталған спорт клубы 2012 жылы құры­лып, бұқаралық, ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытына аудан тұрғындарын салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорттық-сауықтыру көпшілік іс-шараларды жүргізу мақсатында жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. 2016 жылдың қаңтар айынан бастап аудандық оқушылар үйінің ғимараты аудандық «Наркескен» спорт клубының теңгеріміне берілгелі мұнда үйірмелер қатары арта бастады. Қазіргі таңда клубқа қарасты бір орталық стадион және спорт зал, кіші спорт зал аудан халқына қызмет көрсетіп келеді. Бұл нысандарда жеңіл атлетика, футбол, стол теннисі, қол добы, баскетбол, волейбол, асық ату, шахмат үйірмелері тұрғындарға оқу-жаттығу сағатын жүйелі өткізуде. Бүгінде мұндағы 8 үйірмеге 560 бала қатысуда. Клубқа қарасты кент және 14 ауылдық округте 18 спорт нұсқаушы қызмет етеді. Олардың спорттық-сауықтыру тобында 3240 спортшы бар.

– Саланы ілгерілетуде қандай ұтымды жобалар мен шешілмеген мәселелер бар?
– Алға қойған мақсатымыз – халықты бұқаралық спортқа баули отырып, ауданда аталған саланың серпін алуына жұмыс жасау. Мәселелер де жоқ емес. Қазіргі таңда барлық ауылдық округтегі жасанды төсенішті спорт алаңының тозығы жетіп, қоршау тор сеткалары сөгіліп, күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған жайы бар. Мәселен, Жаңадария, Мақпалкөл ауылдарындағы спорт алаңында жасанды жасыл төсеніш жоқ. Мұндай мәсе­лелерді біз жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен де қалыпқа келтіріп жатырмыз. Мәселен, Еңбек ауылдық округіндегі спорт алаңы жеке кәсіпкердің қолдауымен күрделі жөндеуден өткізіліп, онда алаң жиегіне көрермен отыратын орындықтар қойылды. Жоғарыда атап өткен толғақты мәселелер кезең-кезеңімен өз шешімін табады. Бастысы, жергілікті билік тарапынан ықпал зор. Алдағы уақытта аудан әкімдігінің қолдауымен ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне «Көкпар» ойынына қосатын екі жылқы және спортшыларды тасымалдау мақсатында Газель «Некст» автокөлігін алу, кентте орналасқан орталық стадионға жасанды төсеніш төсеу, жеке кәсіпкер Қ.Құлтекеновтың бастамасымен жабық бассейн салу және облыстық бюджет есебінен кент орталығынан дене-шынықтыру сауықтыру кешенін салу жоспарлануда.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ерлан СОЗАҚБАЙ

22 қыркүйек 2020 ж. 1 864 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 697

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031