Алтыншы орын абырой емес немесе командалық сайыста қашан көш бастаймыз?

Біз мұндай жастармен мақтанамыз. Сөз жоқ, жекелеген спорт түрлерінен өңір өрендері күн сайын жағымды жаңалықтарымен қуантуда. Бірақ бір әттеген-ай дейтініміз, командалық сайыстарда біздің жетістігіміз көңіл көншітпейді. Естеріңізде болса «Жалағаш жаршысы» газетінің өткен жылғы кезекті санында жергілікті тұрғынның аудан спортына қатысты бір мақаласы жарияланған еді. Автор өз сөзінде спорттан қаражаяу емес екенін айта отырып, қазіргі өңір спортының жағдайы үшін алаңдайтынын жеткізген еді. Мақаладан хабары бар көзі қарақты оқырман аудан азаматының алаңдауына негіз барын айқын аңғаруы керек. Себебі жекелеген спорт түрлерінен қаншама жас жүлделі орындардан көрініп жатса да, біздің командалық ойында өзге өңірлерге есе жіберуіміз соңғы жылдары дәстүрге айналды. Бір өкініштісі, осы үрдіс биыл да жалғасын тауып отыр.
Былтыр әлгі мақала жарыққа шығысымен бұл еңбектің қатысы бар ма, жоқ па білмеймін, жұмыс бабымен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы облысқа қызмет ауыстырған еді. Одан бері де тізгінді қолына алған жаңа басшының нәтиже шығаратын уақыты болды деп ойлаймын. Бірақ биыл тағы да ауыл спортшыларының облыстық спартакиадасында Жалағаш ауданы алтыншы орыннан бой көрсетті. Былтырғы жете алған межеміз IV орын болған.
Автор дұрыс айтады. Қазір салауатты өмір салтын ұстанамын деген жанға, спортты дамытуға жұмыс жасаймын деген белсенділер үшін де мемлекет бар жағдайды жасап қойған. Бірақ күткен нәтижең алдыңнан шықпайтыны өкінішті. Командалық сайыста былтырғы жіберген қателіктерінен сабақ алып, биыл оң қорытындыға қол жеткізіп жатқан аудандарға қарап сүйсінесің.
Мына қызықты қараңыз, өткен жылы Шиелі ауданында ұйымдастырылған ауыл спортшыларының спартакиадасында ең соңғы орынға жайғасқан Қармақшы ауданы биыл көш бастады. Соңғы орыннан алғашқы орынға бірден секіру деген үлкен нәтиже емес пе? Біз жауапты мамандарға «Бірден осындай жетістікке көзімізді жеткіз» деуден аулақпыз. Он екі айда оң қорытынды шығармақ түгілі турнирлік кестедегі былтырғы орнымызды таба алмай қалдық. Қалай ойлайсыздар, сонда біздің жалағаштықтардың спортқа деген қабілеті төмен болғаны ма? Менің ойымша мүлде олай емес. Егер осындай көзқарас маңызды рөл атқаратын болса, өткен жылы жетінші орынға жайғасқан Қармақшы биыл неге көш бастады? Демек спорт саласында атқарылған жұмыста ақсап жатқан тұсымыз әлі де баршылық.
Біз мұнымен не айтпақпыз? Оны қалың оқырманның өзі де байқап отыр деп есептеймін. Біреуге зиянымызды тигізіп, не біреуді жұмысынан айыру мақсатымыз емес. Арифметиканың тілімен айтсақ, осыған дейін қосылғыштардың орны өзгерді ғой. Бізге керегі ол емес, олардың мәні. Жекелеген спорт түрлері бойынша бірқатар жетістігіміз бар екенін сөзіміздің басында айтып өттік. Бұл оң нәтижеде аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің де өз үлесі бар шығар. Десе де бір жыл бұрын тізгінді қолға алған жаңа басшы сыннан сабақ алып, алдағы өтетін командалық сайыстарда оң нәтиже шығарса дейміз.