Тасытқан табыс тасқынын
Атакәсіпті қайта жандандырған өңірдегі ағайындар ет, сүт өнімдерін нарыққа молынан шығара бастады. Бұған мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламаларға ауыл халқы дән риза. Оның игілігін көрген аудан тұрғындары қазіргі таңда бастаған кәсібін одан әрі дамытып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі – белгілі кәсіпкер, іскер әйел Күлпаш Қанатбаева.
Бүгінгі қоғамдағы шаруашылықтың қай-қайсысында болсын әйел қолының таңбасы барына сүйсінесің. Әлбетте, бұл – жаңа заманның тың талаптарының көрінісі. Әйелдердің қабілеті мен қарымы, ой-өрісі мен іскерлігі, еңбекқорлығы мен таланттылығы қашаннан жоғары бағаланады. Қай істі болсын ұршықша иіріп әкететін олардың тындырымдылығы, тиянақтылығы мен ұқыптылығы өз алдына, жаңа заманға бейімделгіштігі мен ізденгіштігі де әйел қадірін еселей түскендей. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары тәуекелге бел буып, кәсіпкерлікке бет бұрған іскер әйелдердің қатарында осы Күлпаш Қанатбаева да бар. Ол қазір еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өркениетті ел болуы жолында еңбек етіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр.
Кәсіпкер 1995 жылға дейін аудандық тұтынушылар одағында сатушы болып еңбек етті. Ал, кейін кәсіпкерлікке бет бұрып, өз алдына шаруашылық құрды. Алғашында қолдағы ірі қараны бағып, ет бағытында жұмыс жасаса, кейін ет, сүт өнімдерін нарыққа шығарып, төрт түлікті бордақылау ісін қолға алды.
Іскер әйел төрт түлікті баптаудың қыр-сырын жетік меңгерген. Өз ісін бастамас бұрын жан-жақты тәжірибе жинап, басқа өңірлердің төлін өзіміздің елді мекеннің табиғатына үйретіп, малды асылдандыруға айрықша көңіл бөлді. Сонау 2000-жылдары Қарақалпақ елінен және еліміздің оңтүстік аймағынан мал әкеліп, оны қолға үйретті. Кейін кәсіпкер өз алдына шаруа қожалық ашып, бастаған ісін одан әрі дамыту бағытында мемлекеттік бағдарлама көмегіне жүгінді.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кәсіпкерлікке бет бұрып, шекара асып мал тасыдық. Ол жылдары дүкендер сөресі қаңырап, қаржы тапшылығы байқалды. Өз тіршілігіңді өзің күйттеп, алдымызда тұйықтан шығуға талпыну жолы ғана тұрды. Сырттан жылқы малын әкеліп, ет бағытында нарыққа шығардық. Менімен бірге кәсіпкерлікке бет бұрған әріптестерімнің көбі кейін сауда саласына кетті. Ал, мен мал шаруашылығына көңіл бөліп, осы жұмысымды әрі қарай дамытуға кірістім. Әркімнің өз сүйікті ісі болады ғой. Менің таңдауым осы салаға түсті. Қораны асыл тұқымды малға толтыруға мемлекеттік бағдарламалар демеу болғанын айрықша атап өткім келеді. Қазір, қожалықта 200-ден аса сиыр, 100-ден аса жылқы малы бар, – дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, іскер әйел 2005 жылы «Қанатбаева» шаруа қожалығын ашқан болатын. Шаруашылықтың жер көлемі 497 гектарды құрайды. Оның ішінде 438 га жайылымдық, 5 га шабындық жері бар. Бастаған кәсібін одан әрі дамыту мақсатында 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен «Агронесие корпорациясы» АҚ-дан 8,5 млн теңге несиеге қол жеткізді. Бұл қаржыға 2 бас асыл тұқымды бұқа мен 47 бас аналық сиыр алды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында мал басын көбейтіп қана қоймай оны асылдандыру, бордақылау бағытында жұмыс жасап отыр.
Әр жылдары табысты еңбек еткен кәсіпкер 2014 жылы «Құлан» бағдарламасына қатысып, нәтижесінде 4 бас асыл тұқымды ет бағытындағы «Жабы» жылқысының айғырын және 40 бас бие сатып алды. Сондай-ақ, өз қаражаты есебінен сиымдылығы 90 бастық мал бордақылау алаңын, жанынан мал сою цехын ашты. Кейін 2016 жылы халық игілігі үшін мал базарын іске қосты. Айта кеткен жөн, бұған дейін өңір тұрғындары қала орталығына барып, мал саудалаушы еді. Міне, енді кәсіпкердің жеке қаражатымен ашылған мал базары көптің сұранысын орындап, тұтынушылардың қажеттілігін өтеп келеді. Өз цехында бордақыланған малдың экологиялық таза ет өнімімен өңірдегі 5 балабақшаны, 4 мектепті және жазғы тынығу лагерін қамтамасыз етіп отыр.
Өңірдің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген кәсіпкер жұмыссыздық мәселесінің оңтайлы шешілуіне де ықпал етіп келеді. Қазіргі кезде 20-ға жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен. Мұнан бөлек, ол қайырымдылық шарасынан да шет қалған емес. Әрдайым аз қамтылған отбасыларға жәрдем беріп, әлеуметтік мәселенің шешілуіне де қолқабыс етіп келеді. Аудандағы жұмыссыз жүрген 5 қызды оқытып, аспазшы сертификатын алуға жәрдем берді. Сондай-ақ, кенттегі мүмкіндігі шектеулі жандарға қарайласып, тұрмысы төмен отбасы балаларын жазғы тынығу лагеріне жіберуге демеушілік жасады. Осындай жомарттығымен елдің ыстық ықыласына бөленген Күлпаш Қанатбаева әр жылдары толағай табыстар мен үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, табысты еңбек еткені үшін 2013 жылы Ауыл шаруашылығы министрінің "Құрмет" грамотасымен, 2014 жылы облыс әкімінің алғыс хатымен, 2015 жылы малшылар слетінде «Озат шаруашылық» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, өткен жылы «Еңбек ардагері» медалі табысталды. Ал, жуырда ғана ұйымдастырылған ауыл әйелдері форумына қатысып, «Үздік фермерлік және шаруа қожалығы» номинациясын иеленді.
Жастайынан тай жетектеп, жылқы баптап өскен кәсіпкер 65-ке келсе де, әлі күнге дейін атқа мінеді. Үйірдегі жылқыны, өрістегі сиырды қара жорғасымен күніне бір мәрте қарап келуді әдетке айналдырған. Ат құлағында ойнаған ол ұл-қыздарын еңбекке баулып, қоғамда салауатты өмір салтын насихаттап жүр.
– Жұмыс арасында жүріп, уақыт тапшылығына қарамастан аудан, облыс көлемінде ұйымдастырылған спорттық шараларға да қатысамын. Бұл денсаулыққа аса пайдалы және кейінгі жастар бізге қарап үлгі алады. 2018 жылы Байқоныр қаласында өткен облыстық халықтық спорт ойындарында 2-ші орын иелендім. Ардагерлер арасында өткен жеңіл атлетикадан ұзақ қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру, мылтық ату сайысында облыс бойынша жүлделі бірінші орын маған бұйырыпты. Жастайымнан атқа мініп өскесін де спортты жаным сүйеді, – дейді ол.
Міне, жаны нәзік, қос жанарына ар ұялаған, болмысынан ибасы мен ізеті сезіліп тұрар қазақ қыздары кейбір ер-азаматтарымыздың қолынан келмейтін, қолынан келсе де төзімділігі жетпейтін істерді ұршықша иіріп жүр. Күлпаш ана құдай қосқан жары екеуі 3 ұл, 2 қызды тәрбилеп, өсіріп жеткізді. Қазіргі таңда ұл-қыздарынан 13 немере, 3 шөбере сүйіп отыр.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.