Үндістанға барған отандастарымыз тырысқақ ауруын жұқтырып алған
Алматыда осы елде демалып қайтқан үш жігіттен аса қауіпті жұқпалы инфекция анықталды. Сөйтсе, туристер үнді аралдарын қызықтап жүріп, ойда-жоқта тырысқақ ауруын жұқтырып алыпты. Оны елге келгенде бір-ақ білген. Іші өтіп, есінен тана жаздаған науқастарды дәрігерлер дер кезінде анықтап, оларды дереу оқшаулап тастады, деп хабарлады КТК арнасы.
Үндістан. Қазақ туристерінің таңдаулы мекендерінің бірі. Әсіресе, жағасын мұхит шайған аралдары турист біткенді қол бұлғап шақырып тұрғандай. Десе де, жазы бітпейтін елдегі демалыс біздің жерлестеріміз үшін қайғылы аяқтала жаздады. Осы елді аттай қалап, Алматыдан алып-ұшып барған үш бірдей турист тырысқақ ауруын жұқтырып қайтты.Саят Қауметбаев, Ауру жұқтырғандар мен аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлім жетекішісі:
– Үшеуі де инфекциялық стационарға жатқызылып, үшеуінде де тырысқақа ауруы анықталды. Егер шетелге шығатын азаматтар болса, антибиотиктерді өздерімен ала жүрген дұрыс.
Қауіпті дерт демалыстан қайтып келген күні-ақ анықталған. Іші өтіп, есінен тана жаздаған соң туристердің бірі ауруханаға барған. Қауіпті ауру расталған соң, дәрігерлер бірден бірге саяхаттаған жолдастарын да дереу тексеруден өткізген. Ал ауруды жігіттірдің ГОА аралында жұқтырғаны белгілі болды. Онда туристер шикі ұлу жеп ұрынған екен. Ал турагенттіктер болса, туристердің тырысқақ ауруын жұқтырып алғанына қатысты жауапкершілікті мойынға алудан қашып отыр. Айтуларынша, болған жайтқа тазалықты сақтамаған туристердің өздері кінәлі.
Әсел Нүркебаева, Қазақстан туристтік агенттіктері қауымдастығының президенті:
-Жолдаманы сатып аларда туристерге ескертпе-қағаз беріледі. Онда неден сақтану керектігі анық жазылған. Соған қарағанда, туристердің өзідері салғырттық танытқан. Турагенттіктер тіпті демалушыларға аурулардан сақтану үшін екпе алуды да кеңес етеді.
Қазір тырысқақ ауруын жұқтырған үш жігіт оқшауланған. Жалпы, ондай ауру біздің елде атымен жоқ екен. Тек осы Үндістаннан жұқтырып келетін көрінеді. Былтыр да дәл осылай бес адам ауырып, бір ажалдан аман қалыпты.
http://stan.kz