Аққырдың алар асуы алда
![](/uploads/posts/2021-11/medium/1638161311_564641344.jpg)
Аққыр ауылы – аудан орталығынан алыс ауылдың бірі. Екі жүзге жуық отбасы бар елді мекеннің бүгінге дейінгі дамуын тілге тиек етсек, мұндағы жұрт Камал Бердәулетовтің еңбегін елеусіз қалдырмайды. Себебі, бұрын совхозға директор болған іскер басшы К.Бердәулетов ең алдымен тұралап қалған жұмыстарға жан бітіріп, аяқсу мәселесіне аса көңіл бөліпті. Көше жиектерінде арықтар қаздырып, аяқсу жүргізді. Ағаш егіліп, үш жыл қатарынан құрылысшы отрядтары тұрғын үйлер салды. Осындай елге белгілі азаматтар тер төккен, тау тұлғалы азаматтар түлеп ұшқан ауылдың бүгінгі ахуалы қалай? Иә, бұл сауалымызға жауапты ауыл әкімі кеңінен тарқатып берді.
![](/uploads/posts/2021-11/medium/1638161316_whatsapp-image-2021-11-26-at-17_48_27.jpeg)
– Жарты ғасырдан астам тарихы бар Аққыр ауылының бүгінгі келбеті, даму деңгейі, осындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі едәуір жақсарған. Совхоз директоры болған Камал ағамыздың іскерлігінің, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында тұралап қалған шаруашылық жұмыстары лезде бір ізге түсіп, аяққа тұрды. Әсіресе ауыл тұрғындары кәсіпкерліктің көзін тауып, өзін-өзі жұмыспен қамтуға машықтанған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында бірқатар шаруашылықтар жұмысын жандандырып, кәсіптерін ілгерілетті. Өткен жылы бағдарламаның екінші бағыты бойынша 1 ауыл тұрғыны «Сайлау» ШҚ «Ауыл» Несие Серіктестігі» арқылы «АгроБизнес» бағдарламасы бойынша 10,5 млн теңге көлемінде несие алып, оған жылқы алса, 1 адам «Атамекен» ШҚ «Ауыл» Несие Серіктестігі» арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қой шаруашылығымен айналысуға 47,6 млн теңге көлемінде несие алып, жұмыс жасауда. Ал биыл бағдарламаның екінші бағыты бойынша 3 ауыл тұрғыны «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» бойынша 7,7 млн теңгемен қаржыландырылса, тағы бір тұрғын «Шолақ ата» ФҚ «Микробизнес-Қызылорда» өңірлік бағдарламасы аясында 6 млн теңге көлемінде несие алып, ірі қара малын өсірумен айналысуда.![](/uploads/posts/2021-11/medium/1638161293__dsc0012.jpg)
![](/uploads/posts/2021-11/medium/1638161293__dsc0012.jpg)
Сонымен қатар жаңа бизнес идеяларын ұсынған жеті адам грантқа ие болды. Ал бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 7 ауыл тұрғыны әлеуметтік жұмыс орындарына, 10 адам жастар практикасына жіберіліп, 1-еуі тұрақты жұмысқа орналасты. Ең бастысы, биыл жұмыссыз ретінде 41 тұрғын тіркелсе, оның 14-і тұрақты жұмысқа орналасып, 27 тұрғын ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Сонымен бірге 7 ауыл тұрғыны кәсіпкерлік оқу оқып, оның 5-еуі мүйізді ірі қара, 1 тұрғын жылқы өсіруді қолға алса, кондейтерлік өнімді кәсіп қылған бір адам қайтарымсыз грантқа ие болды, – деген Жаңабек Ұлықбекұлы ауылда мәселе де жоқ еместігін айта кетті.
Оның сөзінше, аққырлықтар үшін аяқсу мәселесі қиындық туғызып тұр. Аяқсудың тапшылығы әрине, ауыл адамдары үшін өте қиын. Мәселені әркез назарда ұстаған ауыл әкімі жыл басында шешімін тауып қалатынын айтты. Өйткені ауыл тұрғындарын бау-бақша егу жұмыстары үшін сумен қамтамасыз ету керек. Қазіргі таңда Оңтүстік коллектр арнасынан ауылға аяқсу тарту үшін тетіктері зерттеу-зерделену үсінде. Яғни Оңтүстік коллекторға дейін электр бағаналарын жүргізіп, су айдайтын электрнасос арқылы елді мекенге аяқсу әкелу керек. Бұдан бөлек тиісті сала министрлігінің қолдауымен аяқсу тартатын екі мотор алынбақ.
Біз табан тіреген ауылдық округте абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Мақаламыздың басында бұл туралы айтқан болатынбыз. Қоғамдық қызметпен жұмыс істейтін азаматтар өздері тұратын өлкенің көркейіп-дамуына аянбай еңбек етеді. Осы жылы атқарылған ауқымды істердің сапында «Оңтүстік коллектор» арнасы бойындағы бұзылған 2 630 метр бөгетінің толық қалпына келуі мен, «Пітеген» каналына жасалған жөндеу жұмыстары бар.
Кезінде тарихы терең Аққыр ауылы құрылған соң 1965 жылы ашылған №188 орта мектеп пайдалануға берілген болатын. Араға 20 жыл салып, мұнда 1985 жылы жаңа білім ордасы бой көтерді. Міне, біздің бүгінгі ауыз толтырып айтып отырған білім нысаны мемлекеттік бағдарлама игілігімен өткен оқу жылында жаңа заман талабына сай қайта жаңғырып, жайнап, ұлағатты ұстаздар мен білімге бойлаған шәкірттердің алтын ұясына айналып отыр.
30 жылдан аса күрделі жөндеу көрмеген мектеп шынында кейінгі кезде сыр бере бастаған. Тек былтырғы оқу жылында мемлекеттік бағдарлама игілігімен оқу ғимаратын күрделі жөндеуге қажетті қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын қолға алған бас мердігер «Корпорация Алем-құрылыс» ЖШС өте сапалы жасаған. Білім ұясының шатыры жаңартылып, есік-терезелері пластикке ауыстырылған. Ғимараттың ішінен дәретхана салынып, су, кәріз жүйелері жүргізілген. Тозығы жеткен электр жүйесі жаңаланған. Ішкі қабырғалары қайта сыланып, жаңа еден төселген. Ғимараттың сыртқы қабырғалары металл сайдингпен қапталған. Аулаға брусчатка, асфальт төселіп, абаттандыру жұмыстары да жасалыпты.
Ауыл балаларының бос уақытын тиімді пайдалануға арналған коворкинг орталығы да көзге шалынды. Мұнымен қоса мектеп ішінде шағын орталық жұмыс жасап тұр. Жеке кәсіпкер Айдана Әміреева өз қаражаты есебінен 50 орындық «Алтын ұя» балабақшасын ашып, 7 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырғанын да айта кетуіміз керек. Бірақ шалғай ауылдағы ақжолтай жаңалықтар мұнымен шектелмейді. Алдағы желтоқсан айында игілікке берілгелі отырған 100 орындық балабақшаның да құрылыс жұмыстары аяқталған. Жаңа кейіптегі балабақшаға бас сұққанымызда өте сапалы салынған нысан екеніне көз жеткіздік. Бір ауылда бірнеше орталықтың жұмыс істеуі қуантарлық жағдай, әрине.
Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Қазір кей ауылдарда жыл сайын ауданға, облыс орталығына қоныс аударатындар кездеседі. Ал бұл өз кезегінде ауылдағы мектеп, балабақшаның жұмысын кешеуілдететінін білеміз. Ал аққырлықтардың ауылдан көшкісі жоқ. Керісінше ауыл әкімінің бастамасымен ел игілігі үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Мұны көзбен көріп жүрген ағайындар ауылдағы береке-бірліктің нәтижесі осындай оңтайлы істерге мұрындық болады дейді.
Иә, расымен ауыл емес, көрікті қаланың қақ ортасында жүргендей әсерде болдық. Сыртқы келбетімен көз тартқан ауыл алыстан-ақ қызу тіршілігі тарқамағанын аңғартып тұр. Ауылдағы денсаулық сақтау, мәдениет саласы бойынша да біршама жетістік бар, ахуал да тұрақты. Ауыз су, электр желісі және интернет жүйесі бойынша ешқандай мәселе қозғалмады.
Ауыл әкімімен әңгімемізді ауылда атқарылатын істермен қорытындыладық. Келер жылғы жоспарда ауылдық клуб құрылысын бастау бар екенін айтқан Жаңабек Матаев, қазіргі уақытта 1 көшеге күрделі жөндеу жұмыстарына, 3 көшеге жәй жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, қаржы көздері қарастырылып жатқанынан хабардар етті.
Ауыл тынысын біліп-қайтқан біздер аққырлық ағайынның кешегі күннен әлдеқайда шаруалары ширағанын байқадық. Ауылдағы түлік түрлерін асылдандыру, мал басын көбейтумен айналысатын шаруашылық төрағаларымен де азын-аулақ тілдестік. Әсіресе ауылдағы «Туған жер» шаруа қожалығының көкжиегі кеңейіп, жиырмаға жуық ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр. Шаруасы шираған шаруашылықты алдағы уақытта да мақаламызға арқау ететін боламыз.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ