Техника жаңармай, диқан оңалмайды

Агроөнеркәсіп кешенін техникасыз дамыту мүмкін емес. Бұл орайда «АгромашХолдинг» секілді ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын зауыты, үлкенді-кішілі кәсіпорындары бар Қостанай облысының бәсі басым болуы тиіс еді. Алайда облыста ауыл шаруашылығын техникамен жабдықтауда етігі жыртық етікшінің кері жоқ емес. Қазақстан бойынша пайдаланғанына 17 жылдан асып кеткен ескі 99 мың трактордың 22, 4300 комбайнның 26 проценті Қостанай облысына тиесілі екен. Дегенмен облыстың ауыл шаруашылығы техникалары паркіне жаңа техникалар қосылып жатады. Мысалы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Әбдікәрімовтың мәліметінше, соңғы бес жылда 70 миллиард теңгеге 1200 трактор, осынша комбайн, 665 тұқымсепкіш, 2000 бірлік тағы басқа да техникалар алынған. Енді осы ұртты майлағандай сандар бес жылда трактордың 5, комбайнның 10, тұқымсепкіштің 3 процентін ғана жаңарта алған. Жалпы айтқанда, жылына ауыл шаруашылығы техникалары паркінің 2 проценті ғана жаңартылады. Есесіне техникалардың тозуы, ұстау уақытының ұзақтығы 2 есеге дейін өсіп отырады. Өңірдегі шаруашылықтарда 20 жылдан бері салдыратып пайдаланып келе жатқан ескі техникалар жетерлік.
Қазір Қостанай облысында малға жем-азық, шөп дайындайтын науқан қызып жатыр. Шаруа шабындықты дер уақытында орып, шөпті кептіріп алмаса, қыста малдың қоңы оңалмасы анық. Құм сағаттай сусыған уақыт шөптің буынын да қатыра береді. Ауа райына сенім жоқ, шүйкедей бұлт үйіріліп келсе, жаңбыр жауа салады. Орылған шөпке су тиді дегенше қарайып, мал азығының сапасы төмендейді. Егін шаруашылығында да жұмыс тоқтап тұрған жоқ. Диқан жерді шегірткеге қарсы өңдеу, арам шөптен тазарту, тыңайтқыш салу сияқты жұмыстармен жаз бойы белін жазбайды. «Көктемнің бір күні – жылға азық» дегендей, көктемгі, күзгі науқан санаулы күнде атқарылады. Қазір техникасы түгел диқандар мыңдаған гектардың өнімін шамалы күнде-ақ жинап алып, жауын-шашынға да ұрынбай, асықпай кептіріп, базар нарқын күтіп отырады. Өткен жылы «Жаркөл» шаруа қожалығының жетекшісі, облысқа белгілі кәсіпкер Ыбыраш Естаев 13 мың гектар егінін 5 қыркүйек күні түгел жинап болды. Ал бұл уақытта кейбір шаруашылықтар мұнан да аз көлемдегі алқаптың жартысына да жетпеген еді.
– Техниканың арқасы, – деген болатын сонда Ыбекең. – Бітік егіннің күзде жауын-шашынға ұрынғанынан артық диқанға өкініш бар ма? Біз алдымен шаруашылықтың техникасын түгендеп алуға тырыстық. Қуатты комбайндардың жолында масақ қалмайды, – дейді Ыбыраш Естаев. Алайда, шаруашылықтың бәрі «Жаркөлдей» бонитеті жоғары құнарлы жерде тұрған жоқ. Сондықтан олардың жинайтын астығы да, соған орай шаруашылықтың күш-қуаты да шамалы болады. Олардың барлығы шетелдік, отандық техникаларды шекесінен шертіп, қалағанынша ала алмайды. –
«Ескіні жамасаң есің кетеді» деген ғой, ескі техникалар көктемгі дала жұмыстары немесе күзде егін жинау науқаны қызып жатқанда сынып қалады да, қосалқы бөлшектерін әкеліп, жөндейміз дегенше біраз уақыт өтеді. Жұмыстың тоқтауы өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Өйткені қосалқы бөлшек те, кеткен уақыт та диқанға шашетектен шығын, – дейді Қостанай ауданындағы «Борис-Романов» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алдаберген Жұмағұлов.
Екеуі де облыстағы алдыңғы қатарлы, техникасы толық шаруашылықтар қатарына саналады. Ал жері аз, құнары төмен аумақтағыларға техниканы түгендеу оңай емес. Облыста барлығы 23 мыңнан аса трактор, 9600 комбайн, 22300 тұқымсепкіш, 740 дән себетін кешен бар. Жыл басынан бергі алты айда диқандар 153 трактор, 33 астық жинайтын комбайн, 134 сеялка, 38 дән сепкіш кешен сатып алған. Бірақ Тобыл-Торғай өңіріндегі шаруашылық саны 3 мыңнан асатынын ескерсек, сатып алынған техникалар теңізге түкіргендей жоқ болып кететіні рас. Техниканың алуынан тозуы тез. Мамандардың айтуынша, бір трактордың тозу мерзімі 10-12 жыл. Мамыр айында «Ауыл» партиясының Қостанай филиалы ұйымдастырған мәжілісте ауыл шаруашылығын техникалармен жабдықтаудың барысы жөнінде мәселе қаралды. Сонда партия төрағасы Әли Бектаевтың республика бойынша келтірген мәліметтері сала дамуына кепіл болатын істің әлі де кешеуілдеп тұрғанынан хабардар еткен еді.
– Қазақстан бойынша қолда бар 150 мың трактордың 55 процентінің пайдаланылғанына 17 жылдан асып кеткен. Бұл техника әбден ескірді деген сөз. 141 мың комбайнның 46 проценті, жем дайындайтын 167 мың техниканың 67 проценті, топырақ өңдейтін 38 мың техниканың 84 проценті ескірген. Сарапшылардың айтуына қарағанда, техникалардың материалдық тозуынан Қазақстанда 95 миллиард теңге жөндеу жұмыстары мен жанар-жағармайды артық қолдануға, яғни шығынға кетеді, – деген еді партия жетекшісі Ә.Бектаев.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын болашақта ел экономикасының драйвері боларына сенім артты. Расында, жиырма шақты жыл бұрынғы уақытқа қарағанда, бұл саланың дамуы әлдеқайда ілгерілегені белгілі. Алайда бүгінгі табысы ішкі жалпы өнімнің 5 процентіне ғана тең екен. Әлі де бергенінен алғаны көп. Өткен жылы ауыл шаруашылығына 260 миллиард теңге жұмсалған.
Шаруашылықтар осы уақытқа дейін банктерден 15-17 проценттік үстемемен несие алып келеді. Отандық техниканы алуға мемлекет қолдауы диқандарға сезіле бастады. Мұның шарапаты тек диқан емес, техника өндіріп, сатып отырған «АгромашХолдинг» зауытына да білінгендей.
– Мемлекет диқандардың отандық техника алуына 25 проценттік субсидия бере бастады. Егер комбайн 39 миллион теңге тұрса, мемлекет 10 миллион теңгесін қайтып береді. Бұл диқан үшін қанша көмек десеңізші, – дейді зауыттың Қостанай филиалы директорының орынбасары Самат Байманов. Алайда ауыл шаруашылығында кәсіп еткендердің барлығы 39 миллион теңгені зауытқа шытырлатып санап бере алмайды. Сондықтан диқандар техниканы негізінен лизингпен алады. Қазір «Қазагрофинанс» лизингтік компаниясы «Жиын-терін» бағдарламасын іске қосып, техника бағасының алғашқы жарнасын 15-тен 10 процентке түсірді. Бұл диқанды қаржылай демей түседі. Алдағы уақытта несиенің 10 процентін субсидиялау көзделіп отыр. Сонда банктің 14 проценттен 17 процентке дейін беретін несиесінен диқан 4 немесе тіпті әрі кеткенде 6-7 процентке дейін ғана үстеме төлейтін болады. Зауыт «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ, «Технолизинг» ЖШС сияқты басқа да қаржылық институттармен жұмыс істейді. Олар диқандарға түрлі несие шарттарын ұсынады.
Облыстағы орташа шаруашылықтар қалай да мемлекет субсидиясына жалтақтайды. Қостанайдағы ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін «АгромашХолдинг» зауытынан шығарылатын Еsill КЗС-760, Еsill КЗС-750, Еsill КЗС-740, Еsill КЗС-730 комбайндарының ең арзаны 39 миллион теңгеден басталады.
– Диқандардың отандық техникаға бет бұруы жаман емес. Жалпы, республикада ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің 45 проценті біздің өнімді, 45 проценті ресейлік «Россельмаш» зауытының, қалған 10 проценті алыс шетелдік комбайндарды алады. Рас, бірнеше жыл бұрын диқандар «Джон Дир», «Класс» секілді америкалық, германиялық, тағы басқа импорттық комбайндарды қымбатына қарамай алды. Өйткені ол кезде біздің комбайндардың техникалық сапасы бәсекеге ере алмайтын. Ал қазір Еsill КЗС комбайндары техникалық сапасы жағынан алыс шетелдік комбайндармен үзеңгі қағысады. Оның үстіне отандық комбайндар біздің алқаптарға бейімделген, қосалқы бөлшектерін табуда да ешқандай қиындық болмайды, – дейді Самат Сақтағанұлы.
Бұл салаға қолдауды кешенді түрде қарастыру керек. Тұтас алғанда, техника арзандаған емес, қайта жыл сайын қымбаттайды. Ал бидай бағасы өспейді. Сосын жанар-жағармайдың өзектілігі техникадан кем бе? Бұрнағы жылдары бір тонна жанармайды 2 тонна астық бағасына алатын едік, қазір бір тонна жанар-жағармай үшін 5 тонна астық жұмсаймыз, дейді диқан Алдаберген Жұмағұлов.
Кішігірім шаруа қожалықтарының қымбат техникаға тісі бата бермейді. Сондықтан «АгромашХолдинг» зауыты диқандар техникасын жаңалау үшін барлық мүмкіндікті қарастырады.
– Біз шаруашылықтардың ескі комбайнын 10-15 миллион теңгеге бағалап аламыз да, қалған қаржысын төлеген соң орнына жаңа комбайн береміз. Бұл диқанға біраз арзанға түседі. Ал ескі комбайнның қосалқы бөлшектерін жаңалап, жөндеуден өткіземіз де арзан бағамен диқандарға қайта сатамыз. Қуаты аз шаруашылықтар осылай 15-20 миллион теңгенің комбайнын ала тұрады, – дейді С.Байманов.
Ауыл шаруашылығы техникаларының бағасы жыл сайын қымбаттап отырғанда бұл диқандар үшін тығырықтан шығудың жақсы амалы секілді. «Джон Дир» секілді алыс шетелдік техникалардың бағасы доллар бағамына сәйкес қымбаттай береді. «АгромашХолдинг» зауытынан шыққан комбайндардың бағасы да соңғы екі жылда 10 процентке көтерілген. Өйткені құрастыратын техниканың сүйегі Белоруссиядан келген соң, зауыт та бағаны ұстап тұра алмайды.
– Егер 2019 жылдың қаңтарынан бастап ескі техника қалдықтарын өткізу ісі қолға алынса, онда отандық техникалар арзандамаса да, осы бағадан жоғары көтерілмейді. Импорттық техникалардың арасында ресейлік техникалар біздің бағамен қарайлас, айырмасы 5-7 миллион теңге. Ал «Джон Дир» комбайндарының бағасы 120 миллион теңгеге өсті. Импорт бағасының шарықтауына оның тасымалы ықпал ететінін диқандар жақсы біледі. Қостанайдан шығарылатын Есіл комбайндарының ең қымбаты – 55 миллион теңге, дейді С.Байманов.
Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын ең қуатты зауыт «АгромашХолдинг» жыл сайын 500 комбайнды сапқа қояды, ал өніміне сұраныс күшейген жағдайда жылына 1 мың комбайн шығаруға қауқарлы. Бұл меже бағынса ауыл шаруашылығы техникалары паркі жылдамырақ жаңартылары, жұмыс орны да көбейе түсері сөзсіз. Ал Елбасы тапсырған экономиканы және әлеуметтік салаларды серпілте дамытудың кепілі болып табылатын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы техникасыз жүзеге аспайтыны ақиқат. Оның үстіне Қостанай облысы ауыл шаруашылығын цифрландыру ісінде қанатқақты өңір саналады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,