Қой жүнін Қытайға экспорттайды
Енді біраз жылда облыстағы қой саны еселеп артуы мүмкін. Бұған дейін өңірде қой мен жүннің терісі ешқайда өтпегендіктен босқа рәсуа болып, далаға тасталып келгені белгілі. Бұл өз кезегінде аймақтағы қой санының төмендеуіне де белгілі бір мөлшерде әсерін тигізгенін ешкім жоққа шығара қоймас. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметтерінен аңғарғанымыз, соңғы жылдар мұғдарында өңірдегі қой саны 5 пайызға кеміпті. Қазір облыстағы қой саны – 1 миллион 800 мың. Хош. Жоғарыда «біраз жылда Шығыс Қазақстандағы қой саны еселеп артуы мүмкін» дедік. Бұлай деп сенімді түрде сөз қозғап отырғанымызға себеп – былтыр Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында жүн өңдеу фабрикасының іске қосылғандығы. Осы істің басы-қасында жүрген «Дерикар» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Тасболат Битенов бұл шаруаны қолға алу оңайға түспегенін айтады.
Былтыр 110 тонна өнім саудаға шығарылды
Фабриканы құру жұмыстары 2012 жылы басталып, тек 2017 жылдың шілде айында аяқталыпты. Қажетті құрылғылардың бәрін Қытайдан сатып әкеліпті. Осы мақсатта банктен 27 миллион, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 25 миллион теңге несие алыпты. «Өзіміз де ел қатарлы мал ұстаймыз. Жүн мен терінің түкке керексіз болып далада жататыны жанға батып жүретін. Абай ауданын жақсы білесіздер, егін, көкөніс жөнді өспейді. Бұл өңір тұрғындарының негізгі тіршілік көзі – мал. Малмен күн көріп отыр барлығы. Содан ойлана келе осы істі қолға алуды ұйғарғанбыз. Біраз қиындықтарды да бастан өткердік. Қазір Құдайға шүкір, фабрика жұмыс істеп тұр.
Былтыр 200 тонна жүнді жуып, соның 110 тоннасын Қытайға өткіздік. Бұрын қой жүнінің келісін 10-15 теңгеден алмаушы едік. Қазір 70 теңгеден қабылдап жатырмыз. Сұраныс болса бағасын тағы да көтереміз», дейді ол. Жұмысын бастағанына көп уақыт болмаған фабрикада тәулігіне 6 тонна жүн жуылады. Есептей беріңіз, 10 күнде – 60 тонна. Бізді қуантқаны, өндіріс орны облыстың шалғай аудандарынан әкелінген қой жүнін 150 теңгеден қабылдайды. Биылдан бастап ешкі жүнінің келісін 1 мың теңгеден сатып алмақ ниетте. Тағы бір атап өтер дүние, «Дерикар» ЖШС қой жүнінен бөлек сиыр (келісі 3 мың теңге), жылқы (200 теңге), қой (50 теңге) терісін қабылдап жатқан көрінеді. Бүгінде фабрикада 32 адам жұмыс істейді. Мұндағы жұмыс процесінің көбі автоматтандырылған. «Абай мал шаруашылығымен шұғылданатын аудан болғандықтан ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырмыз. Елбасымыз биылғы Жолдауында осы мәселеге айрықша назар аударғаны белгілі. Қарауылдағы жүн өңдеу фабрикасы биыл 500-ден 700 тоннаға дейінгі жүнді экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Көктем шыға жұмысқа кірісуге дайын. Аудан әкімдігі тарапынан барлық көмек көрсетіліп жатыр», дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Марат Еділбаев.
Өңірдегі кәсіпорындар арасында бәсекелестік артып келеді
Жүн өнімдерін Қарауылдан 1500 шақырым Алматы облысы аумағындағы Қорғас кеден бекеті арқылы өткізіп жүрген Тасболат Битенов алдағы уақытта 400 шақырым жердегі Үржар ауданы Бақты кеден бекеті арқылы саудаға шығарсам деп армандайды. «Қытаймен келісімшартымыз бар. Олардың сұрап отырғаны – 3 мың тонна. Қазір жуатын жүн жоқ болғаннан кейін фабрика уақытша тоқтап тұр. Жазғы қырықтық маусымын тағатсыздана күтіп отырмыз. Мамыр айынан бастап жүн жинаймыз. Жүн өңдеу дегеніңіз оңай шаруа емес. Әуелі жүнді жинап аламыз, іріктейміз, сұрыптаймыз. Түтеміз, жуамыз. Кептіреміз. Кептіргеннен кейін ол престеледі. Егер жүн қоры жеткілікті болса, біз қысы-жазы жұмыс істеуге дайынбыз», дейді фабрика басшысы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары өңірде талай уақыттан бері тұралап қалған жаңа өндірістің одан әрі жандануына ықылас танытып, барынша қолдау білдіріп отырғандарын айтады. Басқарма басшысы Асқар Жакупбаев бүгінде облыс аумағында жүн өңдеумен тек екі мекеме ғана айналысып отырғанын, оның бірі Семейдегі «Роза» ЖШС екендігін, бір қызығы, бұрын жүннің келісін 40 теңгеден қабылдаған бұл шағын фабрика «Дерикар» жұмысын бастағаннан кейін бағаны 70 теңгеге дейін көтергенін тілге тиек етті. «Бұл дегеніңіз жақсылықтың нышаны емес пе? Өңірдегі кәсіпорындар арасында бәсекелестік болса, өнім сапасы да жоғарылайды. Ауыл тұрғындарының ақ адал еңбегі ақталады, төккен тері далаға кетпейді. Ал енді Қарауылдағы «Дерикар» ЖШС-іне келсек, бұл тоқтап қалған жоба болатын. Көп дүние менеджментке байланысты ғой. Тасболат Битенов ерінбей-жалықпай Қытайға барып, Абайға арнайы технолог маманды ертіп келді. Нәтижесінде, фабрика жұмысы жанданып, іс ілгері басты. Фабрика былтыр жүнді жаман өткізген жоқ. Әзірге Алматы облысы арқылы саудаға шығарып жатыр. Алдағы уақытта өзіміздің облыс арқылы Қытайға тікелей шығартуға тырысамыз. Жоба басқармасына «Дерикарды» да енгіземіз. Қазір біз аудандардың бәріне айтып жатырмыз. Амандық болса, биыл облыста қырқылатын қой жүнінің барлығы осы фабрикаға өткізіледі деп ойлаймыз», дейді басқарма басшысы.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы
Egemen.kz