Қазаққа ғана жар болсын, Алаштың ару қыздары
Жанары жаны жаздай жайраңдаған.
“Қыз өссе – елдің көркі” деген сөзді,
Қапысыз қалай айтқан, қайран бабам!”
Бұл – қазақ аруларының төлқұжатына айналған өлең. Сөзін Исрайл Сапарбай жазса, әнін Рамазан Тайманов шығарған. Қазақтың қызы десе бірден қаракөз қарындастарымыз бен ақылшы әпкелеріміз еске түседі. Мақалаға бастау болған өлеңде қазақ қыздарының болмыс-бітімі мен табиғаты берілген. Ұлтымыздың арулары хақында сөз қозғағанда Жанар Айжанованың орындауындағы осы бір жыр жолдары құлаққа келеді де тұрады.
Соңғы кездері қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуы жиілеп кетті. Тіпті тойларын әлеуметтік желілерге жүктеуде. Жұрттың жазған пікірі де жақсы емес. Бірі даттаса, енді бірі ата-аналарын аяп жатты. Әуел баста өмірлік серіктерін түрік жігіттерінен таңдаған қыздарымыз жайлы естігенде “қазақтан жігіт табылмады ма?” дейтін едік. Кейін орыс, кәріс, қытай, әрісі қара нәсілді азаматқа дейін жар болды біздің қыздар. Көңілдің толқынысы, жүректің бұлқынысы осы кезде басталды. Әттең деп бармақтарын шайнаған да азаматтар кездесті. Мен қазақтың баласымын дегендер жиылып, тойларына дейін өткізбеуге тырысты. Бірақ одан не пайда? Қыздан сұрасаң “жүрекке әмір жүрмейді” дейді. Үлкендер жағы қыздың сөзінен аса алмай әлек.
Бұл мәселені не үшін көтеріп отырмыз. Бұған елге белгілі азаматтардың да бей-жай қарамайтыны белгілі. Керек десеңіз, мұның астарында үлкен саясат болуы мүмкін. Әйтпесе неге 130-дан астам ұлт пен ұлыс тұратын елден тек қазақтың қыздарын жар етуге тырысады? Оның бір ғана себебі бар, осы жерге тұрақтану. Мұхтар Шаханов ағамыз осындай жайлардан соң шетелдікке тұрмысқа шыққан қызды азаматтықтан айыру туралы заң қабылдау қажет деп дабыл көтерді. Ал оған құлақ асқан жан болмады.
Қыздарымыз шетелдік азаматтарды өмірлік жары етіп таңдап жатқанда, ел алдына төсін жалаңаштап шығатын аруларымыз пайда болды. Жақсы емес, әрине. Мұндай әрекеттерді жасар кезде қазақ жігіттерінің намысын да ойлау керек. Мен бір жақты пікір ұстанудан аулақпын. Дегенмен, таяқтың екі ұшы болатынын естен шығармайық. Оның бір жағын бассаң, екінші жағы маңдайыңа сарт ете қалмасына кім кепіл? Қытайдың азаматын бүгін өз қазағыңнан артық көрсең, ертең олар ата-бабаңның қаны тамған жерде ойран салмай ма? Мәселенің мәнісі осында жатыр.
Қаракөз қыздарымызды жамандыққа да, азғындыққа да қимаймыз. Өйткені олар – біздің арымыз, намысымыз. Арымыз тапталып, жігеріміз құм болса, ұяттан қызарып, намыстан өлетін жұрттың ұрпағымыз. Қазақтың бойындағы ең басты қасиеті де осы намыс деп ойлаймын.
Біз бұл мақаламызбен көпке топырақ шашудан аулақпыз. Елдік пен ерлікті тең қоятын, ардан аттамайтын, жігіттердің намысын таптамайтын аруларымыз баршылық. Біз тек өмірде бар жағдайды ғана сөз еттік. Арыға барып, тереңдеген де жоқпыз. Өйткені намысын бәрінен жоғары қоятын асыл аруларымызды құрметтедік. Қазақтың қызы қандай құрметке болса да лайықты. Тек олар өзге елдің азаматын өмірлік серік етіп таңдамаса дейміз.
Азиз БАТЫРБЕКОВ