» » АЛАШТЫҢ АЛДАСПАНЫ

АЛАШТЫҢ АЛДАСПАНЫ

Алаш арыстарының ішіндегі орны бөлек тұлғаның бірі – Міржақып Дулатұлы. “Оян, қазақ!” деп ұран салған ақын сөз зергері ғана болып қойған жоқ, ол мемлекеттік деңгейдегі қайраткерлікке дейін көтерілген азамат. Оның Қазақ елі үшін жасаған ұшан-теңіз еңбегі бар.
Саналы ғұмырын түгелдей ұлтының болашағына арнаған Міржақыптай тау тұлғалы азамат 1885 жылдың 25 қарашасында бұрынғы Торғай уезі Сарықопа облысының бірінші ауылында өмірге келген. Әкесі Дулат ескіше оқыған, өз дәулеті өзіне жетерліктей шағын шаруашылығы бар, көзі ашық адам болса керек. Балаларының үлкені Асқарды әуелі мұсылманша, кейін орысша оқытып, заң қызметіне бейімдеген. Екі жасында шешеден, он екі жасында әкеден жетім қалған Міржақып Асқар ағасының қамқорлығында, тәрбиесінде болады. Ол 1902 жылы Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебінде оқиды. Сонан кейін алты-жеті жылдай ауыл мектептерінде бала оқытады, ағартушылықпен айналысады.
“Мектептен қайтып балалар,
Қызарып беті суықтан.
Үй алдында Майлыаяқ
Жатыр еді суықтан.
Құйрығын бұлғап еркелеп,
Қылды ықылас шындықтан.
Күліп шулап, кірсе үйге,
Самауыр тұр бу шыққан.
Тойып алып тамаққа,
Балалар жатып тыныққан” – деген өлеңінен оның қазақ балаларына бар білгенін үйретуге ұмтылғанын көреміз.
Бүтін болмысты, Абайдың тілімен айтқанда “толық адам” деп кімді айтамыз дейтін болсақ, мен бірден Алаш арыстарын соның ішінде Міржақып Дулатұлын айтар едім. Оның бірнеше себебін келтіруге болады. Алаштың ақ семсер арыстарының бірі саналатын Міржақып Дулатұлының қым-қиғаш тағдыры, өмір сүрген уақыты Қазақ даласындағы дүние дүрбелеңіне тура келді. Мүмкін, бұл оның бағы да шығар... Өмірін елге арнады, жүрегін кернеп шыққан жырларында да қазақы сипат басым. Тағдырлы тұлғаның Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш майданының алдыңғы шебінде жүргенінің өзі оны нағыз қайраткер ретінде тануға мүмкіндік береді.
“Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі –
Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!” – деген өлең жолдарынан Міржақып Дулатұлының өзін халықтан төмен санайтынын, ойпаң жерге біткен аласа ағашқа теңегенін көруге болады. Тіпті “Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі” деген қайраткер ел үшін еңбек етуді бақыт санаған. Біздің жоғарыдағы сөзімізге осы бір шумақтың өзі-ақ дәлел десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен Әлиханның ең сенімді екі серігінің бірі болған Міржақыптың атақты «Оян, қазақ!» өлеңі түбі бір түркі халықтарының ұранына айналғаны белгілі. Заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков, «Оян, қазақ!» – бұл сөздің құдіреті де қасиеті де сол – осы отты өлеңнің жарық көргеніне ғасырдан астам уақыт өтсе де, сол қаныш тамшылаған өзекті күйінде қалып отырғандығы; бүгінде қазақ байтағын індеттей жайлаған бойкүйездік, самар­қаулық, жалқаулық, еріншектік, қысқасы, ұлтымызды ұлық істерден кері тартып отырған барша кесапаттарды тап басып айта білген, содан арылуға үндейді, намысқа шақырады. Сондықтан да тағы да «Оян, қазақ!» – деген пікір білдіреді. Енді осы өлеңнен мысал келтірейік.
“Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты”.
Сол тұста ат төбеліндей ғана қазақ оқығандары қаламды қару етіп, ел болашағы үшін зиялы түрде күрес жүргізді. Өзіндік биігімен тарихта қалған, қазақ әдебиеттану және қазақ тіл ғылымдарының негізін қалаған Ахмет Байтұрсынов саяси ұйқыда жатқан халықты ояту үшін “Масасын” жазады. Алаштың Әлиханы атанған, “Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын” деген Әлихан Бөкейханов орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан, бұратана санап, езгіде ұстауды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазды. Небары 27 жыл өмір сүрген Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп тебіренді. Ал Міржақып болса өз замандастары секілді үн қатып «Оян, қазақ!» деп ұран салды. Оның “оян” идеясы түгел түркінің ұстанымына айналды. Түрік халқының реформаторы, саясаткер Ататүріктің «Оян, түрік!» деп ұрандауының түп-төркінінде Міржақыптың өлеңі жатыр. Оны бүгінде түрік ғалымдарының өзі де мойындайды.
Руханият пен ізгілікті қаруына айналдырған қайраткерлердің қатарында болған Міржақып Дулатов ұлттық-демократиялық мемлекет құрудың жолын қарастырған тұлғаның бірі еді. Міржақыптай қайраткер өзге де Алаш арыстарындай өз өмірі мен амандығынан бұрын елдің бостандығын, ұлттың дербестігін бірінші кезекке қойды. Ол Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан сынды алыптармен бірге “Қазақ” газетін шығарған. Бұл газет 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым ретінде белгілі. “Қазақ” газетінің сол кездегі қоғамды оятуға, саяси ұйқыда жатқан халықтың санасына сілкініс жасауға қосқан өзіндік үлесі бар. Тарихшы Мәмбет Қойгелді еңбектерінде Міржақып Дулатұлы туралы: “Ол өте жылдам әрі өте өткір тақырыптарды жазған. “Қазақ” газеті сондай сапада, сондай биіктен көрінуіне, меніңше, бірден-бір Міржақып Дулатұлына қарыздар. Жалпы Міржақып Дулатұлы қазақ журналистикасын жаңа сапаға көтерген адам” – дейді.
Негізінен Міржақыптың газет-журналға деген көзқарасы ерекше еді.
“Білесіз дүние жүзі толған халық,
Олардың арасында бар көп парық.
Алты айлық алыс сапар аралары,
Тұрады бір-бірінен хабар алып.
Шашатын сол хабарды газет-журнал,
Хал-жайын, шаруаларын түгел жазып.
Жетеді күн батысқа жұмасында,
Оқиға күн шығыста болған анық.
һәр жұрттың күзетшісі, көз-құлағы,
Айнадай оқушыға бәрі жарық.
Болса егер қауіп-қатер, жау менен жұт
Білгізер күні бұрын еске салып”, – деп тебі­ренеді.
1909 жылы Міржақыптың тұңғыш өлеңдер жинағы Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шығады. Қазақ қоғамы ішінде рухты өлеңнің ықпалы өте әсерлі еді. Алашорда үкіметі тарихи сахнаға шыққан 1917 жылы Міржақып үкіметтің белді мүшесі, ұлттық мемлекеттіліктің бағдарламасын жасаушылардың бірі болды. 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс зардабын тартып, қырғынға ұшыраған елге көмектесу мақсатында Семей «Жанар» жәрдем қорын құрды. 1921-1922 жылы қазақ даласын ашаршылық жайлағанда Міржақып Дулатұлы мен Жүсіпбек Аймауытов бірнеше айда 15 мың бас ірі қара жиып, үлестірді. Алаш арысы Міржақып Дулатұлының ұлтқа деген жанашырлығын кеңестік үкімет түсінбеді. 1928 жылы ол қамауға алынып, екі жылдан кейін ату жазасына кесіледі. Кейін сот үкімі он жыл абақты жазасымен ауыстырылды. Міржақыптай қайраткердің “Оян, қазақ!” кітабынан кейін 1913 жылы Орынборда “Азамат”, 1915 жылы “Терме” атты өлеңдер жинағы басылып шығады. Өзінің шығармашылық жолын өлеңнен бастаған ол проза жанрына да қалам сілтейді. 1910 жылы оның осы жанрдағы туындысы "Бақытсыз Жамал" романы Қазан қаласында басылып шықты. Бұл қазақ әдебиетіндегі таза көркем проза үлгісінде туған тұңғыш роман еді. Кітап 1914 жылы екінші peт қайта басылды. Міржақып бірқатар мақалалар мен фельетондар жазды. 1922 жылы Ташкентте екі бөлімнен тұратын "Есеп кұралы" оқулығын бастырады. Бұдан М.Дулатовтың әдебиетке ғана емес, математикаға да жүйрік болғанын аңғарамыз. Сондай-ақ “Балқия” пьесасын жазды.
Бүгінде Міржақып Дулатұлы жайлы жазылған еңбектер баршылық, әлі де жазыла береді деген ойдамыз. Өйткені оның өнегелі өмірі мен ғибратқа толы шығармашылығы әлі де зерттеуді, түп-тұқиянына үңілуді қажет етеді. “Тенгри ньюс” сайтына 2019 жылдың 25 қарашасында Есет Тулештің “Міржақып Дулатұлы неге түрмеден қашудан бас тартқан?” атты мақаласы жарияланды. Онда: “Дулатұлы екі жылын Бутыр түрмесінде өткізіп, кейін Соловецкий лагеріне жіберілген. Сол кезде дін қызметшісі Павел Флоренский оны танып, ауруханаға фельдшер етіп жұмысқа тұрғызған. Кейін Мұстафа Шоқай оны Франциядан барған сауда кемесі арқылы түрмеден алып қашпақ болған. Бірақ Міржақып кейін отбасына кесірі тиюі мүмкін деп, қашудан бас тартқан” – деген мәлімет келтіріледі. Лагерьде жазасын өтеген Міржақып Дулатұлы 1935 жылы ауыр науқастан көз жұмды.
Кезінде алаш арыстарының әдеби мұра­ларын зерттеумен Қазақстан Компартиясы Ор­­талық Комитетінің арнайы комиссиясы айна­лысқан болатын. Ал бұл комиссияны белгілі қоғам қайраткері, академик Жабайхан Әбділдин басқарған. Қаламгер Жарасбай Сүлейменов Жабайхан ағадан сұхбат алып, жалған жа­ла­ның құрбаны болған зиялыларды ақтау жұ­мыс­­тарының қалай жүргенін республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жариялады. Осы сұхбатта Міржақып Дулатұлын ақтау үшін материал жинауға қайраткердің қызы Гүлнәр апамыздың көп септігі тигені жазылған. Гүлнәр Міржақыпқызы әкесінің еңбектерін өмір бойы сақтап келген. Оның өлеңдерінен өзі өмір сүрген кезеңнің бет-бейнесін көруге болады.
“Ғазиз басым құтыла алмай жаладан,
Жаудың қолы босамай тұр жағадан.
Жүректі жаншып, жанға түскен ауыр тас,
Ашу тасып, тамырды қуып тараған”. Бұл шумақтағы оқиға сол кезеңде алаш арыстарының барлығының басынан өткені тарихтан белгілі. Міржақып қоғамның дертіне ем таба алмағанына іштей күйінеді. Жан тебіренісін:
“Ем таба алмай дертіңе мен ертеден,
Сол бір қайғың өзегімді өртеген.
Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден,
Еңсең неге түсті мұнша, елім-ай?” – деп жырға қосады. Заманы алмағайып болса да келер ұрпаққа жаңа талап қойылып жатқанын өлеңіне арқау етеді.
“Кез болған соң кер заман біздің баққа,
Жау жарағын асырып, міндік атқа.
Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын,
Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа”, – деп жүрек тебіренісін өлеңмен өрбітіп алаштың алдаспанына айналады.

Азиз БАТЫРБЕКОВ


16 ақпан 2020 ж. 693 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930