ТЫНЫШТЫҚТЫ КҮЗЕТКЕН ШАРА
Қоғам тыныштығын күзетіп, шен тағып, шекпен киіп жүргендердің еңбегі ерен. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінің радио-байланысшы Шара Бөлембаева.
Иә, расында қазіргі таңда әйелдер қауымының араласпайтын қызметі жоқ. Қай салада, қай мамандықта болсын нәзікжандылардың алатын орны бар. Әсіресе әйел заты болса да, ер азаматтарға тән ауыр қызметті атқарып жүрген жандарды ерекше атап өтуге болады. Шара Шамшатқызымен азын-аулақ тілдесіп, жұмысының қыр-сырымен таныстық.
– Басым көпшілігі ер азаматтардан тұратын үлкен ұжымда қызмет атқарған соң, кейде өзіміздің әйел екенімізді де ұмытып жатамыз. Әр мамандықтың өзіндік қиыншылығы бар. Біздің жұмыс – қоғам тыныштығын күзету, алда-жалда тұтанған өртті ауыздықтау. Мен мұнда 2009 жылдан бері қызметтемін. Жұмысым радио-байланысшы болғандықтан, 101, 112 нөміріне келіп түскен шақыртуларды қабылдап алып, облыс орталығына хабарлап отырамын. Ауысыммен жұмыс жасаймыз. Таңертең сағат сегіз болмай ауысым өткіземіз, – дейді Шара Бөлембаева.
Өрт сөндіру бөлімінде жауынгерлік кезекшілікте ауданның тыныштығын білу, барлық түскен ақпараттарды басшыларға дер кезінде хабарлау, жедел жоспарларды жіті білу де Шараның атқаратын қызметі. Осы міндеттерді бұлжытпай орындап отыратын радиобайланысшы – өз жұмысының нағыз шебері. Ол кісі ұйқысыз кезекшілік ауысымда болу, көптеген хабарландырулар, қоңыраулар қабылдап, басшыларға жеткізу, өрт сөндіру бөлімінің күш құралдарын оқиға орнына жіберуге атсалысу секілді қаптаған тынымсыз тірліктің ортасында жүр.
Біздің мақаламызға арқау болған Шара Шамшатқызы 1984 жылы Жалағашта дүниеге келген. Орта мектептен соң Қызылорда қаласындағы қаржы, құқық колледжінде білім алған. Осындай жауапты бөлімде адал әрі тынымсыз қызмет етіп жүрген нәзікжандылар да, ер азаматтар да көп. Олардың әрбірінің еңбегі ерен деуге болады. Өйткені өрт сөндіру бөлімі оқыс оқиға орнына елден бұрын жетіп, апатты ауыздықтауға күш салады. Бір айта кететін жайт, өрт салдарынан зардап шегу бұрынғы кезге қарағанда біршама азайыпты. Әсіресе қыс айларында қызыл жалынмен жиі бетпе-бет келмейтін көрінеді. Ал көктем шығып, күн жылына бастағанда ауылдық жерлердегі қоражайдың, егістіктің отқа орануы орын алып жатады. Мұндай кезде өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері бар күш-жігерлерін жұмсап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысады. Келесіде өрттің алдын алу үшін халыққа түсіндірме жұмыстарын да жүргізіп отырады.
Ұйқысыз қызметте болатын бұл бөлімнің жұмысы жеңіл деуге келмес. Әлсін-әлсін шырылдаған қоңырауды естіп, алаңдап отырдық. Шара ханым да: «Бүгінгідей тыныш күндеріміз көп болсын. Апаттан аман болайық. Тұрғындардың амандығы – біз үшін ең басты байлық» деп қоғам тыныштығын күзетуді үлкен жауапкершілікпен атқаратынын жеткізді.
Н.АЛМАС