ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙРАТКЕР ҚЫЗЫ
«Даңқты Қызыл Армиямыз бен Соғыс Теңіз Флотшыларымыз гитлершіл азғындар мен еліміздің келешек ұрпақтарының, бақытты жастарының тәуелсіздігі, бостандығы үшін екі жылға таяу уақыттан бері күрес жүргізіп жатыр. Бұл күрес не өлім, не өмір үшін жүргізіліп жатқан күрес.
...Жаудың бұл сияқты әрекеттеріне төзіп отыруға болмайды. Бұларды жер бетінен құрту үшін қандай құрбандықтар мен қандай қиыншылықты болса да бастан кешіруге төзу керек».
Бұл – 1943 жылдың желтоқсанында 2-ші Украйна майданында Қызыл Армия және Теңіз Флотшылары алдында Қазақстан КП делегациясы атынан Шекер Ермағанбетованың сөйлеген сөзі.
Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтерілген Шекер Ермағанбетова өз заманында қатарының алды болған ардақты жанның бірі еді. Бұл кісі аталған қызметтердің соңғысын 17 жыл атқарыпты. Осының өзі оның сол биік орынға әбден лайықты болғанын көрсетсе керек. Өз заманында ерек туған қазақтың қайсар қыздарының бірі – Шекер апамыздың өмір жолы көпке үлгі боларлықтай. Алты баламен жесір қалған шешесі Сырғаның жалшылықта жүргендегі қиыншылығы Шекер апамызды ерте есейтті. Жоқшылықты көріп өскен ол кісі Кеңес өкіметі орнаған соң жаппай сауатсыздықты жою мақсатында жер-жерден ашылған мектепте оқып, хат танып, кейіннен ересектерді оқыта бастайды. Өзінің еңбек жолын өткен ғасырдың 20-шы жылдарында Қызылорда округтік қосшылар одағынан бастаған ол кейін кеңес-партия және ауыл шаруашылығы мектептерін тәмамдап, жаңа өкіметтің қызметіне қызу араласады. Сол бойда алдымен Оңтүстік Қазақстан облыстық жастар комитетінің әйелдер бөлімін басқарады. Осы тұста ол отбасы және әйелдер құқығын қорғау, жаппай сауатын ашып, жауапты қызметтерге тағайындау, білім және мәдени ошақтарын тұрғызу секілді жұмыстардың алдыңғы қатарында жүреді. Қызметке деген белсенділігінің арқасында көп ұзамай Қазалы аудандық атқару комитетінің төрағалығына, одан кейін Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланады. Озық ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеті көптің көңілінен шығып, 1938 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне табаны күректей 27 жыл депутаттыққа, 17 жыл бойы Республика Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасарлығына сайланған. Бұл кісі еңбек жолының ең жарқын кезеңінде 1949 жылы Қазақ өнері мен мәдениетінің Мәскеуде өткен екінші декадасына республика делегациясын бастап барған екен. Сол жолы Нартай Бекежанов бастаған өнер тарландарын Одаққа алғаш танытқан бұл онкүндіктің даңқы жер жарып, делегацияның, өнер иелерінің беделі асқақтай түсті. Бұл тұста да көшбасшы болған Шекер апамыздың еңбегі зор.
Аудан орталығында Мемлекет және қоғам қайраткері Шекер Ермағанбетованың есімі берілген мектеп бар. №246 мектептің іргесі 1975 жылы қаланған. Алғашқы оқу жылында 12 мұғалім ұстаздық етіп, 18 оқушы білім алған екен. Жаңа ұжымды Рсалды Ақмолдаева басқарған. Ең алғаш еңбек еткен ұстаздардың қатарында Абылай Мырзалиев, Аманғали Монтин, Айтбай Жетібаев, Мәлике Әбденова, Қымбат Кәрібаева, Қатша Әбдікәрімова, Дина Мейірманова, Бәйтәй Бисенбаев, Клара Қосынова, Роза Ағарбаева, Ұлжан Жүсіпова, Сәбит Романқұлов сынды білікті мамандар болды. Мектеп тарихында әр жылдары басшылық қызметте болған Рсалды Ақмолдаева, Ғалия Нүркенова, Роза Исахметова, Оспан Есенәлиев, Райхан Әзбергенова, Клара Ілиясова, Жұмакүл Маншарипова, Гүлзат Құрманбаевалардың да қайраткер атындағы білім ошағының өз атына лайық болуына, заманның бейімделген тұлғаларын қалыптастыруда, ауданның білім саласының дамуына сіңірген еңбектері зор. Абырой биігінен түспеген алтын ұяны қазіргі таңда Айнұр Айбосынова басқарады. Аудандағы талай шәкірттердің талабын ұштаған шежірелі мектеп ұжымы әлі де жаңашылдығымен, жемісті жұмысымен, игі істерімен танылуда. Білім ошағында Шекер Ермағанбетова атындағы музей жұмыс жасап тұр. Онда барғанымызда біздің көзімізге түскені Шекер апамыздың соғыс жылдарын еске алған бірауыз әңгімесі болды. Онда заманында оза туған қоғам қайраткері Ұлы Отан соғысы жылдарында, яғни 1943 жылы майдан шебіне барғанын баяндапты. Шекер Ермағанбетова «Украйн майданында жаумен алысып жатқан жауынгерлерге азық-түлік, киім-кешек тиелген эшалонды бастап бару маған міндеттелді. Сонымен қарша бораған оқ астында дивизия жауынгерлеріне сыйлықтарын үлестіріп, алты жауынгерге салтанатты түрде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарын табыстадық. Мұнан соң атқыштар корпусына аттандық. Мұнда да үш күндей болып, 32 жауынгерге грамота табыстадық. Тіпті сол жерде біздің құрметімізге генерал-майор Ғани Сафиуллин барлаушыларға тірі фашист ұстап әкелуді тапсырды. Бірнеше сағаттан соң олар бір неміс солдатын алып келді. Одан кейін біздер гвардиялық дивизияға табан тіредік» деп, сұрапыл соғыс жылдарын еске алады.
Расымен, Ұлы Отан соғысы жылдары барша халықпен қатар қазақ қыздары да жеңіс жолында басын ажалға тікті. Соғыстың алғашқы күнінен бастап олар өз еріктерімен майданға аттанды, олардың алды жиырмадан асса, көпшілігі 17-19 жаста ғана болатын. Сонымен қатар соғыс кезінде еңбекші халық майданға көмектесудің жаңа жолдарын іздеп, жеңіске тез жетуді ойлағаны белгілі. Әйелдер қауымы да жеңісті жақындатуда аянбай тылда еңбек етті. Ер-азаматтар майданға аттанғанда, тылдағы өмірдің бар ауыртпалығы əйелдер мен балалардың мойнына түсті. Əйелдер шаруашылықтың барлық саласында ер адамдардың орнын басты. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап олар қорғаныс қорына өз табыстарының жартысын жіберіп отырды, үй шаруасындағы əйелдер алтын əшекейлеріне дейін берді, жинақтағы ақшаларын, мемлекеттік займдағы облигацияларын, жылы киімдер, майдандағы əскерлерге сыйлықтар жинап, олармен хат жазысып тұрды, майданға көмек мақсатымен жексенбіліктер ұйымдастырды. Осы қарбалас жылдары майданның дәл ортасынан табылған, жауынгерлерге үй ішінен сәлемдемені аманатпен апарған Шекер апамыздың ерлігі тарих бетінде тайға таңба басқандай сақтаулы.
Барлық саналы ғұмырын, ерік-жігерін, білімін елінің дамуына, бейбіт күннің тууына жұмсаған ардақты жанның еңбегі елеусіз қалмады. Ел, халық алдындағы сіңірген еңбектері үшін Шекер Ермағанбетова “Еңбек Қызыл Ту”, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған, Қазақстан Компартиясының 8 съезіне делегат болып қатысып, 4 рет Орталық Комитеттің мүшелігіне сайланған. Елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайын көтеруге айтарлықтай үлес қосқан, Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленген, өз дәуірінің дара тұлғасының есімі тарих бетінен ойып тұрып орын алады.
Шекер Ермағанбетова Бодық Әйімбетов ағамызбен шаңырақ көтерді. Дүниеге екі ұл баланы әкеліп, тәрбиеледі, оқытты, қанаттандырды. Екі баласы да ата-анасы секілді білімге құштар болды. Ғылым кандидаттары атанды. Шекер апамыздай зерек те зиялы жаннан тараған ұрпақтың бөтен болмауы да заңдылық болар.
Қанша жауынгерді жер жастандырған жау оғы, сұм соғыстың көп жылғы зардабы, соның бәрін көзбен көрген апамыздың адал қызметін, табандылығы мен өжеттілігін бір әңгімемен айтып тауысу мүмкін емес. Бұл мемлекет және қоғам қайраткері, гвардияшы, қазақтың батыр қызының бірі – Шекер Ермағанбетова туралы бір үзік сыр ғана.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ