БІЛІМДІЛЕР БАҚ СЫНАДЫ
Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай №201 мектеп-лицейде «Ақпараттық технология – болашақтың бағдары» атты апталық сайыс өтті. Мерейтой иесінің «Өзгеге көңілім толарсың!» әнімен басталған шарада мектеп-лицей директоры Талғат Садықов қатысушыларға сәттілік тілеп, Абай атамыздың тағылымға толы туындыларынан үлгі алуға шақырды.
– Қазіргі уақыт – білімге сенетін шақ. Білімсіз кез келген елдің келешегі қараң. Ал Абай атамыз ілімсіз ілгерілеу мүмкін емес екенін осыдан бір ғасыр бұрын айтып кетті. Сондықтан жастар тек білім игеруге күш салуы керек. Себебі біздің болашағымыз – сіздердің қолдарыңызда. Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру біздің міндет болса, ал ұлағатты ұстаз үмітін ақтау сіздердің борыштарыңыз деп білемін. Бүгінгі сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді білім ошағының басшысы.
Апталық сайыста аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, аталған білім ошағының 5 «Д» сынып оқушысы Әлімбет Ермұхаммед Ұлы ақынның шығармаларын орындады.
ХХІ ғасыр – робототехниканың заманы. Экономикамызды ілгерілету үшін осы салаға терең ден қоюымыз керек. Қоғамдық салалардың барлығын ақпараттандыру, оқу үдерісінің қарықынын жоғарылату бүгінгі күннің басты талабы. Осы орайда оқушыларға ғылыми-техникалық білім берудің робототехника саласының өзектілігі артып келеді. №201 мектеп-лицейде «Роботтехника» үйірмесі 2017 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұғалімдер «Lego» роботтары негізінде дәріс береді. Үш жылдың ішінде білім ошағының оқушылары аудандық, облыстық сайыстардың жеңімпазы атанды. Білім ошағының информатика пәні мұғалімі Марина Ахметова ұйымдастырған апталық сайыста да оқушылар аталған салаға қатысты түрлі сұрақтарға жауап берді. Шара соңында жеңімпаздар марапатталып, арнайы дипломдарға ие болды.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ