Дәстүрімізді дәріптейік

Айтпағымыз да осы төңіректе еді. Қай күні редакциямызға келген Әбжәлелов Әбулайыс ағамыз осы жайында ой қозғап, бір мәселенің шетін шығарды. «Бұрындары қазалы үйге көңіл білдіре барған ер адамдар аулада қаз-қатар тұрған марқұмның жақындарына оң қолымен амандасып, сол қолымен білегін жай ғана қысып, қайғысына ортақ екенін білдіретін. Ал қазір жағалай тұрған адамдардың барлығымен құшақтасып төс түйістіріп, иық қағысып шығатын болыпты және бұл жаңа дәстүрдің қашан пайда болғанын білмеймін, әйтеуір қазір ел ішіне дендеп кеткен. Оны айтасыз, сол ер адамдар тобы үйге кірген соң жағалай жоқтап отырған әйелдермен де құшақтасып көрісетінді шығарыпты. Олардың арасында былайғы күндері құшақтамақ түгіл, қолын ұстауға болмайтын келіндер немесе бейтаныс келіншектер отырады. Әрине, қайғыдан көкірегі қарс айырылып отырған жанды жұбату – жақындықтың, жанашырлықтың белгісі. Алайда оның да өз жөні бар...
Бұл әдет бұрындары Сыр өңірінің өлік жөнелту дәстүрінде жоқ еді. Қоғамның ығына қарай жаңа әдет-ғұрыптар өзгере беретін шығар, бірақ дәл осы дәстүрдің қазалы жерде діни тұрғыдан да, салт-дәстүр тұрғысынан да ешқандай мән-маңызы жоқ. Сондықтан шариғатқа құлақ түріп, бабалар жолынан ауытқымағанымыз абзал», – дейді ағамыз.
Иә, ел ағасының айтып отырған сөзінің жаны бар. Бүгінде бізде тек қазаға көңіл айту, көрісу дәстүрі ғана емес, шариғат жолымен, оның ішінде өзіміздің ханафи мәзхабының негізінде орындалатын діни рәсімдер төңірегінде талас-тартыстар көп. Сонымен бірге осы уақытқа дейін қазақ тұрмысында жасалып келген салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың да өңі өзгеріп бара жатыр. Бұл мәселелер тек мешіт имамының пәтуасымен немесе сол жергілікті жердің әкімінің жарлығымен шешілмейді, бұл іске бабалар жолын ұстанған абыз ақсақалдар мен жөн білетін ел ағалары араласып отыруы тиіс.
Қуат АДИС