» » ҚОЛДА БАРДЫҢ ҚАДІРІ ҚАШПАСЫН ДЕСЕК...

ҚОЛДА БАРДЫҢ ҚАДІРІ ҚАШПАСЫН ДЕСЕК...

«Өткенсіз бүгін жоқ» деген қанатты сөздің астарында үлкен салмақ жатыр. Тарих – қай мемлекет үшін де сарқылмас байлық. Сондықтан әрбір ел оны жинақтауда барынша шынайылыққа басымдық беру қажет.

Жалпы тарихи дүниелерді бүгінгі буынның санасында жаңғыртуда жүйелілік керек. Қуақы тілмен, сатиралық қойылымдармен оны өскелең ұрпақ жадында жаңғыртамын деу бос сөз. «Жарты әлемді жаулаған» деп атына менмұндалатып айдар таққан Жайдарман деген жастардың сайысы бар. Айдарына лайық болса болған шығар, бірақ біздегі оның ойыншыларының қойылымына арқау еткен дүниесіне қарап күмән келтіресің. Кейбірінің тіпті күлдіремін деп күлкі болып жатқанын қайтерсің.
Әлгі сайыста «Үй тапсырмасы» деген бөлім бар. Мұнда көбіне қойылымның уақыты сәл ұзақ болуы шарт. Бір жылдары ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы сол бөлімге келгенде жастарға тарихи оқиғаларды қойылымға арқау етуді тапсырмасы бар ма. Шыны керек, бұл сайысқа келгенде жастар тек өздері күлкі болумен шектелмеді. Жалпы қазақтың намысын таптауға дейін барды десек, қателеспеспіз. Қай ханның тұсында бас уазір алқаш болып еді? Қай ханның тұсында «Түнімен ішіп едім басым сынып тұр, жауға өзің шап» деп батыр әміршісінің әміріне немқұрайлы қарады? Өкініштісі, әлгі қойылымдарға осындай арзан дүниелер арқау болды. Ал көрермен сатираға құрылған көріністен естіген әзіліне мәз. Осындайда қаншама адамның ішінен тарихымызды таптап, ерлерімізді езге балаған жастардың бұл ісіне ренішін білдіретін талғампаз көрерменнің шықпағанына қынжыласың. Арланбаймыз-ау, онымызбен шектелмей әлгі жастардың шала ойынан пайда болған дүниені мемлекеттегі жалғыз ұлттық арнамен барша отандастарға жолдайтынымызды қайтерсің.
Жақында әлеуметтік желіде бір қысқа метражды фильм көрдім. Сонда жорықтан қайтып бара жатқан сарбаздардың бірі жолайырыққа келгенде қандастарымен қоштасып, үйіне оралады. Шапқан елінен қос бұрымдыны олжалай келген батыр үйіне келгенде әйеліне оны айтуға бата алмай тұр. Не керек, соңында нәзікжанжылар келген ізімен кете барады ғой. Ойлаңызшы, біз мұндай дүниелермен өскелең ұрпаққа не тәрбие береміз? Жеткіншектердің өскенде жарының қабағын бағып отырғанын қалаймыз ба, әлде мемлекет ісінде немқұрайлылық танытатын баланың қалыптасқанын құп көреміз бе?
Тарихшыларымыз шет елдердің мұрағатында жатқан мол мұра­мызға қол жеткізуге күш салып жатыр. Ал біз қолда бардың қадірін қашырып әлекпіз. Барды бағалай білген елдің бүгінгі ұрпағы неге ұсақ дүниеге құмар? Рас, әлгі қойылымдардың соңында «Біз қайсар елдің ұрпағымыз, намысымызды ешкімге таптатпаймыз» деген сияқты қанатты сөздер әзілкештердің аузынан шығып жатады. Өкініштісі, «Ешкімге намысын таптатпайтын елміз» деп тұрған өнер адамы оған дейінгі сахнадағы оғаш тірлігімен өз намысын өзі жерге ұрғанын аңғарса дейсің.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

11 наурыз 2020 ж. 329 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930